Үздіктер анықталды

20.09.2019ж

Жуырда Сарытөбе ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылына» арналған  «1001 мақал, 101 жұмбақ»  атты  тағылымды кеш өтті.

Мәні зор, мағынасы терең іс-шараны ауылдық клуб директоры Баршагүл Мұқаева ұйымдастырды. Кешке Сарытөбе  орта       мектебінің жоғары сынып оқушылары Асыл Қуаныш,   Қуаныш Дінмұхамед,  Алуа Төлеғазы,  Тоты  Байғожа, Ұлпан Сейтқали, Нұрдана  Мәулет қатысып, халық ауыз әдебиетінен үздік екендіктерін байқатты. Көрермендер арасында да  мақалшы мен жұмбақ айтушылар анықталып, ол номинацияға ардақты ана Гүлбану Далабаева лайық деп танылды.  Кеш барысында сондай-ақ тыйым сөздерге де үлкен мән берілді.

                Кеш барысында «Асыл-ай» би тобы (жетекшісі Асыл Тұрсынғалиқызы) өнер көрсетіп, кештің әсерлі өтуіне атсалысты. Аудан деңгейінде танымал болып жүрген талантты әнші жастар М.Қасымова, Б.Оспанбеков, А.Чунетов салған әсем әндер жұртшылық көңілінен шықты. «Ақпейіл» әжелер ансамблінің мүшесі  Күлпаран Қолдашбаева халық әнін тамылжыта орындаса, ауылдың кішкене бүлдіршіні  Гүлдана Төлеғазының  өнеріне көрермендер ықыласпен қол соқты.

                Осылайша үш айналымнан тұрған байқауда үздік өнер көрсеткен жеңімпаздар марапатталды. «Үздік мақалшы» номинациясының  жеңімпазы Дінмұхамед Қуаныш болса, Алуа Төлеғазы бірінші орынды, Асыл Қуаныш екінші орынды жеңіп алды. Ал Нұрдана Мәулет «Үздік жұмбақ айтушы» аталымына ие болса, бірінші орынды Ұлпан Сейтқали, екінші орынды Тоты Байғожа  жеңіп алды. Әділқазы алқалары мен ауыл ақсақалы Қуаныш қария қатысушыларға ақ тілектерін айтып, «Мақтау қағаздары» мен бағалы  сыйлықтарын   тарту  етті.

Ұ.Молдабекова,

зейнеткер ұстаз,

Бөрібай би ауылы.