ӨЗ ӨЛКЕҢДІ ТАНИ БІЛ

16.10.2020ж

Дәл осы тақырыпта аудандық «Рухани жаңғыру» орталығында дөңгелек үстел өтті. Өңіріміздің киелі жерлері мен тұмса табиғаты, төл тарихы туралы ерекше естеліктер мен тың ақпараттар айтылған кездесу кеші пікір алмасу форматында болды.

            Жаркент қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен жиынға ауданымыздың «Құрметті азаматы», ҚР жоғары сотының «Үздік білімгер» және  Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған төсбелгісінің, ҚР Тәуелсіздігіне 25 жылдығына арналған төсбелгінің иегері Ерғали Сәбденбеков, ауданымыздың «Құрметті азаматы», Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған төсбелгі иегері Болатбай Көбенбаев және аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлбақыт Рыскелдіқызы, Жаркент қалалық Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Мәдина Жолдашқызы мен БАҚ өкілдері қатысты.

       Алғашқы сөз кезегін Е.Сәбденбеков  алып, Жаркент қаласындағы ежелгі түрменің көпшілікке беймәлім тұстары туралы әңгіме өрбітті. Жазиралы Жаркент жері – бағзы заманнан-ақ халықтық қадiр-қасиеттi айрықша қастерлеп, айрандай ұйып отырған, ата-баба дәстүрiмен ерлiктi, елдiктi ту еткен өңiр. Халқымыздың талай аяулы перзенттерi осы топырақта дүниеге келген. Өнер, ғылым, әдебиет, мәдениет саласында жұлдыздай жарқырап, талант тегеурiнiн танытып жүрген марқасқаларымыз да бар екендігін атап өтті. Келесі сөз кезегін Болатбай Көбенбаев алып, өңірдегі киелі жерлеріміздің тарихы әлі де зерттелуді талап ететіндігін, құпияға толы тылсым табиғат мекенінің көпшілікке беймәлім тұстары бар екенін айтты. Сондай-ақ, өлкеміздегі киелі жерлердің орасан пайдасы туралы да түсінікті жеткізе білді. Туған өлкені тану – рухани жаңғырудың бастауы деп, келешек ұрпақтың өлкетануы жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырудың қуатты құралы екенін атап өтті.

                Мұнан  соң кеш қонақтары өз сұрақтарын қойып, тарихымыз туралы мол мағлұматтардан хабардар ардагерлер сөздерін ұйып тыңдады. Кеш соңында шара қатысушыларына Жаркент қалалық кітапханасы атынан құнды мұра - кітап тарту етілді.

А.ХАМЕТЖАНОВА.

Күнтізбе

« Қазан 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1414334