Туған жерін жырлаудан жалықпаған

   Ай артынан ай өтіп, жылдар да жылжып жатқан жайы бар. Уақыт шіркінге тоқтау жоқ! Тас арасынан жылжи аққан тау бұлағындай, сыбдыры білінбей сырғи ағып, жылжи береді.

 

Өмір ағысы міне осындай – толассыз!   Осыған қарап, бұрынғылардың  ұясына еріксіз мойынұсынып бара жатқан күнге қарап: «Тағы да бір күнім өтті – ау!» деген сөзін еске еріксіз аласың.  Адам есейген сайын өткенге жиі ой жүгіртіп, болған жәйттерді електен өткізіп,  бір жасап қалатыны да бар.

Осындай сәттерде артында өшпес із қалдырған, ізгі ниетті үлкендерді бір сәт еске алып,  көз алдыңа олардың сол кездегі жарқын бейнелері тұра қалатыны және бар! 

        Солардың ішінде кішінің ақылшысы, арқа сүйер ағасы болған, үлкенге құрмет көрсетіп,  қалтқысыз қызмет көрсеткен ізетті іні атанған, ақын әрі жазушы Рахметолла Нұрпейісовті ерекше атап өткен жөн.    Келбеті қандай келісті  болса, адамға деген пейілі мен мейірімі мол, мінезі де сондай жайдарлы, бауырмал, бір көрген адамды өзіне еріксіз тартып алатын қасиеттері де  көп болды. 

        Айталық. Ақын ағамыз сонау жазиралы Жаркент  өңірінде   дүниеге келген ғой. Алматы қаласында қызмет істеп жүрген жылдары «Панфилов ауданынан бір бала оқуға түсіпті» дегенді құлағы шалса, ол жөнінде  тынбай сұрастырып,  оны оқу орнына әдейілеп іздеп барып, танысып қайтатын әдеті бар еді. Әке –шешеңді білетінін айтып, көңіл қошын білдірер еді.   Кетерінде қолын қалтасына сұғып жіберіп: «Айналайын! Оқу оңай емес.  Алғашқы сессияңды тапсырсаң, ары қарай өзі жалғасып кете береді. Оқуыңды жақсы оқы. Мұндай мүмкіндік бола бермейді. Айып етпе, құры қол келдім, жаным.  Мынаған тамақ алып, іш» деп, тиын тебен ұсынатын еді –ау!  Бұл естен кетер ме? Бізде осындай сәттерде ол кісімен әңгімелесіп, айтқан ақылын тыңдап, шалғай ауылдағы ата-анамызды   көргендей,   бір масайрап қалатын  едік.

          Ақын - жазушы Рахметолла Нұрпейісов 1927 жылы  5 желтоқсанда Алматы  облысы Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылының жоғарғы сағасындағы   Қарақол аталатын жерде  дүниеге келген. Ескілердің айтуы бойынша әкесі Нұрпейіс ақсақал ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген ұста, өрімші, сол аймаққа белгілі адам болған. Шебер адам өнерде де қаражаяу болмаған ғой. Домбыра тартып, әуелетіп ән салған деседі. Рахметолла ағамыз еңбекке ерте араласып, өмір жолын 1942 жылы кеңшарда  жұмысшы болып  бастады. Бұл Ұлы Отан соғысының нағыз қызған шағы еді. Соғысқа ерлер аттанғанда буыны бекімеген жеткіншек жеңісті жақындату жолында әйелдермен бірге мал бағып,  егін салысты. Ерте ержетті.   Содан кейін Панфилов педагогикалық училищесін тәмәмдады. Талапты жас өз білімін жетілдіру мақсатымен Алматы қаласына жол тартты. 1953 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін   (қазіргі  Әл – Фараби Ұлттық университеті) филолог мамандығы бойынша бітіріп шығады.  Шығармашылыққа аса бейім, қаламының желі бар ол ұстаздықтан гөрі журналистиканы таңдады.  Қатарынан 17 жыл бойы «Қазақстан пионері», «Теміржолшы – «Турксиб», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде  жұмыс істеп, қарапайым тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі жолдарынан өтті.

        Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары, Қазақ радиосында редактор, Қазақ ССР Мемлекеттік телерадио комитетінде бас редактор болды.  Сол кезде Қазақ радиосынан үздіксіз берілетін  «Ұшқын», «Шалқар» және «Ауыл өмірі» бағдарламаларының сапалы әрі көркемді болуына зор үлес қосты. 

