Үкілі серуен

26.07.2019ж

Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде Панфилов, Кеген, Райымбек аудандарының қатысуымен Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Үкілі серуен» байқауы болып өтті.

     Бұл байқауда қазақи нақышта тігілген қол өнер туындылары таныстырылды. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған емес. Ұлттық киімдер қәзіргі уақытта, заманға сай жаңа әдіс-тәсілдермен тігіліп, өзіндік бұрынғы элементтерін ұмытпай қазақ киімдерінің қорларын молайтуда.

 

                Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен  бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Қазақ халқының қол өнерінің бір саласы - киім тігу. Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір - қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі тұрмыста ыңғайлылығымен де қолайлы болған.

                Ұлттық киімдеріміз тазалық сақтауға, адам денсаулығына, ауа     райының ыстық-суығына    байланысты тігіліп, маталарына мән берілген. Киім - адамның талғам-тәрбиесінің көрінісі. Адам болмысын аша білетін қазақи нақыштағы үлгідегі киім таңдай білу де бір өнер.

                Қазақ киім үлгілерін күнделікті тұрмыстық және салтанаттық сәнді деп бөлуге болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілетін, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді әшекейлі киімдерді атаған.                 Қазақ халқының салтында ер жігіт ел қорғап майданға аттанарда матаның ең таңдаулысы мен сапалысынан кеудеше мен жұқа тор сауыт тігілетін болған.

                Күнделікті тұрмыста көйлек, желетке, кәзекей, шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем, шекпен, қаптал шапан, ішік сияқты киімдер тігілген. Осы киімдер  жібек, матадан, түйе жүнінен, Құлан, Ақбөкен, Жанат, Бұлғын, Қасқыр, Күзен сияқты аң терілерінен түрлі туындылар жасалған. Ішіктердің сыртын сәндеуге барқыт, атлас, жібек, манат, қырмызы сияқты бағалы ширақы маталармен тыстап сәндеген.

                Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі негізінен көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, камзол, кәзекей деп аталған. Қыз балаларының  киімін құндыз, кәмшәт терісімен жиектеліп, бөріктері алтын маржандармен әшекейленіп, сәнді алқаларымен көк құтанның немесе үкінің үлпілдек қауырсындары тағылып сәнделген. Неғұрлым өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленетін қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі - сәукеле өте сәнді болып, ерекше мән беріліп тігілетін болған. Әшекейлері алтын, күміс, асыл тастардан қалыпқа құю, нақыш қондыру, қалыптау, зергерлеу, інжу қадау, ою салу сияқты түрлі зергерлік әсемдеумен дайындалған. Мұндай сәндік бұйымдар Қазақ халқының ұлттық киім үлгілеріне ерекше әр беріп, көріктендіреді.

                Жалпы алғанда қазақ киімдері етек-жеңі мол, қарапайым, тұрмысқа және жүріп тұруға үйлесімді. Дене сымбатын аша түсетін, қазіргі заманғы ұлттық нақыштарымызды айқындайды және күнделікті тұрмыста киіп жүруге әбден жарасымды.

                Ата-бабамыздан  мұра болып келе жатқан  өнер тұындыларын сақтау, халық мұрасын қастерлеу - болашақ ұрпағымыздың ұмытылмас мұрасы болуы керек.

                Әрбір дәуірде халық мұрасы заманына байланысты өзгеріп, дамып, жаңарып отырған. Қәзіргі кезде халқымыздың ұлттық киімдері, қолданбалы сәндік қолөнер бұйымдары әлемге танылуы жайдан жай емес. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол – біздің ұлттық мәдениетіміздің айғағы. 

                Ендеше, осы "Үкілі серуен" байқауының да мақсаты: ұлттық киімдерімізді халыққа насихаттау. Оның заманауи тұрғыдағы жаңа  үлгілерін жасап, күнделікті  қызметте, тұрмыста пайдалану. Шетелдерге өз киміміздің үлгілерін брэнд жасап, таныту.

                Байқауға  жиналған Панфилов, Кеген,       Райымбек  аудандарының өнерпаздары осы қазақы киім үлгілерінің нақыштарын көрсете білді. Әсіресе Райымбек ауданынан келген қол өнер шеберлері балалық шақтан бастап, егде тартып, қарттық кезге дейінгі аралықтағы тұрмыста киіп жүруге арналып тігілген өнер туындылары қонақтарды қатты қызықтырды.

                Осы байқауға төрағалық еткен әділқазы алқалары - Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Асқар Нұрмыхамбетов, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Гүлнұр Домбай және «Ар-Салон»,«Раушангүл» сән салондарының директоры, алқа төрағасы Атлас Молдахметова өз лебіздерін білдіріп, байқау қорытындысы жыл аяғында белгілі болатынын мәлімдеді.

                                          Мәулен   Керімбеков.

 

 

 

 

 

Күнтізбе

« Қазан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

booked.net

  • Материалды қарау саны : 638040