Шекара.Шұңқырбұлақ.Белгітас...

Баршаға аян, біздің қазақ  – тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректей мызғымас қалпынан танбай, қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан халық. Сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың,ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы – үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтап қалған ел. Ұлтымыздың әлеуеті асып, дәулеті тасыған да

дәуірі болған. Басынан бағы тайып, тар заманға тап келген кезеңі де көп. Тарихқа көз тіксек, бөліну тұрмақ жоқ болып кеткен жұрттар, жатырқасып, жауласқан туыстар, тілі мен діні ауысқан ұлттар аз емес екен. Құдайға тәубә, «мың өліп, мың тірілген» қазағымызды құдай осыдан сақтапты.

 

            Негізі, өзінің шыққан тегін білген жан бүкілхалықтық тарихқа қатыстылығын сезінеді. Өзін өзгелерге танытады.  мемлекетін, мәдениетін, тілін, дінін, өнерін қастерлейді. Бауырмалдыққа, достыққа, мейірімділік пен бірлікке, ар-намысы мен ата салтын сақтауға бейім болады. Тәуелсіздік бесігінде тербелгелі ширек ғасырдан асқан елімізді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосу жөніндегі асыл мұраты осындай ізгі ойдан туындағаны көпке мәлім. Осы бағытта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты әйгілі бағдарламалық мақаласында меңзегеніндей бүгінгі б иігімізді бағамдап, қазіргі қалпымыздың қадірін білу үшін өткенімізді де еске түсіріп, неден кеткенімізді, неге жеткенімізді парықтап алғанымыз артық болмас. Сонымен бірге күні кеше өткен Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайында айтқанындай: «...жас ұрпақ түп қазығын ұмытпай, бір тамырын тарихи Отанында жаюы тиіс. Туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпай,біліп өсуі қажет». Міне, осы тұрғыдан  таразылағанда өте бір тағылымды ізгі шара жақында кең-байтақ еліміздің ең шеткі шекаралық шебіндегі «Алмалысу» заставасына таяу маңдағы «Шұңқыр  бұлақ» жайлауында өтті. Оған бастамашы болған – Суан еліндегі Дуан баба атымен аталатын белгілі рудың бетке ұстар азаматтары. Шекаралық белдеулермен бекемделіп тасталғандықтан ба, кез келген адам аяғы жете бермейтін жер екен. Айналаның табиғаты көз суырады. Тізеден асатын көкпеңбек шөп. Жұпар исі танау жарады. Жап-жасыл жоталар бірінен-бір биіктей келе солтүстікте сонау Арқас Алатауының аспанмен таласқан шыңдарына ұласып жатыр. Ал шығысқа көз салсаң... тура  жарқабағында тұрғандықтан ба, жанарыңең алдымен құлдилаған құздың табанында жарқырай ағып жатқан Қорғасқа барып тіреледі. Өзен бойының көркі тіптен өзгеше. Көз тоймайды, қарасаң қарай бергің келеді. Тамашалай тұрып, осы жердің арғы-бергі тарихы туралы естіген аңызға бергісіз сан қилы жағдаяттар жадымызда жаңғырып сала берді: әргісін айтпағанда ақтар пен қызылдардың арпалысында амалсыз шекарадан ары-бері ауып жүріп ажал құшқан ағайын, жұт жылдары мен ашаршылықта ұрпақ амандығы үшін Қытай асамыз деп қынадай қырылған, «қырылған» емес-ау, қызыл телпекті шекарашылар аяусыз қырған қорғансыз қандастарымыз, арғы бетке аман жеткенімен туған жерін аңсап бері қарап боздаған көген көздеріміз... Осы арада еріксіз ертедегі «Қилы заман» киносы мен одан кейінгі «Атаманның ақыры» фильмі де есімізге түсе кетті. Ақиқатпен астасқан бұл қөркем туындылардың көп эпизодтары да тура осы маңда – дәл сол сол тарихи оқиғалар орын алған жерде түсірілген.

