Баға жетпес аманат

 

                Қазақ халық болып жаралғалы оған атамекен, туған жерінен асқан құндылық болған емес. Кезінде бақилық боларында қабіріне салынатын бір уыс туған жер топырағын, сағыныштан сарғайғанда жусан иісін аңсап, сүйектері жат жерде қалған арыстарымыз қаншама.   

 

                            Туған жерді сүю үшін оны көздің қарашығындай қорғай білу және тоқымдай жерінің ежелгі тарихын шегіне жеткізіп зерттеп, бұлтартпас тарихи тың деректермен бекітіп  кейінгі өскелең ұрпаққа аманат етіп даңқты ата-баба жолымен қалдыра білуіміз абыройлы міндет. Ұлтымыздың ұландарының қасиетті қазақ жеріне деген сүйіспеншілігін, ата-баба аманатына адалдығын, ерлік дәстүрге беріктігін 2017 жылғы көктемде жеріміздің алпауыттар мен сыртқы күштердің көкпарына түсуге айналған тұстағы    бастарын өлімге тіккен бас көтеруін ерлік ретінде Елбасымыздың орынды атап өткені баршамызға белгілі. Қасиетті атамекеніміздің өзгелердің қанжығасына кетпеуі, елді мекен айналасындағы кезінде бармақ басты, көз қыстылықпен кейбір билік басындағы лауазымды тұлғалар тарапынан қалталылар мен тамыр-таныстарға үлестіріліп кеткен жерлердің халықтың ортақ жайылымдық мақсатқа пайдалалануы үшін жеке және заңды тұлғалардың  меншік құқығы мен жер пайдалану құқықтарынан кері қайтарылып алынуы мен шекаралық аймақтардағы жерлердің шетелдіктерге жалға немесе меншік құқығына берілмейтіні қарастырылуының өзі атамекеніміздегі мемлекет құрушы қазақ ұлтының ата-бабадан қалған баға жетпес аманаты-жерімізді көздің қарашығындай сақтап, қорғауға әрқашанда дайын тұратын перзенттік міндетіне адалдығын, ұлттық кодымыздың мықтылығын, тектілігімізді көрсетеді.

   Атамекенінен түрлі тарихи жағдайларға байланысты айырылып қалған саны ондаған миллионды құрайтын қаншама халықтар жер бетінде тарыдай шашырап, тәуелсіз мемлекет тұрмақ тоқымдай жерге зар болып, ұлттық бірегейлігі мен құндылықтарынан жыл өткен сайын айырылуда.Туған жердің бұрынғы және қазіргі тарихын ешбір бұрмаламастан қазақстандықтарға жеткізу тарихшы, әдебиетші, этнограф ғалымдарымыздың қызметтік міндеттері.

                Әлемдік деңгейдегі сарабдал саясаткер, Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аймақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», деп атап көрсеткеніндей еліміздің бірлігін, татулығын, туған жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету, тарихымызды түгендеп, рухани дүниемізді түлету тәуелсіздік берген үлкен мүмкіндік пен тарихи қажеттілік болып табылады.              

     «Жау жоқ деме, жар астында» демекші империялық теріс пиғылдың, терроризм мен экстермизмнің қауіп-қатері күшейген заманда әрқашан сақ болып, ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуіміз керек.

                         Бекен  СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан Заңгерлер

Одағының мүшесі.

 

Күнтізбе

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net