ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ АНАСЫ

22.10.2019ж

Қазақ  халқының тарихында ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, елдің бірлігі мен бейбіт өмір сүруіне, олардың тыныштығын сақтап береке-бірлігінің артуына өздерінің өлшеусіз үлестерін қосқан батыр аналарымыз аз емес.

Тарих беттерінде аттары қалған батыр қыздарымыз бен ержүрек аналарымыздың әрбірінің есімдері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары хақ.Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттің негізі – ол әйелдер ұстап отырған отбасымыз, өз ошағымыз»,-деген болатын.

Сондықтан да еліміздің әрбір әйел азаматы тарих беттерінде есімдері қалған абзал аналарымыздың сара жолдарынан тәлім алып, сол арқылы жас буынды тәрбиелесе, кейінгі ұрпақтың да рухани кемелденген, саналы тәрбиеге бай болып өсуіне ұйытқы болар еді.
Мемлекеттің алтын діңгегі, саналы ұрпақтың ұйытқысы абзал аналар десек, осындай абзалдық дейтін асыл қасиет иесі, ертеңгі ұрпағына үлгі болар өмірлік жолы бар батыр да қайсар ана ретінде Жазиралы Жаркент өңірінің тумасы Күләш Айтжанқызының есімін ерекше атап өтуге толықтай негіз бар. Бойында адамгершілік қасиеті бар, адал еңбегінің арқасында халқының қошеметіне бөленген, мемлекет дамуына айшықты үлесін қосқан, «Дала аруы» - жүгері дақылын өндіруде ұзақ жылдар бойы рекордтық өнім алып келген ардақты ана есімі күллі жаркенттік жұртқа танымал. Еңбегімен ел қошеметіне бөленген абзал анамыз биылғы жылы 80 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Апамыздың бұл дүбірлі тойы жалпы аудан көлемінде кеңінен аталып өтілуде.
Өткен аптада Күләш Айтжанқызының 80 жылдық мерейтойына орай кездесу кеші оның туған жері Үлкеншыған ауылында өтті. Үлкеншығандықтар Социалистік Еңбек Ері, Алматы облысы мен Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі Күләш Айтжанқызымен өткен кездесу кешін жоғары деңгейде өткізді. Салтанатты шараға Күләш Айтжанқызымен бірге «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Досмаилов, аудандық Мәслихат хатшысы Е.Шоқпаров, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ж.Наймантаев, мәслихат депутаттары, Үлкеншыған ауылдық округінің әкімі М.Оспанбеков және ауыл тұрғындары мен ардагерлер, апамыздың сыныптастары мен достары қатысты.
Халықтық мерейтойға ұласқан апамызбен кездесу кешінде мектеп оқушылары өздерінің мерекелік шарасын тарту етсе, жас ұстаздар қауымы Күләш ананың өткен өмірі мен еңбек жолынан көрініс қойып, ана образын кеңінен сипаттады. Ердің ісі демей еңбекке ерте араласып, ауыр жұмысты атқарған Күләш апаның еңбек жолы туралы да тұшымды ақпараттар беріліп, мектеп оқушыларына таныстырылды. Мектеп ұландары анамызға арналған арнау өлеңдерін 3 тілде оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Мерекелік шара барысында алғашқы болып сөз алған аталған ауылдық округ әкімі М.Оспанбеков жүгері өнімін өндірудегі қол жеткізген жетістіктері арқылы жалпақ жұртқа танылған Күләш апаның мерейтойының орны ерекше екендігін атап өтті. Апамыздың иығына ақ орамалы мен камзолын жауып, ауылдық округ атынан жиналған арнайы сыйлығын салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ осы шараға алыс-жақыннан келген қонақтар Күләш Айтжанқызын мерейтойымен құттықтап, сый-сияпаттарын берді. Кездесу кешіне өз кезінде Күләш апамызбен қатар жүріп анамызға әпкелік қамқоршылығын көрсеткен, егіз қозыдай бірге жүрген Социалистік Еңбек Ері Адалят Зайнаудинова апамыздың қызы Алиям Зайнаудинова мен күйеу баласы Абубакри Валиев қатысып, қос ана туралы ерекше естеліктерін әңгімелеп, көпшілік көңілін тербетті.
Кездесу кешіне қатысқан барлық қатысушылар өздері куә болған іс-шараның мазмұнын жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді.
Рухани тәрбие мен салт-санамыз өзгенің үрдістерімен тайталасып тұрғанда өзіміздегі бар нәрсенің бағасын арттырып, ұрпақ бойына сіңірудің барлық амалын қолға алудың өзі бір ғанибет.
Ақмарал ХАМЕТЖАНОВА.

Күнтізбе

« Қараша 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 693237