Жаркент шұратындағы көне қалалар

19.02.2021ж

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында және Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басымдық беріп отырған өзекті мәселесі  ұлттық құндылық деп саналатын: жер, тіліміз бен  тұтастығымыз.

Алдыға  дамуымыздың тұғыры  болып саналатын егемендігіміздің үш тағанын қадірлеу, құрметтеу ежелгі тарихымыздан бастау алады. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында Президентіміз тарих туралы ойын сабақтай келе «...Сондықтан жақсы-жаманын  екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды  берік сақтауымыз қажет» екендігімізді  айтады. (Егемен Қазақстан  №2 05.01.2021)  Егемендік алу ұраннан тұратын шара емес! Нақты істердің кезеңі. Тілімізден, ділімізден, дінімізден  ажырамау. Соның бір дәлелі ретінде Президентіміздің мына сөздерін келтірейік: «2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады». Олай болса, осы тарихи әділдікті қалпына келтіріп, біз де жер-су атауларын көпке түсінікті, ата- бабаларымыздың  қолданған    атауларымен  алмастыруымыз қажет. Бұл дегеніміз - ел Президентінің қазіргі кезеңдегі қойып отырған талабын орындау.

       Тарихи деректерге үңілсек бір әулеттен шыққан Сақтар, Ұлы иозылар, Үйсіндер билік құрған аумақ Алтайдан  Ферғанаға, Еренқабырғадан көгілдір Балқаш көлінің  солтүстігіне дейін созылып ұланғайыр жерді  алып жатыр. Жартылай  көшпелі өмір тіршілігін ұстанған бұл жерлерге жоғарыдағы тайпалар қоныстар салып, шаруашылықтарын жүргізген. Мыңғыртып мал өсіріп, егін салып, арық  қазып,                  тоспалар жасап, шығарып, орнатып  су шығарып, оларды тиімді пайдаланған. Жаркент аймағын мекендеген тайпалардың  адамдары Қорғас өзенімен Алмалысу шатқалынан тау жоталарын бөктерлей  арық қазып, су шығарып, сол өзен суларымен Қорғастан бастап Алмалы, Жермәлі (Мәлін - мысық тұқымдас аң), Дөңгене, Бестөбе, Тышқан  Жаркент алқабын түгел суландырып арпа, бидай, тары  егіп, мол өнім  алып отырған. Малдарын  жазда жайлауға шығарып, қоңдануға апарған. Ал жазықтағы қонысқа егінді бағып-қағып күтетін, суғаратын адамдарды  арнайы қалдырып кетіп отырған. Оларды  жатақтағылар деп  атаған, яғни егіс басында жатып оны күзетуші, қараушы деген мағынада. Ал  кейінгі қазақ халқының  тұрмысын артта қалған «нашар», «байғұстар» деп  оларды біз келіп өркениетке  қостық деген мақсатпен тарихты  бұрмалап жазушылардың кесірінен  жатақ мағынасы өзгеріп шыққан. 

     Жатақтағы қалған адамдардың  жеке үйлері, азық-түлігі, мал-мүлкі тұрмысқа қажетті және су ұстауға, егін бастыруға лайықты құрал жабдықтарының бәрі болған. Жатақтағылар - егін салуға арнайы  бейімделген сол кәсіпті игерген  адамдардың әлеуметтік тобы. Жергілікті қазақтардың шаруашылық түрлерімен  айналысқанын  «ХІХ ғасырдың  аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның тарихи мәселелері» деген академиялық жинақтағы П.Галузоның мақаласындағы келтірілген кестеден көруге болады. Оны патша үкіметінің 1897 жылы жүргізілген жалпы санақ  қорытындысы бойынша Жетісу облысындағы халықтардың шаруашылық түрлерімен айналысу жөніндегі берілген мәліметтен мынаны байқаймыз. Сол кездегі Жетісудағы орыс, қазақ, қырғыз, өзбек,  ұйғыр,  дүңген   халықтарының қандай шаруашылық салаларымен айналысқаны жөнінде  пайызбен шығарылған мысалдарға тоқталсақ. Соның ішінде   қазақтар мен қырғыздардың 41,14%  егін салумен, 54,23%   мал шаруашылығымен, ал 4,3%  басқадай іспен айналысқан. Сонымен қатар қазақтар егіс даласын жалдамалы мүлік ретінде пайдаланып басқа халықтарға (аренда) уақытша  пайдалануға беріп отырған. Қазақтар Үйсін дәуірінен бері келе жатқан суармалы егін шаруашылығын жақсы меңгерген.  Бұл пікірімізді археологиялық қазба жұмысы кезінде табылған биіктігі 1 метрлік, кең бүйірлі астық сақтайтын хумдар (үлкен қыш құмыралар) дәлелдейді.

