Таңғажайып жеті саны және ұлы дала ұлағаттары

13.06.2019ж

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын үшінші сынып оқушысы болсам да жете түсінемін.

    Мектеп табалдырығын аттағаннан бері қазақтың киелі сандары туралы өтіп келеміз. Соның ішінде жеті саны жайлы айтқанда жеті нан, жеті күн, жеті қазына т.б айтатын едік.

    Биыл  апайымыз ұлы даланың жеті қыры дегенді түсіндірді. Енді  жеті санына қатысты айтқанда осы жеті қырды да айтып отырмыз деді.

     Ұлы даланың жеті қыры жайлы әр сабақта кездестіріп отырамыз. Жақында әдебиет пәнінде Қастек Баянбайдың «Атқа міндім» өлеңін оқыдық. Ауылда тұратын болғандықтан сыныптас ұлдар атқа қалай міну керек, ат әбзелдері, аттың жасы туралы мүдірмей жауап берді.

     Алғашқы адамдар металдардан ыдыс аяқ, қару жарақтарын, түрлі қолөнер бұйымдарын жасаған. Тайқазанды жасағанда да жеті түрлі металл қоспасын пайдаланған екен. Алтын адамның үстіндегі алтыннан жасалған әшекейлердің суретін  көргенде ата бабаларымыздың баяғы заманнан металдарды өңдеу әдістерін жақсы меңгергені  көрінеді.

     Дүниетану пәнінен түркілер және олардың өмір сүру салты тақырыбын өткен кезде олардың көк бөріге табынғанын, тәуелсіздік монументіндегі қанатты барыс аң стилі өнері  екендігін  білдік. Еліміз егемен  Қазақстан  символы ретінде қар барысын алған.

     Мемлекеттік рәміздерден басқа ресми емес нышандар болатынын жақында өттік. Оған Астана нышаны-Бәйтерек, заманауи Қазақстанның нышаны-Мәңгілік ел, ұшар басында «Алтын адам» қанатты барыстың үстінде бейнеленген Тәуелсіздік монументі жатады. Ал  «Алтын адам»  Қазақстанның ұлттық нышандарының бірі болып табылады. Осындай «Алтын адамның» біздің жерімізден табылғанын мақтанышпен айтамыз. Және ол ұлы даламыздың жеті қырының бірі ретінде алынып отыр. Ал мен өз аймағымның ресми емес нышандарының таңбасын ойлап тауып сал деген тапсырмада мақтанышпен Жаркент жеріндегі Әулиеағаштың суретін салдым. Кейбір сыныптастарым бір шегесіз салынған Уәлибай мешітінің бейнесін салды.

     Тарихты білмей болашаққа қадам жасай алмаймыз, сендер кіші сыныптан бастап сақтар, ғұндар, түркілер жайлы оқып жатырсыңдар, бұл өте жақсы дейді атам. Иә, біз түркілердің әскерлері шығысында Ұлы Қытай қорғанына, батысында Қара теңізге дейінгі ұлан-байтақ өлкені  басып алып, билік жүргізгенін, қалалар салынғанын, қолөнермен айналысқанын оқып үйреніп жатырмыз.            Енді апайымыз атақты тұлғаларымыздың осы көне қалаларда өмір сүріп, бізге мол мұра жазып қалдырғаны жайлы өтетінімізді хабарлады. 

     Ұлы даламыздың алтыншы қыры Ұлы жібек жолы. Мен осы Ұлы жолдың бойында мекендеп жатқанымды мақтанышпен айтамын. Себебі ауданымыздың  экономикасы дамып, одан әрі құлпырып, гүлденіп келеді. Жаңадан небір сауда орталықтары, базарлар ашылып жатыр. Темір жол, көліктер жүретін жолдар салынды. Жаркентте Жібек жолы  даңғылы бар.

     Мен Лесновка ауылында тұрамын. Аты айтып тұрғандай ауылым тоғайлы, сулы жер. Ауылымыздағы әрбір үйде алма, алмұрт, көп жерде өсе бермейтін грек жаңғағы өседі. Соның ішінде апорт ең тәттісі. Ал дала қызғалдақтарын қырдан тереміз. Бұл  Ұлы даланың жетінші қыры.

     Осы асыл мұраларымызды  кішкентай кезімізден біліп, үйреніп, дамытуымыз керек. Ол үшін көп оқу, іздену қажет деп  ойлаймын.

Алмас Алина,

Д.Рақышев атындағы

орта мектептің

оқушысы.