Бабалар аманаты

http://turizm-hit.ru/

 

 

 Әлемдік   деңгейдегі  сарабдал саясаткер, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әр өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс»,-деп атап көрсеткеніндей жазиралы Жаркент жері тұнған тумса тарихқа толы екені бәрімізге аян. Осы орайда ауданның құрметті азаматы, Шәріпхан қажы Тұрғанов ағамызбен қысқаша сұхбаттасқан едік.

 

                –Аға, рухани жаңғыру кімнен, қайдан басталғаны дұрыс деп ойлайсыз?

                –«Бұлақ басынан тұнады» демекші жоғарғы ағыс тұнымай, төменгі ағыс мөлдіремейтіні сияқты елдің билік тұтқасын ұстаған, атқамінер азаматтарымыз Елбасымыздың рухани жаңғыруға байланысты қоғам алдына қойған ауқымды рухани түлеуді өздерінен бастап, халыққа үлгі көрсетсе рухани дүниеміз тезірек түгенделіп, бүкіл қоғамның қолдауына ие болар еді-ау.

                -Өзіңіз Алла жолында жүрген, осы заманғы және діни білім мен ілімді терең меңгерген   ауданға сыйлы азамат ретінде өңіріміздегі киелі жерлерді өте жақсы білесіз, сол жайында айтып өтсеңіз екен.

                –Туған жердің тағылымды тарихын терең білу бүгінгі ұрпақтың санасын нұрландырады, патриоттық сезімін оятады, көкірек көзін ашады. 7 арасаны мен 7 өзені бар Жаркент аймағында Найзатапқан, Кермеағаш, Жаркент-Арасан, Көктал-Арасан, Қарабастау, Құндызды, Әулиеағаш, Шормақтың бастауының шипалы сулары мен батпақтарына дәрігер жоқ заманда ата-бабаларымыз, тіпті жабайы жануарлар да дерттерінен айығуға, жараларын жазуға пайдаланғанын, жерімізде сан алуан  дәрілік өсімдіктер мен минералдардың көптеген түрлерінің барлығын, олардың атауларын, пайдалану жолдарын көне көз абыз қариялардан көп естіп өстік.

                -Ал, аузы дуалы билер мен хас батыр бабаларымызды өскелең ұрпақтың біліп өсуі үшін жергілікті деңгейде атқарылуға тиісті ең тиімді шараларды атап өтсеңіз.

                -Туған жері мен еліне көп жақсылық жасаған Б.Ешенұлының тікелей басқаруымен арнайы топ құрылып, оған өлкеміздегі киелі жерлер, тарихи орындар, ел қорғаған батырларымыз бен билеріміз Аралбай, Бағай, Бөлек, Әтіке, Елшібек, Елтінді, Нұржеке, Сатай, Қарабас, Ұлтанбай, Солтанай, Шойнақ, Мұқай, Көбек туралы және елімізге белгілі тұлғалар жайлы құнды деректерді жинақтау, кітап шығару,  өзге де есте қалдыру шараларын өз деңгейінде өткізу қарастырылған болатын, сол игі бастамалар ат үсті жүргізілмесе екен деп тілеймін. Себебі, ата-бабалардың аруағы мен өскелең ұрпақтың алдында бізге Елбасымызбен жүктеліп отырған жауапкершіліктің үлкен екенін әрбір жауапты азамат жүрегімен сезіне білгені абзал.

                Ерлерімізді қадірлеу, тағылымды тарихымызды түгендеп жазып ұрпаққа аманат етіп қалдыруымыз керек.

 

Бекмұхамет БЕКБОЛАТ,

Қазақстан  Заңгерлер

Одағының  мүшесі.