ҚАРАСАЙ, МАЙЛЫҚАРА

12.04.2019ж

Жерұйығы атанған Жетісу өлкесінің ең шұрайлы аймағының бірі - Жаркент өңірі.  Оған Қарасай, Долаңқара, Қызылқия, Қосқолаң деген атаулар айқын дәлел.

     Қарасай шатқалын "Көшқолаң" атап кетуі ерте кезде "Үшарал", "Ақарал", "Даңғырлақ", "Қызылеспе", "Қызылжар", "Әулиеағаш", "Ақши", "Көктал", "Қызыл жиде", "Аққұдық" елді мекендерді тұрақтанған жергілікті халықтар Үйгентас - Бел, Ақтасты, Суықтың сайы, Желтимес, Көккезең, Майлытөбе, Қызылқия, Ордың бұлағы сияқты жайлауларға түйемен, атпен, өгіздерге жүк артып, арба шегіп осы Қарасай  (Көшқолаң) сайымен көшіп қонған, осыған қарағанда Қарасайдың төл аты Көшқолаң деген сөздегі "ш" әрпінің орнына "с" әріпі ауысып, Қосқолаң болып кетуі мүмкін.

    Қарасайдың Көшқолаңының батыс жағы "Шыңырау" асуымен, ал шығыс жағы "Ақдала" жазығы қойтас арқылы Өссек (өзек) өзенімен   шектеледі. Кезінде  атақты қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов осы "Ақдала" Қойтасты басып өтіп, Қашқарияға сапар шеккен. 1646 жылы қалмақтың Қоңтайшы батыры әскер жинап қазақ елінің шығыс жағынан шабуыл жасаған. Сол кезде Жәңгір  Қарасай батыр мен Ағынтай батырдың жасақтарын осы Қарасай шатқалына және Қызылқиядағы Ордың бұлағында болған қақтығыста жау жағы жеңіліске ұшырап, Жәңгір батырлары үлкен жеңіске жетеді.  Қарасай шатқалының бұрынғы табиғи аты Қосқолаң болған.Осы жерде Қарасай батырдың бағы жанып, жеңіске жеткеннен кейін Қарасайды жауды жеңген жері Қос шатқалдың арасын батыр құрметіне Қарасай аталып кетуі мүмкін. Шындығына келсек, азаннан шықса намаздыгер шамасынды Қосқолаңға  ( Қарасайға) жетіп қонатыны анық. Балғабек Қыдырбекұлы тағы да былай дейді: "Қосқолаң ұрысқа әдейі таңдалған жер еді, өйткені қазақ жері терең өзен арнасының иегіне асыла жатты. Ал қалмақтар келер жақ бақырайып көрініп тұратын беткей еді" дейді. Осындағы терең сайы Қосқолаң сайы өзені - Бурақожыр өзені. Ал қарсы беті Ақдаланың батыс жақ жар қабағы болуы мүмкін.

       Майлықара неге Долаңқара атанды деген сұраққа мынандай айғақты ұсынғым келеді. 1951 жылы студент кезім. Жаз жайлау Үйгентас бел жайлауында 1900 жылы арғы-бергі жағында туған зерделі, сұңғыла, оқығаннан тоқығаны көп ауыл ақсақалдары Салпық немересі   Жақыбайұлы Нұрғали Әбілғазы Жантүгенұлы, Жанғазы болыстың немересі Шаяхмет сияқты қариялармен әңгіме    сұхбат   кезінде     Әбекеңнің   (Әбілғазы) ауызынан мынандай өлең шумағы шығып мені еріксіз сұрақ қоюға итермеледі.

        -Жұғымды бетегесі Майлықара ,

         Жайылым төрт түліке жайлықара,- деп жер, су аттарын шұбырта жөнелді. Мен аз кідіріс арасын пайдаланып: "Ата, жаңағы сіз айтқан Майлықара деген жер Долаңқара емес пе? Ел аузында "Атыңнан айналайын Долаңқара, ерте тұрып атыңның жалын қара" деген өлең бар сияқты", - дедім. Сонда Нүкең мен Әбекең жарыса сөйлеп "Долаңқара қалмақтың аты, ол дөң бұрын Майлықара болатын, ертерек заманда сан рет болған қазақ - қалмақ шапқыншылығында осы дөң айналасында үлкен қантөгіс , соғыс болып қалмақ батыры Доланқараның басын қазақ батырлары  алған, содан барып Долаңқараның басын алған жер "Долаңқара" атанып кеткен. Бұл негізінде, қазақтың жері. Қарағым ондай қалмақ атаулары бізде көп қой", - деген еді.

       "Қазақ батыры" газетінің 1991 жылғы 29 қарашасындағы санында жазушы Мұхаметжан Етекбаевтың "Ұран болған Қарасай" деген мақаласында жоңғардың Дәржі, Қожамжар, Долаңқара батырларының басын алған Қарасай батыр дейді. Кей әңгімеде Долаңқараны өлтірген Қабанбай батыр деп те айтылып жүр. Ал, жазушы Балғабек Қыдырбекұлының " Қазақтың Қарасай батыры" деген мақаласында  Долаңқараның басын жекпе- жек шайқаста Бөлек пен Сатай алған деген Мұхаметжан Етекбаевқа қарсы дәлел айтады. Менің бұл жердегі екі жазушының пікірін келтіріп отырғаным Доланқараның басын Қарасай алса да, Қабанбай алса да, Бөлек, Сатай алса да, бәрі бір қазақ батырлары алғаны анық. Доланқараның басы алынған жер "Жаркент Арасанның  "батыс жағындағы Майлықара дөңі екендігі анық. Ал дәл осы маңда Суан батырлары Бөлек пен Сатайдың қалмақтарға қарсы сан рет шайқасқаны тарихтан белгілі.

                      Әдепхан  Төреханұлы ,

                                 ҚР Жазушылар одағының мүшесі,

                                ҚР мәдениет үздігі.

Күнтізбе

« Қыркүйек 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net