         Күзде ел жайлаудан түскенде осы қоныстарда   малшылардың  отбасылары тұрақтап қыстап қалып, малшылар қыс  маусымын малды отарлап айдап, Іле өзенінің бойындағы ықтасынды, бұйратты  құм төбелердің арасында киіз үймен мал өргізген. Сол дәуірден сақталған көне қоныстар, қалашықтар Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениеттің сақтаушылары  болып табылады. Орта ғасырлардағы қазақ жеріне,  Жетісуға келген саяхатшылар  жазып  қалдырғандай  Жетісу  жері қалалар мәдиниетінің  өркендеген жері болып саналады. Бұл өңірді негізінен ежелден бері Үйсіндер, Дулаттар, Қаңлылар, Керей, Арғындар және т.б. тайпалар мекендеген. Жетісу  шұраты жайқалған қалалар даласы екендігі Шағатай  билігі тұсындағы әртүрлі жазбалардан көрінеді. Шағатай ұлысының орталығы Алмалық (Қазіргі  Қазақстан Республикасымен  КХР  шекарасынан шығысқа  қарай 20-25 шақырым жерде құландысы жатыр)  қаласы екендігі тарихтан белгілі.  Сол кездегі Алмалықтан Жаркент қаласына дейінгі аралықта  ондаған қалалар тізбегі  орналасқан. Аласапыран заманда Орта Азияның билеушісі дәрежесіне көтерілген. Ақсақ Темірдің 1371-1372 жылдары Алмалық маңына дейін шабуылдағаны белгілі. Ақсақ Темірдің әскерлері жолындағының бәрін талқандап Іле аймағын түгел бүлдіріп, қоныстарды қиратып, егіншілік құрылыстарын тып-типыл етіп, елдің тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, мәдениетін жойып жіберген. Бұл жорық осы аймақты ауыр апатқа ұшыратқан. Сыртқы жаулардан қорғану мақсатында Уәиіс хан 1422 жылдары жау шапқынынан қираған Алмалықтан орталықты Ілебалыққа көшірген.  Қорғас  өзенінен тартылған Өстеңге (Өстең - көне түркі тілінде  үлкен арық деген сөз)  Алмалының үстінгі жағындағы  қыраттан ағып шыққан бұлақтар  Тоғыз тома (тұма-бұлақ деген сөз)  жиналып оған,  батысқа қарай жылжығанда Қарабастаудың  бұлағы қосылып  осы  егін шаруашылығына  пайдалануға артығымен жететін болған.