            «Иә, аспан асты елімен арамыздағы бұл өңір халқымыздың өміріндегі сан алуан аласапыранның нағыз ордасы болды-ау». Осындай ой санамызды осып өтіп, толқып келе жатқанда  кенет көз алдымыздағы көріністен бүкіл өне бойымыз дір ете қалды. Кеңестік кезеңде шекараның тікенекті сым темірлерін түзу тарту үшін жасыл желекті жотаның бүтіндей бір етегін экскватормен ойып алып тастаған екен. Биіктігі үш-төрт, ені оншақты метрдей болатын адам сүйегі ағараңдайды: белден

төмен шорт кесілген қабырғалар мен омыртқалар қаңқасы, ортасынан қақ бөлінген бас сүйек... Бейне қасіретті көрме тақтасы іспетті. Қарауға дәтің шыдамайды тіпті.

«Е-е, мұндай адам сүйегі шашылып жатқан жерлер мына жақта тіптен көп» десті жергілікті жігіттер тау жақты нұсқап. - Ежелден-ақ елдің шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде ғұмыр кешкен Суан жұртымыз ғой. Оның ішінде біздің

Дуан баба ұрпақтары бұрыннан дәл осы өңірді ен жайлап, жаз жайлауы еткен екен. Ал, қыстауы Қорғастың төменгі сағасындағы «Иінтал» маңында болыпты. Мына біз белгітас орнатып жатқан жер -үлкен зират. Біздің, яғни, болашақ ұрпағының өсіп-өрбуі үшін небір алмағайып кезеңді бастан кешкен ата-бабаларымыздың рухы мәңгі тыныстап, сүйегі жерленген қасиетті жер бұл, - деді Молот Солтанаев. Ол - Алмалы ауылындағы Елтінді батыр атындағы орта мектептің директоры. Осынау тағылымды іске мұрындық болып жүрген «Аталастар алқасының» белсенді мүшесі.

- Әлі есімде, осыдан жиырма жылдай бұрын колхоз басқарып жүргенімде Қазы деген көпті көрген көнекөз ақсақал: «Әй бастық, жайлаудағы малшылар тойына мені де ала кет. Жол-жөнекей көрсетерім бар» деген. Содан дәл осы тұсқа келгенде машинаны тоқтаттырып: «Сенің Керімқұл  атаң тура осында жерленген. Ол кезде мұнда жалғыз өрік өсіп тұрушы  еді. Қазір тоғай болып кетіпті ғой» деп еді жарықтық. Әсілі, «Атасын ұмытқан – батасыз қалады» халқымыз. Қызыл империя кезінде  осынау қасиетті қағиданы санамыздан саналы түрде өшіріп, ата-бабамыздан, төл тарихымыздан алыстату саясаты қолданғаны белгілі. Ал енді бүгінгідей өз тізгініміз өз қолымызға тиген тұста оны ақ ниет,адал көңілмен пайдалана отырып, шежірелі тарихымызды түгендесек,ұрпақ қамы үшін күрескен ата- бабаларымыздың атын ұлықтасақ еш айыбы бола қоймас. Қайта бүгінгі жас ұрпақ пен келешек буынның алдындағы  азаматтық парызымызды  өтегендігіміз  емес пе?!» - деп ҚР АШМ «Қазсушар» РМҚК Алматы филиалы Панфилов өндірістік учаскесінің басшысы, «Аталастар алқасының» тағы бір белсенді мүшесі Тоқтарбай Керімқұлов оның сөзін тіптен тереңдете түсті. Қандай істе де ұйытқы бола білетін жандар болмаса жұмыстың  алға жылжымасы анық. Дуан баба ұрпақтарының арасындағы сондай азаматтың бірі – Дүйсенбек

