Даңқты жүгері өсіруші Күләш Айтжанованың еңбек жолы өнеге

22.10.2019ж

Бүкіл тіршілік иесінің басты әрі жалғыз асыраушысы қасиетті жер ананың төсін идіріп, ырысын молынан халқына ұсынған ғажайып жанның бірі емес бірегейі Социалистік Еңбек Ері, Алматы облысы мен Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», даңқты жүгері өсіруші Күләш Айтжанова десек қателеспейміз.

Өмір және еңбек жолы өнегеге толы осы бір аяулы жан 1939 жылдың 10 қыркүйегінде тумысынан қайырымды, көпшіл, ақылды азамат Айтжан мен қашан көрсең де жүзінен бір реніш табы байқалмайтын, бір мінезді, жуас жан Зәукеш анамыздың береке мен татулық орнаған қасиетті қара шаңырағында дүниеге келіп, жастық шағы әлемге әйгілі қылқалам шебері, Қазақстанның Халық суретшісі Ә.Қастеев атамыз дүниеге келген қасиетті Шежін ауылында өтіпті. Күләш жас болса да ата-анасының бір-біріне деген керемет сыйласымдылығын көріп, татулыққа тәнті болып өсіпті. Шыбынның ызыңы естілетін тыныштықта ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген ілтипаттары жас қызға ерекше болып сезілетін еді. Қазақтың өнерін әлемге танытқан Күләш Бәйсейітовадай болсын деп ырымдап ат қоюларының өзі неткен көрегендік десеңізші!
Туған жерінің төл перзенті Күләш апамыз жастайынан қатал тағдырдың ащы дәмін татып, балдәурен балалық шақтың қызығын да көрмей қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен үлкендермен бірдей еңбек етіп, құрыштай шыңдалып ер жетеді. «Еңбек түбі-береке» екенін түсінген албырт жас еңбекпен ерте есейіп, ерен еңбегі орынды бағаланып даңқтың ең биік тұғырына көтеріліп, өмірде бағы жанып қайраткер атанады. Аяулы әкесі шаруашылықтың кез келген жұмысын ұршықша үйіріп әкететін, әрбір істі тындырымды атқаратын жан болыпты. Осыны ескерген шаруашылық басшылары шаруашылыққа келген автомашина мен «ЧТЗ» тракторын да Айтжанға жүргізуді сеніп тапсырыпты. Ел етегін жауып, есін жинап ауылдың түтіні түзу шыға бастаған тұста сұрапыл соғыс басталып, әкесі 1943 жылдың 15 қыркүйегінде Отан қорғауға аттаныпты. Алғашқыда майдангерден 3-4 мәрте хат келіпті де кейін мүлде хабар болмай кетсе де Зәукеш анамыз әр түрлі ырым жасап ерін күтуден бір талмапты. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау кезеңде соғыстың бар ауыртпалығын тылда еңбек еткен қарттар , әйелдер, бала-шағалар көтеріп «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұлы ұранды бірауыздан ту етіп жан аямай еңбек етіп, жеңісті жақындатқаны тағылымды тарихымыздан белгілі. Жұпыны тұрмыс, сабан төсеніш пен жамылғы інісі Нұрлан екеуіне аяулы Зәукеш анасы еміреніп иіскеп ұйықтатқанда мамықтай көрініп, өздерін шексіз бақытты сезінетін қанағатшыл күндер Күләш апамыздың жадында әлі күнге дейін жаңғырып тұр десек болады. Бірақ тағдырдың сынағы біткен бе, артынан ерген жалғыз інісі дүниеден озғанда екеуіне сүйеніш болатын соңғы үміті үзілген сәттер қандай қиын десеңізші. Ері майдан даласынан оралмаған, бауыр еті баласынан ерте айырылып, ботадай боздап қалған Зәукеш ана қаршадай Күләші үшін бойын тіктеп, тағдырдың қара боранына қарсы жүре отырып егілген егінді суарып, піскенде қырманда оны тазалауға белсене қатысып, қыста малшылардың қорасын жасап, таудан қарағай тасуға дейін барып бейнетті де көп көрді. Жоқшылық пен жетімдіктің зардабын жастайынан тартып, еңбекпен ерте есейген Күләш ердің нары ғана шыдайтын қырықтық науқанына он үш жыл қатысып, үздік қырықтықшы атанып, аудандық деңгейдегі марапаттауларға да қолы жете бастайды. Егін суарып, трактор да тізгіндеп көзге түседі. Қара жұмыстың қазанында қайнап, шар болаттай шыңдалған жасөспірім қыз А.Зайнаудинова апайына еліктеп, өзі жеке 45 гектар жер алып, жүгері өсірушілер сапына келіп қосылады. Басында аяғына резеңке етік таппаса да намысына тырысып жалаң аяқ суықтығы маңдайдан шығатын суды да ұстаған кездері болыпты. Бұл 1968 жыл болатын. Еңбегі еленіп СОКП мүшелігіне кандидаттыққа өтеді. Жүгерісін үсік ұрып, есіл еңбегі зая кеткендегі өкінішті сәттер де күні бүгінгідей әлі де көз алдында. Сондай қиын сәттерде Күләштің албырттықпен бойын ашуға жеңдіргенін көрген көреген басшылар Ш.Сәпиев, Ы.Қожахметовтер оны дер кезінде байқап, ақыл-кеңестерін айтып, жөн сілтеулері арқасында біртіндеп тәжірибе жинақтап, «дала аруы» жүгеріден рекордтық өнім алып, ел экономикасына сүбелі үлес қосып, абырой мен даңқтың нұрлы шапағатына бөленді.