       Журналистика саласында еңбек ете жүріп Р. Нұрпейісов қаламын қолынан тастамай, өлең, дастандар, очерктер  жазды. Әдебиет саласында   көп ізденді. Оқыды. Әсіресе, әлем әдебиетіне бой ұрды. Осынау еңбекқорлығының  арқасында қаламы төселіп, батыс, жапон қаламгерлерінің шығармаларымен терең танысты. Білетініміз, әсіресе, жапон жазушыларының  монологтық сарындағы еңбектерін жоғары бағалайтын еді.  Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелігіне өтті.

        Ал,  1970 жылдан кейін Алматы  облыстық партия комитетінде сектор меңгерушісі, үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары  қызметтерін мінсіз атқарды. Ел құрметіне бөленді. Алматы қалалық  кеңесінің депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болды. 

      Бүгін ойлап отырсақ, ардақты ағамыз қызмет пен шығармашылықтың арасын үзбей, тізгінді тең ұстап, екеуін де қатар алып  жүрген екен. Ақпейіл ақын ағамыздың   1962 жылы  «Туған өлкем» атты алғашқы жыр жинағы шықты. «Бұл  қаламгер үшін үлкен жол ашар болды» десек, артық айтқандық болмас. Одан кейін, 1969 жылы  «Аққу қаздар», 1971 жылы  «Гүлдер - гүлдер», 1972 жылы    «Қапшағай», 1974 жылы    «Қоңырөлең»,  1976 жылы  «Мейірім», 1978 жылы «Туған өлке әуендері», 1979 жылы «Жай толқын», 1985 жылы «Сал самал» және 1988 жылы «Думанды мекен»  атты жыр жинақтары  жарық көрген. Оқырмандар назарына ұсынған кез - келген жинағында ақын   өзі туып - өскен мекені Жетісудың баға жетпес сұлу табиғатын көркем тілмен   сипаттай отырып,  достық пен адамгершілікті жыр - өлеңдеріне арқау етеді. Сонымен бірге,  поэзиялық шығармаларға өмірдің шынайы сәттері, кейбір  сырлары мен уақыт тынысы өзек болады. Ақынның өлеңдерін  оқи отырып, оның  поэзияның әлеуметтік нысанасын берік ұстағандығын аңғаруға болады. 

       Алматы облысының жай - жапсарын терең білетін ағамыз жер жанаты Жетісу туралы әңгіме бола қалса, құлақ түріп, зер сала тыңдап,  жетістігіне шаттанып, мерейі өсіп қалатын. Ал, бірді –екілі айтылған сынға «Ойпырай, қалай болды екен? Ол мүмкін емес» деп, ара түсетін.  Әсем қаланың сыртына шығып, бір саәт дем алғанды ұнататын, ақын ағамыз. «Көк төбеге» шығып: «Қызметтің арқасында талай жерде болдым ғой. Соның ішінде жерұйық Жетісуға  жететін мекен жоқ –ау!» деуші еді, жарықтық. 

       Әлі есімде, 1962 жылдың жайдары жазында   Рахметолла ағамыз жанына сол кездегі қазақ радиосының редакторы   Мадрид Рысбеков пен   Еренғайып ағамызды  (Көп жылдар өтті ғой сол ардақты ағаның фамилиясы есімде қалмапты) ертіп атақты  табиғаты тамылжыған «Белжайлауға» келді.  Қонақ болып келген үш замандас таңертең аттарына мініп, тау аралайды.  Сылдырай аққан бұлақ басында отырып, әңгіме дүкен құрады. Бар дауыстармен шырқап,  ән салады. Түрегеген қалпы қолдарын сермеп, шабыттана өлеңдерін оқиды. Майда беткейлерден қойбүлдірген тереді. Сонау «Сымтастан» «Үйгентасқа» дейінгі аралықта керіле жатқан бетегелі жазыққа  шығып, жарысады. Оларға еріп жүру бізге де таңсық. Жалықпаймыз. Әндерін естіп, әңгімесін тыңдаймыз. Бүгінгі күні  ойлап қарасақ, ағамыз сол кезде шабыттың шексіз шалқарында жүрген екен деп түйіндейміз.

        Рахметолла Нұрпейісов  аударма саласына да көп еңбек сіңірді. Бұл бағыттағы қадамы өте сәтті шықты.  Ол -   Н.Тихонов, В.Маяковский, А.Барто, М.Сергеев, Н. Полякова өлеңдерін, орыс және армян поэзиясының антологиясын, Фаиз Ахмад  Фаиздың «Шығыс саздары» кітабын аударуға ат салысқан әмбебап ақын.

