Ат тергеу-асыл дәстүр

16.08.2019ж

Қазақ елі ежелден рухани болмысқа, мәдениетке, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа бай. Бұл еліміздің мәдениетінің жоғары екендігінің тағы бір айғағы. Халқымыз өзінің ұрпақтарын қазақ халқына тән салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген.

Б.Момышұлы атамыз айтпақшы «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті». Бұдан отаншылдық, ерлік, жомарттық, мәрттік, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Десекте қазіргі таңда ата-бабамыздың сара жолымен, олардың тәрбие негізіне айналған мәдени құндылықтарымыздың ұмытылып бара жатқаны өкінішті.
Сондай құндылыққа бай салт-дәстүріміздің бірі ат тергеу деп аталатын, бүгінде ұмытылып бара жатқан дәстүрді атауға болады. Ат тергеу – қазақ келіндерінің тапқырлығын, ақылдылығын, әдептілігін, инабаттылығын көрсететін, паш ететін дәстүр саналған еді. Ол жаңа түскен келіннің ата-енесінің, қайын аға, абысындарының, қайын сіңлілері мен қайындарының, ауылдағы жасы үлкен, сыйлы адамдардың атын тіке атамай оған баламалап басқа ат қою. Мәселен, қайын атасы мен енесінің аттарын «ата, апа (бүгінде мама деп атайды көбінесе)» деп, қайын ағалары мен қайныларына, әпке-сіңлілеріне еркелетіп ат қойып атауы жатады. Келіндер ат қойғанда олардың мінез құлқына, жасы мен кескін-келбетіне қарап қойған. Тіпті, күйеулерінің де аттарын атамай «отағасы, әкесі» сынды синоним сөздерді қолданған.
«Ат тергемесе, артқан жүк ауады» деп ырымдайтын халқымызда келіндерінің ат тергеу шеберлігін бейнелейтін мынадай бір мысал бар. «Бір біріне жақын туысқан Қамысбай, Қашқынбай, Қуанбай, Тезекбай, Бұлақбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай, Пышақбай, Қылышбай есімді ағайындыларға бір қыз келін болып түсіпті. Бір күні ауыл маңындағы бұлақтың арғы жағында қамыстың қасында жайылып жатқан қойға қасқыр шауып, бір тоқтыны жаралайды. Оны тезірек бауыздап алмаса арам өлетін болған соң, оқиғаны көзімен көрген жас келін ауылға былай деп айғай салыпты: Ау халайық, сарқырамының (бұлақты айтады) арғы жағында, сылдыраманың (қамысты айтады) бергі жағында, маңыраманы (қойды айтады) ұлыма (қасқырды айтады) жаралап кетті. Жылдам білеуіт (Қайрақ) пен жаныма (пышақ) әкеліп, адал орақтап алмаса, өлетін түрі бар» -деген екен. (қ.Халид «Тауарих хамса», Алматы, «Қазақстан» 1992 ж). Міне нағыз тапқырлық деп осыны айт. Салт-дәстүрді сақтап, әдептен озбаған қазақ әйелдерінің ұтқырлығына таңдануға болады. Ал, бүгінгінің келіндері үшін атасының атын, қайын аға-әпкелерінің атын турасынан еш қымсынбай айту қалыпты үрдіске айналып барады. Тіпті, айналды десек те болады.
Бұған бүгінгі заманды кінәләйміз бе әлде салт-дәстүрге немқұрайлы қараған аға буын өкілдерінен іздеймізбе немесе тарихымызды зерттеп, ата-бабамыздың құндылықтарына көңіл бөле алмай жүрген жастарды айыптаймызба белгісіз.
Десекте, салт-дәстүр асыл қазына. Ежелгі қазақтың өмір салты, өнері, тарихы бізге және бізден кейінгі ұрпаққа мәдени мұра болмақ.
(Өз тілшіміз).

Күнтізбе

« Қыркүйек 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net