Өмір - күрес. Адам табиғаттың төл перзенті болғандықтан оған тағдыр жылдың төрт мезгілі сияқты сәттерді де көруді маңдайына жазып қоятыны рас. Жаныңды жадыратар жаз мезгіліндей шуағы, бет қаратпайтын қысқы аязды дауылы да адамға Алладан сынақ сияқты беріледі. Тек қиындыққа мойымаған, ерік-жігері күшті, рухы биік, тумысынан адал, текті жан ғана өмірден өз үлесін ала алатыны қалыптасқан әрі айнымайтын табиғи заңдылық. Қаны таза, текті, пейілі ұлы даласындай дархан қазақ халқында даналығымен ел басқарып, ерлігімен халқына қорған болған Тұмар, Домалақ ана, Бопай, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты қаһарман қыздарымыз ұлтымыздың мақтанышы, айбары бола білсе, еңбек майданында Ұ.Алтайбаева, З.Тамшыбаева, К.Дөненбаева,тағы басқа да даңқты қыздарымыз қазақта көп болған. Ауданымыздан шыққан К.Айтжанова апайымыз да сол даңқты ерлік дәстүрді жалғастырушысы десек артық айтқандық емес. Күләш апа сияқты еңбек майталмандары, аға буын өкілдерінің жалынды жастық шағы ел басына күн туған сын сағаттарда өтті, ішер ас пен киер киімге жарымай, жоқшылық пен жетімдіктің зардаптарын ол ұрпақ тәуір-ақ тартты десек болады. Барға-қанағат, жоққа-салауат деп қанағатшылықпен қоңыр тірлік кешсе де олар ұрпағы өмір сүрер жарқын болашақтың іргетасын бекітіп, молшылықтың негізін қалады, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосты. Сол қиын - қыстау кезеңді ендігі ұрпағымыздың көрмеуін тілейді аға ұрпақ өкілдері.
Дүниеде екі ана бар деуге болады. Бірі - өзіңе өмір сыйлаған Анаң болса, екіншісі-саған өмір бойы тіршілік нәрін сыйлаған-Жер ана. Жер ананың қасиеті мен қадірін кетпен ұстап, алтын дән өсірген диқан ғана жақсы біледі. Жер бүкіл тіршіліктің түп анасы. Ол болмаса мына әлем де болмас еді. Ал, диқан болса бейбіт өмірдің нағыз жауынгері, әлемнің асыраушысы.Жер ананың төсін иіту үшін, алтын дәнді арудай толықсыту үшін диқанның ерен еңбегінен бөлек оның жерге деген сүйіспеншілігі, ынта, ниеті, күндей жылы мейірімі, ақ қардай кіршіксіз таза пейілі мен аналық махаббаты болуы керек. Сонда ғана жер ана саған иіиді, алтын дән молшылығын сыйлайды. Адамды бақытқа бөлейтін адал еңбегі екенін ұрпақтарына ұлағат етуден бір танбайтын Күләш апаның бар өмірі мен еңбек жолы халқына қалтқысыз еңбек етудің нағыз үлпетті үлгісі десек артық айтқандық емес. Күләш 1970 жылы 10 сыныпты да кешкі мектепте оқып бітіріп, өндірістен қол үзбестен тракторшылар курсын да жұбайына айтпастан бітіріп алады. Өзіне туа біткен қайсарлығымен 7Х8 «МТЗ-80» шағын таркторын еркін меңгеріп, 5 жыл темір тұлпарды тізгіндеді. Жер тамырын дөп басатын бригадир Имар мен бөлімше меңгерушісі Қ.Хамраев сияқты орта буын тәжірибелі өндіріс басшыларының аянбай үйретуінің нәтижесінде жыл сайын жүгері дақылынан мол өнім алып, міндеттемесін асыра орындауға да қол жеткізеді. Ұзақ еңбек жолында жүгерінің әр гектарынан 100-120 центнерден өнім алуға қол жеткізгені қажырлы еңбегінің нәтижесі десек болады. Бойындағы бұла күш пен жастық жігері тасқындаған Күләш егіс көлемін 75 гектарға жеткізіп, оған мол өнім беретін «ЗПСК-1» деген жүгерінің сортты тұқымын егеді.Көк теңіздей шалқыған жүгері егісінің көгін егіс басындағы мінберден көргенде көңілі де сол көктей шалқып кететін аяулы сәттер-ай десеңізші! Еселеп төгілген маңдай тер мен адал еңбек арқасында аудандық, облыстық деңгейде өтетін партия белсенділерінің Пленумдарына, облыстық колхоз Кеңесіне мүше ретінде белсене қатысып, ауылшаруашылығын өркендету және аудандағы орын алған, проблемаларды жоғары билікке батыл түрде жеткізіп, оның оңды шешім тапқанынша тыным көрмейтін сәттері көп болатын еді. Ауылда алғаш рет балабақша мен 7 тұрғынға шаруашылық есебінен тегін тұрғын үй салып берген жақсылығын ауылдастары әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай отырады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөздің өмірдегі нақты дәлелі осы емес пе?