Әлімжанов. Алыс-жақын ағайынды түгендеп, ортақ ізгі мақсатқа жұмылдыруда, сондай-ақ, белгітасты сонау Қордайдан арнайы алып келіп, басқосудың барлығын суретке, бейнежазбаға түсіруде ол да үлкен белсенділік танытқан. «Менің Әзімжан, Ахмет деген аталарым «Иінталда» жерленіпті. Ал Әлімқұл мен Әлімжан аталарым осында жатыр. Бала кезімде әкем  Халық сонау Тышқан тауы арқылы әдейі ат арытып келіп, құран бағыштап қайтатынын айтып отыратын. Осы маңда біздің туыстар  салдырған «Дуан мешіті» болғанын да сол кісіден естігенмін» дейді ол. Осынау ізгілікті шараның басы-қасында жүрген Әбілмәжін қажы Жолдасов, Манап хан қажы Дәулетбеков, кеден қызметкері Болат Омаров, «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Әлен Жолдасов, Алтыүй  ауылдық  амбулаториясының меңгерушісі Таңжарық Омарбеков, Талдықорғаннан келген Бұлбұл Хасенқызы, еңбек ардагерлері Жексенбек Жүнісов пен Дәулет Асылта-

сов, кәсіпкер Айдар Рапыхов, тағы басқа да баба ұрпақтары қасиетті іске ризалықтарын білдірді. Ал, жасы тоқсаннан асқан талдықорғандық Хасен Нұрақынов қарияның әңгімесі тіптен тәнті етті. «Анау-у ғимаратты көріп тұрсыңдар ма?- деді ол төменде жарқырай ағып жатқан Қорғастың жағасындағы үйді нұсқап. – Қазір ол көрші елмен су бөлісу жөнінде келісім жасайтын кеңсе екен ғой. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында сол тұста ағаш көпір бар еді. Мен Қытайдағы мал өткізу пунктінде қызмет істейтінмін. Ар жақтан бері қарай топырлатып мал ткізетінбіз.

Оларды мына тау арқылы асырып Семейге айдайтын... Мына жерде ол кезде тоғай жоқ болатын». Жалындаған жас кезін өткізген өңірді алпыс жылдан астам уақыттан кейін келіп тұңғыш реет көріп тұрған ақсақалдың толқыған көңілі дірілдеген дауысынан анық аңғарылып тұрды. Белгітастың басында бәтуалы сөз, парасатты пікірді осы рәсімге Алматыдан арнайы келген Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы, ЮНЕСКО жанындағы өнер сыны және зерттеушілер ассоциясының мүшесі, доцент, өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбековтың аузынан да естідік.

- Мен қазір қатты толқып тұрмын. Өз елімізде де, шет елдерде де талай-талай  табиғаты тамаша жерлерде болдық қой. Алайда, ата-бабамыздың ізі қалған ата қоныстың әсері мүлде бөлек екен. Оның үстіне ауылдағы ағайын-туыстың, олар-

ды осы іске ұйымдастырып жүрген бауырларымның бабаларды мынандай ұлықтау шаралары қатты риза етті. Президентіміз айтқан рухани жаңғыру дегеніміздің өзі осындай ізгі істерден бастау алмай ма?!- деді ол. Иә, көргені көп, көңілге түйгені

одан да мол алматылық зиялы ағамыз өте дұрыс айтады. Өзін, өз ата-бабасын, кіндік қаны тамған туған жерін құрметтей білген жан  өзгелердің де қадіріне жете алады. Тұтастай туған елін құрмет тұтады. Мемлекетінің мәртебесі үшін мерейленеді. Сондықтан әрдайым осылайша өз рухымызды өзіміз жаңғыртып, жігерімізді жанып отыруымыз керек.

             Белгітас орнату рәсімінің соңында Алмалы ауылына бұрыла берісте – Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тепкен «Ханшатыр» мейрамханасында Дуан баба рухына арнап тағы да дұға жасалып, үлкен ас берілді. Айтпақшы, бұл мекеменің басшысы да баба ұрпақтарының бірі – Бақытгүл Тоқтарбайқызы. Ас кезінде туған ел мен туған жер туралы, ағайын- туыстың татулығы мен береке-бірлігі жайлы асқақтата ән шырқап, күмбірлете күй төккен, сөйтіп, ағайынның айбынын асырып, рухын тіптен аспандатқан белгілі әнші, облыстық, республикалық конкурстардың лауреаты Бақытгүл Нұрахметова мен Елтінді батыр атындағы орта мектептің мұғалімдері Нұрсағат Әлібаев пен Амангелді Самықжанов та – Дуан баба ұпақтары.

Нұр ӘДІЛ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

 

Күнтізбе

« Сәуір 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net