        Жаны нәзік, жүрегі дархан  ақынның  өнер адамдарына деген ілтипаты ерекше еді. Олармен жиі жүздесіп,  пікір алмасып отыратын. Әсіресе, қазақтың ұлттық  өнерінің марқасы Нұрғиса Тілендиев ағамызбен  шығармашылық байланыста болды.  Дарын иесінің тереңнен сыр тартқан өлеңдері  әсем әуенге сұранып тұратын. Мысалы, ақынның «Соға кет» деген өлеңіне  Қазақстан Республикасының халық әртісі Дәнеш Рақышев төрт аяғын тең басқан әдемі, сырлы ән жазды. Ұлттық реңкте толы, бояуы қанық  ән бүгінгі күнге дейін радио мен  теледидардан беріліп тұрады. Қолы қалт еткенде М. Әуезов атындағы драма театры, Жамбыл Жабаев атындағы филармония, «Қазақконцерт» залдарынан табылатын. 

        Ақын адамның мінезі де қызық қой. Кейде буырқанып, бұрқанып, жарға соққан толқындай адуынды келеді. Өз айтқаны болмаса, өзгеге бас бұра бермейді. Ал, кейде көк жайлауда жүргендей мамыражай күй танытады. Бізге сыры қанық ағамыз айтқаны болыңқырамай жатса: «Әй, мынауың көже болып кетіпті ғой!» деп, кейіс білдіретін. Діттеген жерінен шықсаң: «Әй, мынауың дұрыс болды – ау,  өзі» деп, даусын соза түсіп арқаңнан қағатын әдеті барды. Осы кейпі өзіне жарасып - ақ тұратын.  Түр – тұлғасы мен киім киісі де  өзіне жарасымды еді.

        Көңілі қуанышқа толы ақын өзі алғаш білім алған Панфилов педагогикалық училищесін ерекше  құрмет тұтатын. 1989 жылы өткен оқу орнының 60 жылдық мерейтойына  Алматыдан арнайы келіп қатысты.  Ресми шаралардың арасында училищенің ескі ғимаратын түгел аралап шығып, «Бұл өзі  біздің ел үшін үлкен университет қой» деген тұжырымы жанымсызда жатталып қалыпты. Рас сөз.

        Ақын - жазушы, аудармашы Рахметолла Нұрпейісовтың 70 жылдығы 1997 жылы өзінің кір жуып, кіндік кескен туған жері Панфилов ауданында сол кездегі аудан әкімі Ермұханбет Омаровтың тікелей қолдауымен өткізілген еді. Сол шараны өткізуде  бүгінгі күні аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып отырған Мағрупова Роза үлкен белсенділік танытқан еді. Шара аясында   ақынның  алғашқы білім алған Панфилов педагогикалық колледжінде  және Қоңырөлең ауылдық округінде арнайы кездесулер ұйымдастырып, ақынға   ат мінгізіп, иығына шапан жапқан болатын. 

       Халқына  бір кісідей еңбек сіңірген ақынның  Лән, Ләнгүл, Айжан, Ғани, Дина атты қыздары есейіп, ержетіп, балалы – шағалы болса, ұлдары Ерлік пен Ерасыл жас құрақтай желкілдеп, өсіп келеді. 

      «Жазмыштан озмыш  жоқ» деген екен бұрынғылар. Әрдайым туған жері мен өскен елін жырлаудан жалықпаған Рахметолла Нұрпейсов 2009 жылы 24 наурызда 82 жасында  Алматы  қаласында дүниеден озды.   Егер ақын ағамыз тірі болса,  90 жылдығын тойлар едік. Амал не?      

         Дегенмен, әрдайым ақынын бауырына тартып  жақын болған, өнерлі ұл- қыздарын әспеттеуден алдына жан салмаған жазиралы Жаркент  жұртшылығы  халқына қалтқысыз қызмет еткен, жүрегінің жылуын өрелі өлеңімен өрнектеген, елінің  қуанышына шаттанып, кемшініне күйінген талантты ақынын еске алып, ардақтап, жаңаша құрмет көрсететіндігіне сенім зор. 

             

   Ғалым    Жазылбеков,

              Қазақстан Журналистер     

                        одағының  мүшесі.         

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

booked.net