Салт-дәстүрі бар қайсар ел немесе ұлттық және діни салт-дәстүрдің тәртіп пен тәрбиені қалыптастырудағы маңызды рөлі

21.02.2020ж

Адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол - ұлты, діні, Отаны.  Міне,  осы  үштаған, сіздің тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз кімсіз?» дегенде ұлтым - қазақ, дінім - ислам, Отаным - Қазақстан  дейсіз.  Және оны мақтанышпен нық айтасыз.

  Өйткені, сіздің көңіліңізде адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық  тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін деген сенім тұрады.   Ал, ұлттың құндылығы - мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды.

                Ұлттық және діни дәстүрлердің саналы, тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі  ұшан-теңіз.

                Тәрбие ана құрсағынан басталып-ақ кетеді дейді ғылыми тұжырым. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу» бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана той», «Бесік той, «Қырқынан шығару»- бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Бүгінде жарты әлемнің ғалымдары мойындаған көшпенділер мәдениетінің әлемдік өркениетте ықпалы, үлесі жайлы ойласақ, қазақ халқының  ұлттық ұстанымы, түсінік-танымы, салт-дәстүрі, өмір сүру қағидалары еріккеннің ермегі емес екеніне толық көзіміз жетер еді.

                Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделіп отырған.  Мәселен, бала апыл-тапыл алғаш өмірге қадам жасауына арналған ата-ананың қуанышты тойы. Ал танымдық, тәрбиелік жағы кім көрінгенге емес, ауылдағы аса сыйлы, ел-жұрты құрмет тұтатын өсіп-өнген, ардақты аналарға тұсауын кестіру арқылы адамның қадірін де үлгі ету болса, рәсімнің тәртіптік рөлі алдымен ала жіппен тұсап алып, соны кестіру, бала бұл өмірде біреудің ала жібін аттамасын, яғни ұрлық жасамасын, алаяқтықтан аулақ жүрсін деген ұғым. «Баланы-жастан» дейтін қазақ, бес жасында баланы сүндетке отырғызып, азамат болды деп ашамай ерге мінгізеді.

                «Он үште отау иесі» деп көтермелей отырып болашақ отағасы болуға санасын қалыптастыра бастайды.  Одан қалды, жыраулар философиясында да «Болар елдің баласы он үшінде        баспын дер, тозар елдің баласы отызында жаспын дер», деп ескертеді. Демек, қазақ халқының салт-дәстүрі де, өнері де, ұлттың бойында тұнып  тұрған тәрбие, тәлім, тәртіп екен.

                Рас, кеңес дәуірі кезінде «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген бір көзсіз мақал шығарып алып, асыл мұрамызға өзіміз балта шапқан кезіміз болды. Содан барып игі дәстүрлеріміз біраз уақыт үзіліп қалды. Ұрпақ алмасты, көп дүние көнекөз ата-апаларымызбен кетіп, көмескі  тартты.

                Ал егемендік алғалы бері жоғалтқандарымызды іздей бастадық. Әрине, оны түп-түгел қалпына келтірдік десек артықтау болар, алайда сағынысып көріскен салт-дәстүрлеріміз салтанат құра бастады. Жоғарыда аталған «Шілдеханада, «Тұсау кесеріміз» тағы басқа игі құндылықтарымыз бүгінгі заманға сай қайта түрленіп, ортамызға оралу үстінде. Тек кейде, асыра сілтеп, аса көп ысырапқа жол беріп, мақтангершіліктің, даңғазалықтың жарасына айналдырып жатқанымыз ойлантса ғой.

                Аудандық әкімшілік жанындағы әйелдер кеңесі осынау ізгілік үшін барынша жүйелі жұмыстар атқаруда.Мәселен, Сара Темірбаева жетекшілік ететін аудандық «Мерейлі мекеннің мәртебелі Аналары» кеңесінің топ мүшелері ауыл, қала тұрғындарының тұрғылықты жері бойынша көшелер, ауыл, қалада қоғамдық жұмыстар ұйымдастырады.

                Тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларына әлеуметтік ұсыныс береді және ауыл тұрғындарына салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар туралы мәліметтер беріп, іс-шараларды ұйымдастырып отырады. «Ана қамқоршы» тобы, «Үлгілі  үй, үлгілі көше» жобасы «Қамқорлық қайырымды іс» жобасын іске асыруда жұмыстар жүргізуде.  Сондай-ақ  «Жүректен жүрекке»  атты қайырымдылық   акциясы»  жыл сайын ұйымдастырылады.                       Мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларына көмек қолын созу дәстүрге айналған. Қайырымдылық акциясы  бойынша өткен жылы 441 балаға, 60 отбасына көмек көрсетілді.

                Қоғамда адамгершілік ұғымды сақтау, жастарды рухани адамгершілікке тәрбиелеу, мәдени және тарихи дәстүрлерді бағалау бірінші кезектегі мәселелер болып табылады. Ал, қоғамның негізін қалайтын отбасы болғандықтан оның жастар мен балалар тәрбиесіне үлесін күшейтуді уақыт талап етіп отыр.

                Негізінен біздің ел ұлт тарихы терең,  ғасырлар  қойнауынан сүзіліп, екшеленіп жеткен берік салт-дәстүрі бар қайсар ел. Осыны келешек ұрпақ ұғымы, мақтан етердей жүректеріне орнықтыру, біздің бүгінгі ат үстіндегі жүрген баршамыздың ең   басты міндетіміз.

         Бағдат   Бейсенқызы.

Күнтізбе

« Наурыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 923445