Қожбанбет би есімі берілді

29.03.2019ж

Наурыз айының 20-сы күні Жаркент қаласының солтүстік жағындағы «Жаңа құрылыс»  аумағындағы  бір көшеге Қожбанбет би  атын беруге байланысты  салтанатты шара өтті. 

  Көше ортасына сахна орнатылып, мерекедегідей безендірілген. Орындықтар қойылып, салтанатты шараға келушілерге қолайлы жағдайлар жасалынған.

 Көшеге Қожбанбет би атауын беруге байланысты өткізіліп отырған шараға  қала тұрғындары мен алыс-жақыннан арнайы шақырылған азаматтар қатысты.

 Шара барысында  Қожбанбет би туралы баяндаманы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуіт  жасады.

 Ұлы жүздің ұрпағынан дара шыққан, қара қылды қақ жарып билік құрған Қожбанбет бидің үлкейтілген суреті  сахна төріне ілінген.      Баяндамада  Қожбанбет бидің әділдігі, халқына деген жанашырлығы толық айтылды.

 Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Р. Мағрупова  сөз алып, барша көпшілікті көше мерекесімен  құттықтады. Сондай-ақ  көшенің қариясы А. Ашимовқа «Абзал қария» атты лента тағып құрмет көрсетті. «Үлгілі аула» абаттандыру жағынан үлгілі үй иесі М. Исабеков марапатталды. «Көп балалы ана» Б. Дүйсебекова және Алтынсарин атындағы  орта мектептің «Үздік оқушысы»  Әнуар Аружан  марапатталса, сүндетке отырғызылған С. Елдосұлына  сый-сияпат көрсетілді. Көше тұрғындары  арасындағы  мүгедек, аз қамтылған  отбасыларға да сый-сияпат көрсетілді.

 Бабамызға жыр шұмақтарын арнау үшін ортаға жас  ұландар шықты.

 Қожбанбет Ебейұлының түп негізі атақты  би – шешен, батыр бабалардан шыққан. Батыр мінезді, жастайынан талай дау – дамайдың  түйінін шешкен, алғыр, шешен болып халық құрметіне бөленген.  Ол 20 жасынан бастап «Би»  деген атты арқалады. Тезек төре өзінің 12 биінің бас төрешісі етіп алған.

 Көше мерекесінде  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері,  Халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,  Алматы облысы мен Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Б. Нұржекеев, Алматы облысының «Құрметті азаматы» облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Келемсейіт, Іле, Панфилов  аудандарының «Құрметті азаматы»  Б. Абдулдаев сөз сөйлеп, өз ойларын көппен бөліссе, ал, ақын, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі И. Үркімбайұлы жырдан шашу шашты. Сондай-ақ ақын әрі жазушы, Алматы облысының «Құрметті азаматы»   Ә. Төреханұлы  мен  бидің ұрпағы Н. Сәкімбекұлы  Қожбанбет би туралы  деректерге тоқталды.

   Шара барысында осы іске ұйтқы болған  азаматтарға сый-құрмет көрсетілді.  Көше меркесінде ескерткіш тақта ашылып, әжелер шашу шашып,  аудан көркемөнерпаздарының  концерттік бағдарламасы және Д. Рақышев атындағы халық театр әртістерінің сахналық  қойылымдарына ұласты.

   Қожбанбет би  атындағы көшенің ашылу салтанатынан кейін  оған қатысушыларға  «Лотос» дәмханасында ас  берілді.

Б. Жұмағазы.

 

Күнтізбе

« Қыркүйек 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net