Домбыра - бабадан қалған бағзы мұра

27.07.2020ж

Халқымыздың ұлттық құндылықтары, мәдени мұрасы, таным-тіршілігі, дәстүр мұрағаты ұрпаққа қазына. Еліміз ежелден асылын ардақтаған, барын бағалаған халық. Сан ғасырларды кері шегіндіріп, тарих беттерін парақтасақ, мұны бірден аңғаруға болады.

Сондай асыл мұралардың қатарында ұлттық музыка аспабымыз – домбыра да бар. Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлы аспабы - домбыра екендігі сөзсіз. Онсыз бірде бір шара өтпейді. Көшпенділер заманында да, қазіргі заманда да солай. Шертпелі, екі ішекті аспап түрлі мамандық иелерінің, діні мен ұлты басқа жандардың басын қосады. Домбыраның күмбірлеген дыбысы терең ой толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Осы тұста қасиетті қара домбыраның тарихына кішігірім тоқталып, көз жүгіртейік.

            Қазақтың қара домбырасының тарихы тым әріден басталатындығын айғақтайтын деректер жетерлік. Домбыраны талай ғалымдар зерттеп, тер төкті, білгендерімен бөлісті. Мысалы, Әбу Насыр Әл-Фарабидың еңбектерінде тамбур аспабы жайлы айтылады. Өзбектердің дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында кездеседі. ХІ ғасырда Махмұд Қашқари ежелгі түріктердің бірнеше аспаптарының түрін атап кеткен. Ол – қобыз, бубен, тамбурин, барабан, қоңырау, сыбызғы, сигналдық барабан. Хорезм маңынан табылған балбал тастағы суретте бала қолына бір аспапты ұстап отыр. Оған әлемде ең ұқсасы қазақтың домбырасы. Осы балбал тастың тарихы б.з.д. 5 мыңыншы жылдан басталады.

            Кейбір мәліметтерге сәйкес, домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар. 80-ші жылдардың соңында ғалымдар Алматы облысындағы Майтөбе шоқысында тастардан тапқан суреттерде би билеп жүрген адамдар мен домбыраға қатты ұқсайтын музыкалық аспап бейнеленген. Неолит дәуіріне жатқызылған бұл бірегей олжа Алматыда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы тұр. Халық арасында домбыра туралы аңыз-әңгімелер де жетерлік.

            Домбыра туралы сөз қозғалғандықтан домбыра мен қазақтың атын шығарған тұлғаларға тоқталмасқа болмас. Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің дамуына үлкен ықпалын тигізген ұлы домбырашылардың бірі Құрманғазы. Оның «Сарыарқа» мен «Адай» секілді мәңгі өлмес туындылары қазіргі кезде де баршаға белгілі. Керемет музыкант әрі композитор жазған 60-қа жуық күй осы күнге дейін сақталған.

            Таланты мен домбырада ойнау шеберлігінің арқасында оның танымал шәкірті Дина Нұрпейісованың да есімі қазақ музыкасының жылнамасына алтын әріптермен жазылған. Дина домбырада ойнауды әкесінен үйренген, 9 жасында кішкентай домбырашы бүкіл елге танымал болады. Жас шебердің өнеріне Құрманғазы да өз бағасын берген екен. Кейін ұстазына айналған ол Динаның күйші ретінде қалыптасуына үлкен ықпалын тигізген. Дина Нұрпейісованың белгілі шығармалары «Бұлбұл», «Әсем қоңыр», «1916 жыл» және т.б. Соңғы концертін Дина 91 жасында қойған.

            Музыкалық мәдениетте өшпес ізін қалдырған тағы да бір домбырашы - Қазанғап. Ол да     жастайынан музыкаға қызығушылық танытқан. Кейбір мәліметтерге сәйкес ол 120-дан аса күйдің авторы болып саналады. Күйші өз шығармаларында қоғамда орын алатын өзгерістер, адами қасиеттер, жануарлар әлемі тақырыптарын қозғаған. 1917 жылғы революция оқиғаларын сипаттаған («Окоптар», «Қызыл киіз үй», «Менің дәуірім» және т.б.  күйлер).

            Қазақ музыкасының тарихындағы жаңа кезең ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы болды. Ахмет Жұбанов баланың дарындылығын байқап, оны музыкалық училищеге апарады. Оның бірінші ұстазы атанып, өнер жолына түсіреді. Нұрғиса Тілендиев 500-ге жуық еңбек жазған, оның ішінде опера, балет, ән-күйлер, романстар, увертюралар және т.б. бар. Ал ең танымалдары «Аққу», «Арман», «Махамбет» күйлері, Куддус Кужамьяровпен бірге жазған «Алтын таулар» операсы. Мұнымен қоса, ұлы композитор қазақ балеті мен операсының қалыптасуына да көп септігін тигізген.

            Қорыта айтқанда, ұлт діңгегі болған ұлттық құндылықтарымызды бағалайық! «Дариға, домбырамды берші маған, жаныма келші жарым, келші балам...» деп Мұқағалиша толғайық, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадырша қайырайық! Ұлы ұлттың баласы, ұлықта домбыраңды!

Жайна СҮЙІМБАЙ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің

2 курс студенті.

Күнтізбе

« Тамыз 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1238224