       Алмалы  өзенінің жағасында  Алмалы, Жермәлі (Мәлін - мысық тұқымдас  аң) Дөңгене ауылы, қазіргі Пиджим ауылының солтүстік  жағында орналасқан  көне Бестөбе елді мекені (Қазір оның орналасқан жерін білдіретін  көне беиіттер сақталған) Ақкент, Тышқан,  Жаркент,  Жыңғылды. (Қазіргі  Ынтымақ ауылымен  Ақкент  арасындағы  көне қоныс,  қалашық).     Кейінгі  Шағатай ұлысының орталығы  болған  Ілебалық,  оның  жанында  Түргенкент  қалашығы орналасқан. Сол  замандардағы дерек  көздеріне сүйенсек Ұлы Үйсін патшалығының орталығы  Шығу  (Қызыл  аңғар) қаласы  болған. Ол  қазіргі Баскұншы ауылы орналасқан жер. Оның Үйсін патшалығының орталығы болатындығын   дәлелдейтін сол жерден табылған көптеген жәдігерлер тізімделіп, қапталып  Жаркент қаласындағы «Жауынгерлік Даңқ» музейінің қорына  өткізілді. Бұл  археологиялық жәдігерлерді тарих ғылымдарының докторы, атақты археолог, академик К.М.Байпақов дәлелдеп беріп кетті. Орта ғасырлық Ілебалық қаласының  орнына археологиялық қазба жұмыстары (2016-2018 жж) жүргізілді. Археологиялық қазба  жұмыстары   жүргізілген кезде табылған жәдігерлер осы аймақтың,   өркениеттің  дамуына айтарлықтар үлес  қосқандығын білдіреді.

         Қазіргі     кездегі    біздің    мақсатымыз  - Қазақстан  Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы айтылған әділеттілікті орнына   келтіру, яғни,  осы  елді   мекендердің атауын алмастыру  кейбір  ауылдың  жазылу     атауын   қалпына  келтіру. Бұрынғы  ата-бабаларымыздың киелі  сөздерін  қайта  орнына   қою.  Мысалы,  Ават  елді мекен атауын  «Абат»  деп («Қоныс», «мекен» - деген сөз) қайта жазып өзгертіп қою. Осы  күндері Пиджим сөзі де көптеген отандастарымызға  мағынасы белгісіз сөз. Қазіргі қолданыста жоқ десек те болады. Сондықтан да  Пиджим  ауылының атауын  бұрынғы Бестөбе  ауылының  мұрагері ретінде  атауымен алмастыру міндеті тұр. Ежелгі тарихтың бірден-бір сақтаушысы халық екені дүйім жұртқа мәлім. Аңыз, әңгімелер, өлеңдер, әндер осы тұрғыдан алғанда көне жазулар сияқты, мұқият тыңдап,  тереңірек үңілсеңіз  тарихи жағдаяттан хабар береді. Албан елінің атақты  ақыны, әнші-композиторы Сәдіқожаның  «Сары бидай» әніндегі  «Біздің ауыл  Кетпеннің етегінде» деп келетін сөздерінде  көгілдір тартқан Кетпен тауының көрікті жерінде  орналасқан Кетпен ауылын айтып тұрғаны жалпы жұртқа  аян. Біздің де аймақта жалпы жұртқа тараған авторы  белгісіз  халық әні аталып кеткен «Уа, Дариғай» әніндегі мына кездесетін сөздер Бестөбе ауылының тарихта болғандығын айғақтайды. Әннің алғашқы  шумағындағы :

   Ауылым Бестөбенің етегінде,

   Ақбоз ат өзің мінген жетегімде.

    Өзіңді өзге жанға қимаушы едім,

 Бір белгі бермей кеттің кетеріңде»,-деген жан тербетер қимастық сөздер кім-кімді болсада  ойлантады. Халық ауызында жүрген  өлең сөздері бірден-бір дерек көзі болып табылады. Әрі Бестөбені  болған ауыл деп  есептеуімізге  әбден болады.

       Ауылдың  солтүстігінде  асқақтап тұрған Бестөбенің ұшар бастары да  бізге «Қашан қозғаласыңдар?» деген сұраулы жүзбен  сынай қарап көз тігетін сияқты. Бұл өзгерісті  бүгінгі  ауыл жұртшылығы да  қуаттап отыр.         

      Жаңарған Қазақстан  кезеңінде Пиджим  сөзі ежелгі тарихи Бестөбе  ауылы атауына  орын беруге тиіс. Бұл - заман тудырып отырған  талап.

Мұхаметәлі ТуҒанбаев,

Головацкий  атындағы  орта мектеп  директоры.                                                  

Күнтізбе

« Наурыз 2021 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1665685