Қойнауы тарихқа толы киелі мекенде

05.07.2019ж

Туған жерді тарихымызды тереңнен таныстыру мақсатында Ынталы ауылдық клубының директоры Әткей Әжібеков, әріптестері Елтай Қожақов, Қуаныш Әуесбаевтардың ұйымдастыруымен Ынталы ауылында  тарихи семинар болып өтті.

      Бұл аудандық семинарға Қоңырөлең ауылдық округінің мәдениет қызметкерлері, ауылдық округ әкімінің орынбасары Ғ.Дәуренбекова, округ амбулаториясының бас дәрігері С. Зейноллақызы, Аманбайұлы атындағы орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Жанұзақов, Ынталы ауылдық кітапханасының кітапханашысы Б.Адамқұлова, орман шаруашылығының инспекторы Е.Салқынбаев тағы да басқа  қызметкерлер мен оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты.

     Аманбайұлы атындағы орта мектебінің алдынан бастау алған семинар мектеп оқушылары және Айжан апайдың жетекшілігімен құрылған «Қазына» әжелер ансамблінің «Шашу» әнімен келген қонақтарды қарсы алды. Одан әрі арнайы осы тақырыпқа сай безендірілген білім ордасының ішіндегі кабинетте семинар жалғасын тапты.

     Семинарды ашып, жүргізіп отырған «Қызғалдақ» балабақшасының  тәрбиешісі Б.Боранбаева  мектептің оқушысы Айшұақ Тұралының «Табиғат сыйы – Найзатапқан» атты ғылыми жобасымен таныстырды. Осы ғылыми жобаның жетекшісі, ұстаз А.Жетпісбаева және байырғы кітапханашы-зейнеткер Ырысгүл Макеева  аймақ тарихынан  сыр шертті.

    Іс-шара жалғасы табиғат аясындағы Найзатапқан бұлақтарын тамашалап, орманшы Ербол Салқынбаевтың осы аймақ тарихын таныстыруымен жалғасты. Осы аталмыш жердің тұмса табиғатының кереметін көзбен көргенімізше асық болдық.

    Өңіріміздің Кербұлақ ауданымен шекаралас қоныс тепкен Ынталы ауылының бөктерінде орналасқан Аламан тауының шатқалындағы «Найзатапқан» шипалы бұлақты - Арасанды естігенімен ол жерді көзбен көрген адамдар ауданымыздың өзінде саусақпен санарлық екен.       Осы киелі мекен туралы мынандай аңыз бар деседі... Ертеде сонау Жоңғар шапқыншылығы жылдарында сұрапыл жаудың бетін қайтарған қазақ батыры ауыр жарақаттанып, өлім қаліне жетеді. Осынау қиын-қыстау жаугершілік кезеңінде  батырымыздан айрылып қалсақ не болармыз деген ой қасындағы нөкерлерін қатты ойлантады.           

       Жоңғар Алатауын бөктерлей келе батыр мен қажыған нөкерлері мөлдір бұлақтың үстінен түседі. Бұлақтың суын ішіп, басындағы батпақтарын жараларына жаққан батыр мен нөкерлері дерттерінен бірте-бірте айығып, атқа қона     бастапты. Бұлақтың тектен-тек емес бір қасиеті барына көзі жеткен батыр дерттеріне шипа іздеген адамдар болса осы бұлаққа келіп, індеттерінен сауығып кетсін деген оймен ескерткіш белгі ретінде найзасын таудың шыңына қадап кеткен деседі. 

       Уақыттар өте келе емдік бұлақ ел аузына тарап, жанына шипа іздеген адамдар қарасы көптеп іздеп келе бастапты. Міне, осы оқиғадан кейін бұл қасиетті  жер ел арасына «Найзатапқан» деген атымен қалған екен.

       Ал, уақыт өте шамамен 1920-1930 жылдары Кеңес өкіметі дәуірлеп  тұрған заманда ол жер Ібіке деген қарт кісінің қыстауы болған екен. Бұл жерде медіресе-мешіт  болған деседі. Бірақ Кеңес заманы тұсында ол мешіт жойылып кеткен.

       Халық осы бұлақтардың шипасын естіп, көптеп ағылып, қона жатып ем ала бастаған соң, Кеңес заманында бұл жерге келуге тыйым салынған екен. Алайда халық жасырын келіп, қасиетті батпақтарымен емдеріне шипа алып жүріпті. Себебі мұнда көбіне жарақаттарға, теріде болатын кеселдерге емдік нәтижесі болғасын мұнда келушілер  сауығып, қайтып жатқан еді.

       Найзатапқан суы мен батпағының физикалық құрамын 1965 жылдары дәрігер Әсперов Құрмаштың ұйымдастыруымен Қазақ ССР Ғылым академиясынан ғалымдар шақырылып, зерттеулер жүргізілген. Зерттеу нәтижесі бойынша бұл Арасан суының температурасы 18 С – 20 С  ден ауытқымайды және химиялық құрамы Кавказдағы Есентуки, Грузиядағы Боржоми, Сухуми курорттарының суларымен сәйкес келеді деп анықтама берген. 

       Жалпы бұрын 27 түрлі бұлақ көзі болған екен. Қәзіргі кезде олардың ірілі-ұсақты 11  бұлағы ағып тұр. Олар асқазанға, тыныс жолдарына, көз,  тері, іш қатқанға, баспаға, өт жолы ауруларына, қан қысымы, әйел кісілердің түрлі жыныс ауруларына, құяң ауруына, аяқ-қол қақсағанда, ревматизм, тұз байланғанда, сал ауруларына бұлақтары мен батпақтары жеке-жеке ем болады екен.

       Асқазан ауруына шипалы бұлақ суының түсі ақшыл кәдімгі су құрамынан қою, түбінде ақ тұнба түзіліп, дәмі мен исі де дәл құстың жұмыртқасына ұқсас болып келетіні бізді таң қалдырды. Химиялық құрамында белок, май, көмірқышқылы бар. Көз  аурларының шипалы бұлағы түсі  көкшілдеу,  майлы, құрамында сынабы бар бұлақ түбі судың күн сәулесімен шағылысып жылтырап жатады.

       Бір қызығы  бастаулар  бір-бірінен жақын орналасса да олардың құрамы әртүрлі, әр бастаудың өз шипасы бар. Осындай әр бұлақтың қасиеті мен құрамы бөлек болып келеді екен.

       Сонымен қатар өзі жеке тұрған бір бұлақ көзіңізге ерекше шалынады. Ол бұлақ басындағы батпақтарының құрамында сүлік бар. Сүлік жаман қанды сарысуды сорып, ағзаны тазартып, қан қысымын реттейді. Құяң, буын ауруларынан арылуға көмектеседі екен.

       Жалпы бұл тау бөктері тәніңді ғана емес, жаныңды да дертінен тазартып,  көңіліңді көтеріп, жүрегіңді таза ауамен емдейді. Таудың самал желі мен ауасы, бұрқыраған шөптердің исі, алпыс екі тамырыңызды иітіп, бойыңызға  күш қуат береді.

       Киелі мекен Найзатапқан Арасанының шипалы бұлақтары мен  тау қойнауының тарихынан сыр аңдатқан бұл саяхат барған қонақтарды тек қана таңдай қақтырып қана қоймай, ауданымызда осындай сырға толы тарихи мекендер бар екеніне көз жеткізді. Біз бұл арадан  мақтаныш сезіммен қайттық.

Мәулен  Керімбеков.

 

Күнтізбе

« Шілде 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net