Өлеңім - өмір айнасы

30.10.2020ж

Дәл осы тақырыппен жуырда Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан  Жазиралы Жаркент жеріндегі Айдарлы ауылында туып-өскен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері  Қасен Гүлбақыт Тоқтанқызымен рухани кездесу кеші болып өтті.

Кешке өңірімізге аты белгілі жергілікті ақындар, колледж оқытушылары, студенттер және көрермен қауым қатысты. Айтулы іс-шарада  Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Баян Нүсіпбекқызы сөз сөйлеп, ақынмен өткелі отырған кездесу кешін салтанатты түрде ашып, ақын өлеңдері туралы ой-толғамдарымен бөлісті.

                 Гүлбақыт Тоқтанқызы – еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып           бастап, қазіргі уақытта Алматы облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінде облыс әкімінің бас   инспекторы қызметін атқарып жүрген, өнер әлемінде өзіндік орны бар айтулы ақын. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.  Жетісу өңіріне аты белгілі ақынның  жыр жинақтары «Алуа», «Бақыт гүлі», «Құсқанаты», «Күнтұмар-Айтұмар» деген атпен жарыққа шығып, оқырманға жол тартқан. Осы кеште ақынның жыр сүйер қауымға арналған «Жүрегімнің хаттары» атты ғашықтық жырлардан тұратын егіз кітабының тұсауы кесілді. Ортаға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,   Қазақстан     Рес- публикасы білім беру ісінің үздігі, Алматы облысының, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», этнограф-ақын  Әдепхан Төреханұлы, Халықаралық Жазушылар  одағының, Композиторлар одағының мүшесі, Алматы облысының, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», ақын, сазгер Базархан Төреханұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақ тілінің жанашыры, ақын, қаламгер Исламғали Үркімбайұлы, Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Баян Нүсіпбекқызы шығып, жыр жинақтың тұсаукесер рәсімін жасады. Ақтаңгер ақын Әдепхан Төреханұлы ақ батасын беріп, шашу шашылды.

                 Ақынмен өткен кездесу кешіндегі салиқалы сыр-сұхбаттан келген қонақтар да, көрермен жас оқырмандар да үлкен өнеге, тәлімді тәрбиенің үлгісін көріп, ақынның өзі оқыған өрнекті өлең жолдарынан өмірлік қағидаттарын қанаттандыратын мақсаткер шумақтарды байқады. Адамгершілік  пен қарапайымдылықтың, іскерлік пен өнерді қатар алып жүрудің өзіндік жолдары қаншалықты үндесетінін көріп, ақынның шеберлігіне тәнті болды.

                Гүлбақыт  Тоқтанқызының шығармашылығына арналған сырлы сұқбатқа толы болған әсерлі кеште        жастар ақынның жүрекжарды жырларын оқып, ақынның адами болмысы мен рухани әлемімен жақын таныс болды, сонымен қатар, өмірінен сыр шертетін бейнежазбалар көрсетілді. Өлең десе, ішкен асын жерге қоятын жастар ақын шығармашылығындағы жырларды тыңдап, өнер   иесінің өрелі өлеңдерімен сусындап  қайтты.

                Өнегесі өлең өрімен танылған, жауһар жырларымен жаныңды емдейтін ерекше талант иесіне жергілікті ақындар және оқу орнының ұстаздар қауымы ізгі тілектерін айтып, ыстық  лебіздерін  білдірді. Кеш соңында «Кербез» вокалдық тобының әуезді әні, «Айжан қыз» халықтық би ансамблінің орындауындағы әсем билері ұсынылды.

«Уақыт жылдам

Әрбір сәтін бағамын...

Өткелдерді артқа тастап барамын.

Жолаушымын.

...өмір жолда із қалар,

Естелікті жырларымнан табамын» деп ақынның өзі айтпақшы, Гүлбақыт Тоқтанқызы жыр қаламынан туған өлеңдерін сызылта оқып, отырған оқырман қауымға әдемі көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында колледж директоры ақынға құрмет көрсетіп, естелік картинасын табыс етті. Естелікке суретке түсіп, қолтаңба алынып, нәзіктіктің нағыз үлгісі болған ақынмен кездесу кеші мәресіне жетті.

(Өз  тілшіміз).

 

Күнтізбе

« Қараша 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1492020