Ерен еңбегі еленіп, 1974-1975 жылдары Германияға, КСРО қалаларына туристік сапарлармен барып, ел мерейін үстем етті. Қарапайым ауыл әйелі ретінде от басы, ошақ қасында қалып қоймай ауылшаруашылығының сан саласында қажырлылықпен еңбек етіп, мемлекеті мен халқының лайықты құрметіне бөленген абзал ана қос шамшырағы Күләнда мен Сәуледен өрбіген сүйкімді немерелерінің тәлім-тәрбиесімен айналысып, мәуелі жеміс ағашындай айналасын берекеге бөлеп, тәуелсіз елінің төрінде бақытты ғұмыр кешіп отыр. 1971 жылы 32 жасында Кеңестер Одағындағы еңбек адамына берілетін ең жоғары атақ - Социалистік еңбек Ері атанып, 1972 жылы ұжымдық шаруашылық зәулім сарай-үй салып берді. Болатхан екеуі құлындарын қатардан қалдырмай өсіріп, оқытып, тұрмыстары түзеле бастағанын көре алмаған туған-туыстарының пенделік әрекеттері де артта қалды. Бір Алла жар болып адамдардың қысастығы мен тағдырдың қатал сынына қиядағы құзға біткен шынардай төтеп беруге күш-қуат берген бір Аллаға сыйынып, бүгінгі күніне шүкіршілік айтып, тәубә деп отырады аяулы ана. Үлкен қызы ұлағатты ұстаз, күйеу баласы Бақдәулет екеуінен төрт немересі бар. Екінші қызы-Сәуледен көрген екі қызы да ержетіп, көз қуанышына айналып отырғаны көңілге медеу. Әттең, тағдырдың жазуына шара бар ма, күйеу баласы Мейрамбектің солардың қызығын көре алмай кеткендігі аяулы ананың жан дүниесін ауыртады. Өзіне табиғи саналатын Арайлым Болатханқызын алданыш қылып отырған Күләш апамыздың оның өзі сияқты жақындарына қамқор болғанын қалайды. Кезінде автокөлік жүргізушісі болып еңбек еткен күйеу баласы Бақдәулет абзал ананың шаруа қожалығының сан салалы жұмысын жүргізіп, оның даңқы еңбек жолын бүгінде лайықты жалғастырып жүргені жүрегімізге ерекше қуаныш сезімін ұялатады. Жан жары Болатхан өмірден озып, қайтадан қайғы жамылса да алдағы күннен үмітін үзбеген аяулы жан бұл ауыртпалықты да қайсарлықпен жеңе білді, ұрпағының қамы үшін еңсесін тіктеп, берекелі күз маусымында сексен жасқа толып отыр. Бүгінгі күні де қоғамдық өмірден қол үзбей өзінің бай өмірлік және еңбек тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретуде игі істер тындырып, көпшілік құрметіне бөленіп жүр.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында: «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп атап көрсеткеніндей Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова апамыздың туған жерін перзенттік жүрегімен шынайы сүйіп, жыл он екі ай бейнеті таусылмайтын ауылшаруашылығы саласында ұзақ жылдар жан аямай жемісті еңбек етіп, ел дәулетін еселеп, тағдырдың тауқыметіне де мойымай даңқ пен абыройдың биік те құрметті белесіне көтерілген өмірі мен еңбек жолы бүкіл Қазақстан қоғамына үлгі, өнеге болатын жасампаздықтың, сондай-ақ өз Отанын шынайы сүю мен халқына қалтқысыз адал қызмет етудің нағыз шынайы үлгісі десек болады.
Жазиралы Жаркент жерінің атақ-даңқын аспандатқан, еңбегімен ел мерейін өсірген, нұрлы да берекелі болашағымыздың, берекелі тіршілігіміздің берік негізін қалаған, ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие беріп отырған даңқты диқан, жүзінен қарпайымдылық пен мейірімділіктің нұры төгіліп тұратын аяулы ана, сүйікті әже Күләш Айтжановаға-ұрпағыңызбен мың жасаңыз дегіміз келеді!
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
Қазақстанның Заңгерлер
және Журналистер
Одақтарының мүшесі.

Күнтізбе

« Қараша 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 692847