ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ - ӘЛЕМДІ ҚҰТҚАРАДЫ

01.05.2019ж

Адамға бақыт сыйлай алатын нәрсенің барлығы тегін. Олар – шынайы сезім мен жылы сөз, жаныңда жүрген жақын жандардың махаббаты.

    Осы айтылғанның барлығы тым қарапайым қасиеттер болғанымен, шынайы өмірде екінің бірінің қолынан келе бермейтіні өкінішті. Қазіргі таңда қасыңда жүрген жандардан бөлек, тіпті туған-туысымен қарым-қатынасын үзіп, күйбең тірлікке алдана өмір кешкендер қаншама...

       Қоғам өзгерді деп дабыл қағамыз. Бірақ, өзгерген қоғам емес - адам. Яғни адам қоғамды өзгертуге ұйытқы болуда. Осының барлығын ақылға салып ойланып көрейікші. Осы кезде өмірдің қаншалықты тамаша екендігі, табиғаттың әрбір тылсымдарының өзі өзгеше екендігі, қасыңыздағы әрбір адамның өзіндік орны бары, олардың бізге қаншалықты керек екендіктері есімізге түседі. Иә, өйткені өмірдің жалған екенін барлығымыз іштей мойындайтындығымыз ақиқат.

                Жуырда жолымыз түсіп өңірдегі керемет мекеннің бірі Жаркент Арасанға бардық. Мақсатымыз - осы жерде өткен қайырымдылық шарасына қатысу еді. Атап айтқанда осы шипажайда республикамыздың түпкір-түпкірінен келген әртүрлі санаттағы мүмкіндіктері шектеулі бүлдіршіндер ем алуда. Осындай балаларға көмек көрсетіп, ем-домына қолдан келгенше жәрдемдесіп, оларға бір сәттік қуаныш сыйлау үшін түрлі шараларды ұйымдастырып, қоғаммен араласуларына мүмкіндік сыйлап жүрген қарапайым жандармен танысып қайттық.

                Солардың бірі, Іле ауданының қарапайым тұрғыны, қазіргі таңда зейнет жасында отырған ардақты ана Сәуле Ахметқызы мен Талғар аудандық мүгедектер қоғамының жетекшісі Назгүл Рысбаева. Сәуле қажы мен Н.Рысбаева өз аудандарынан «Жаркент-Арасан» шипажайына бірнеше мүмкіндіктері  шектеулі жандардың денсаулықтарын нығайту  мақсатында  алып  келген.

                Олар өткен аптаның қасиетті жұма күні аталған шипажайда емделушілермен бірлесе үлкен ас беріп, мүмкіндіктері шектеулі балаларға сыйлықтар үлестірді. Осы ас өткізілуге барлық емделуші азаматтар өздерінің шама-шарықтары келгенше қаражат жинаған. Жиналған қаражаттың жартысына дастарханға қажетті ас алынса, жартысына балаларға арналған сыйлықтар алынған. Көпшілікке ой салар жұмадағы ас барысында үлкендерден бата алынып, тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтылды.

                Сондай-ақ осындай қайырымдылық шарасының ұйымдастырылуына себепші болған тағы бір жанның бір - есімі жалпы қазақ жұртшылығына ғана емес, әлем елдеріне танымал тұлға Жан ата. Балалар үйінде өсіп, тәрбие алған ИВАНОВ ИВАН ИВАНОВИЧ  көпшілікке Жан ата есімімен танымал.

                «Адамның пиғылы мен санасы тазармай – сырқатсыз өмір сүруі  мүмкін емес», -деген қағиданы ұстанатын Жан ата  75 жасында ағаш кесіндісін серпе көтеруден рекорд жаңартқан. Мұндай  жаста рекорд орнатып, бүгінде сексеннің сеңгірінен асса да ер-жігіттің күш қуатына ие болуының бар құпиясын ол күнделікті тынымсыз жаттығудың арқасы дейді. Ал, жастайынан спортпен шұғылданып, 1-1,5 сағат уақытын отырып-тұруға арнап өскені осындай жасқа келіп рекорд жаңартуға, өзін тың сезінуге себепші болғанын айтады. Ол жастық шақтан қалыптасқан «өзінің дәстүрлі өмір салтын» (спортпен шұғылдану) әлі де ұстанып келе жатқанын айтып өтті. Ол әлемнің 67 елінде болған. 12 бүркеншік есімі бар. Кезінде өзінің қырағылығының арқасында кеңестің арнайы тапсырмасын да  орындаған. Тіпті қасымда тұрған әріптесім Нұрболға «5000 рет отырып-тұруға» қолқа сала әзілдеп, жастардың спортпен шұғылдануларының адам денсаулығына тигізер пайдасы орасан зор екендігін атап өтті.

                Осы мақалаға арқау етіп отырған кейіпкеріміз спортпен қатар ғылым-білімнен де хабары мол. Том-томдаған тарихтан да жаңылмайды. Тибет елінде 5 жылдай болып философия, психология, мектепке дейінгі психология, медициналық психология, діни психология,    салыстырмалы психология, социалды психология, оперативті   психологияны, гипноз, ой терапиясы, медитацияны жіті зерттеген. Акупруксура, хиромантия, шамандық пен шөп дәрілермен емдеу жолдарын үйренген. Мәселен, хиромантия – адамның алақанына қарай отырып, адамның жай-күйін анықтау. Демек, адамның бас бармақсыз 4 саусағы жылдың 4 мезгіліне теңеледі. Балан үйрек саусағы – зәр шығару жүйесіне, ортан терек саусағы – ас қорыту бөліміне, шылдыр шүмек саусағы – тыныс алу мүшелеріне, кішкентай бөбек саусағы – жүрек-қантамыр жүйесіне жауап береді.           

                Саусақтағы белгілі бір нүктелер арқылы сол мүшелерге әсер етуге болады.    Акупруксура ілімі инемен емдеу және рефлексті емдеу сатыларынан құралады. Адамның шашына, бет терісіне, қолына қарап адамның басынан қандай оқиғаның өткендігі, өмірде қандай адам, көңіл-күйін тез біліп алуға болатынын айтты. Яғни, адамның тұрған тұрысы мен жүрісі, шашы және алақанына қарау арқылы сіздің мінез құлқыңызбен қатар денсаулығы туралы да толымды ақпарат айтып бере алады.

                Жан ата кітап оқуды жақсы көреді. Оның айтуынша кітап адамға рухани азық сыйлап, мәдениет пен тәрбиені терең ұғынуға жетелейді. Мұнымен қоса, қырағы тәртіпті жаны қалайтын генарал ағамыз адам баласы өмірдің қандай кезеңінде болмасын адам болып қалу басты парыз екендігін ескертеді.

                П/С: Өзінің өмірлік дара жолы кім-кімге болсын үлгі болар Иван Ивановтай атамызды алты алаштың ұрпағы - Қазақ  халқы танып, білуі керек деп есептейміз. Жанына қарапайымдылық, шынайылық сынды қасиеттерді серік етіп, адамның басты байлығы - денсаулықты дәстүрлі өмір салтын ұстана отырып жақсарту жолын жастарға үлгі еткен осындай жандар бүгінгі ұрпаққа үлгі болары анық.

Ақмарал ХАМЕТЖАНОВА 

Күнтізбе

« Тамыз 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

booked.net