Желтоқсан-ұлт-азаттық күрестің ұлы белесі

           

            Сан ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресіміздің заңды жалғасы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жөнінде әлемдік деңгейдегі сарабдал саясаткер Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 1 қыркүйекте Алматы облысының Жамбыл ауданында өткен қазақ-қырғыз жастарының кездесуінде «Бұл оқиға жаңа дәуірдің  бастамасы болды. Желтоқсан - бір халықтың бір халыққа емес, еркіндікке ұмтылған миллиондардың  озбырлық  жүйеге қарсы

тұңғыш  рет  бас көтеруі еді. Бұл оқиға – ояна бастаған ұлттардың Одақ көлеміндегі алғашқы демократиялық ұмтылысы болатын» деп оның әлемдік деңгейдегі саяси маңызын ашып көрсетті. «Арым-жанымның садағасы» деп азаттық үшін қаһарлы қызыл империя тұсында аязды желтоқсанда алаңға шыққан қазақ жастары кеңес империясының темір құрсауын тас-талқан етіп, тек қазақтың емес, бұрынғы Одақ мемлекеттерінің шынайы егемендік алуына қол жеткізді.

            Жуырда жазиралы Жаркент жеріндегі ұлтымызға мақтан тұтар тұлғаларды берген даңқты Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің акт залында Желтоқсан оқиғасына белсене қатысқан қаһарман жерлестеріміз, талантты ақын, қарымды қаламгер, аудандық «Жаркент өңірі» газетінің директор-бас редакторы Б.Айтмұқаевамен және Е.Шәймерденовпен зиялы қауым, аудандық ішкі саясат, мектеп ұжымы мен қала тұрғындарының кездесуі өтті.

Саяси, тарихи және ұлттық маңызы зор  кездесуді ашқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, ұлтжанды азамат  М.Илипов өз сөзінде ел тәуелсіздігін, демократиялық жаңартуларды ту етіп алаңға шыққан озық ойлы, қаһарман қазақ жастарының алдыңғы қатарында жаркенттік жерлестеріміз Е.Сыпатаев, Л.Асанова, Е.Шәймерденов, Б.Айтмұқаевалардың болғандығы ауданымыз үшін ерекше мақтаныш екенін атап көрсетті. 

            Кездесудің қадірлі қонақтары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ж.Сманқұлова, Ават орта мектебінің байырғы ұстазы Ж.Мақажанова, Желтоқсан қаһарманы Б.Айтмұқаевалар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қазақ халқының 300-ден астам азаттық үшін күресінің заңды жалғасы, әлемді дүр сілкіндірген тарихи оқиға ретінде халықаралық деңгейде жоғары бағаланатынын  айтты. Ел азаттығы үшін жас жанын құрбан еткен, қорлық пен зорлықтың зардабын тартып өмірден өткен аяулы боздақтарымыздың рухына тағзым ете отырып, ұлы ерліктің, ұлттық рухтың мықтылығын көрсеткен қазақ жастарының қаһармандығын лайықты дәрежеде қастерлеп, жыл он екі ай насихаттау, ұлттық тарихымызға жасқаншақтық танытпастан енгізу, ерлікке тағзым ету, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде санасына сіңіре білу керектігі кеңінен сөз болды.

            Ал, Е.Шәймерденов өзінің Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік  институтында оқып жүргенінде ел тәуелсіздігі үшін күрестің алдыңғы шебінде болғанда жалдамалы жендеттердің жастарды жазалау операциясындағы u1078 жан түршігерлік қанды әрекеттері жайында баяндап, азаттықты ұран еткен белсенділігі үшін оқудан, комсомол қатарынан  шығарылып, жазықсыздан 3 жылға бас  еркінен айырылып, 2 жылын өтегенін, жан ұясының да жазықсыздан жапа шеккенін, асқан қиындықпен ақталғанын айтып, ұлт-азаттық күреске қатысқан қазақ жастарын асқақ рухын озбыр жүйенің, қарулы әскердің күшімен жеңе алмауының өзі- ел басына күн туғанда жастарымыздың қандай да болсын ерлікке даяр екендігін көрсеткенін тебірене әңгімеледі.

            Желтоқсан құрбандары Е.Сыпатаев пен Л.Асановаға елімізде алғаш рет Жаркент қаласының қақ төрінен ескерткіш орнатылып, желтоқсан жыры тасқа мәңгілікке қашалып жазылды. Батыр ұландарымыздың атына елді мекен-дерде көшелер беріліп, олар оқыған мектептерде мұражайлары ашылды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері елді мекендерде, мектептерде, мәдениет мекемелерінде Желтоқсан оқиғасына байланысты әр алуан тәрбиелік, танымдық және тағылымдық маңызы зор мәдени-көпшілік шараларды өткізу игі дәстүрге айналған. Ал, талантты ақын қызымыз Б.Айтмұқаева да С.М.Киров атындағы Университеттің (қазіргі Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетінде оқып жүргенінде Желтоқсан оқиғасына белсене қатысқаны үшін заңсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ауыр зардабын тартқандардың бірі болғанын, кейін заң шеңберінде ақталғанын айтып, Желтоқсан жайлы жырларын оқыды. Байырғы ұстаз Ж.Мақажанова 22 жыр кітабының авторы, танымал ақын, қаламгер Б.Айтмұқаева туралы өз шәкіртінің ғылыми-зерттеу еңбегін жазып жатқанын баяндады. Ж.Сманқұлова Желтоқсан қаһармандарына өз тарапынан естелік сыйлықтарын табыс етті. Қорыта айтқанда, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ  халқының ұлт-азаттық күресінің ел тәуелсіздігіне жеткізген, халықаралық деңгейде өзінің лайықты бағасын алған тарихи маңызы зор оқиға ретінде рухани жаңғыруда ерек маңызға ие екендігі тағы бір мәрте ерекше аталып өтумен көпшіліктің есінде қалатын болды. Желтоқсан көтерілісін ұлт-азаттық күрестің биік белесі ретінде бағалап, тәуелсіздіктің  қадіріне жете білуіміз керек.

Бекмұхамет  БЕКБОЛАТ ,

заңгер.

Күнтізбе

« Маусым 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

booked.net