Тағылым тамыры тереңде

  Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бәсекеге қабілетті қоғам орнатудың негізі - білімде» -деген болатын. Ауыл- қазақтың алтын белгісі, мектеп- ауылдың ұйытқысы. Ол тек оқушыларға білім беретін орын ғана емес, ауылдың бүкіл мәдени өміріне қан жүгіртетін жүрегі, рухани өсуіне ықпал ететін ордасы.

Жасөспірімдердің тәлім-тәрбие алатын, білім нәрімен сусындайтын да осы алтын ұя.   Іргетасы 1984 жылы қаланып,  оқушыларды білім нәрімен  сусындатып келе жатқан Әулиеағаш орта мектебі - аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі. Қазіргі мектебіміз материалдық – техникалық жағынан жақсы жабдықталған деуге болады. Мектепте компьютерлік сынып мультимедиялық кабинет, арнайы қазіргі заманға талапқа сай, барлық оқу-көрнекі құралдары бар. Мектепте 500-ге жуық шәкірттер білім алуда. 

    Бүгінгі таңда білім сапасы ҰБТ көрсеткішімен анықталады. Тәжірибелі, білікті ұстаздар арқасында оқушылар ҰБТ – дан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Былтырғы оқу жылында аудан бойынша ең жоғарғы көрсеткішті 129 балды Сатыбалдиева Әсел Сафуанқызы көрсетті. Ұстаздар еңбегінің арқасында соңғы үш жылда  3 оқушы «Алтын белгіге»,  4 оқушы  «Ерекше аттестатқа» ие болды.

    "Алтын белгі» иегерлері: Асқар Шырын Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық     технологиялар университетінің, математикалық және компьютерлік  модельдеу факультетіне, Құрманбек Мадияр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, геодезия және картография факультетіне, Ғалым Бақытнұр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, логистика факультетіне, Сатыбалдиева Әсел С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық   медицина университетінің жалпы медицина факультеті, Баймолда Шынар  Ш. Құдайбердиев атындағы университетінің азық-түлік  технологиялар факультетіне, Құсман Ақниет – Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің физика -математика факультетіне түсті.

       Білім бала бойына қонған  нәр болса, тәрбие күн шуағынан алынған нұр іспеттес деп ғұлама Әл-Фараби айтқандай, егеменді өркениетті елдермен терезесін теңестіретін білім, ғылым екені белгілі. Білім кеңістігіне оқушыны бағыттаушы тұлға мұғалім десек, еңбегін аямай, шығармашылықпен жұмыс атқарып жүрген Ерғазы Нұрғазыұлы, Камила Жорабекқызы, Бақытқыз Молдырақымқызы, Гүлназия Айыпқызы, Гүлбақ Қалинұрқызы, Жанар Тоқтасынқызы, Гүлнар Құрақызы, Әсемгүл  Турдиева,  Бақытгүл Сұлтанқызы,  Шынар Зейнелқызы, Әйгерім Телтайқызы, Дәния Дүйсенбайқызы, Мархаба Құлжабекқызы, Айшат Манапқызы, Жанна Шәріпханқызы, Лашын Рахымқызы,  Хадиша Ахатқызы, Еркін Мұхамеджарұлы, Қуаныш Асқарұлы, Сәкен Қойбағаров, Арайлым Болатқызы, Әсел Наурызбайқызы секілді ұлағатты ұстаздар еңбегін жоғары бағалаймыз. Бала атаулыны жақсы көретін іңкәр жүрегімен олардың ыстық ықыласына, әріптестерінің арасында қарапайымдылығымен құрметке бөленіп жүрген жас мамандар Роза Асылтасова, Руслан Замзатұлы, Нұралан Бейсенбеков, Ақмөлдір Сабажанқызы, Айман Жарлығапова, Жанат Елшібекқызы, Айман Сламжанова ұлағатты ұстаздардың ізін басуда. Мектепте әрбір мұғалімнің зерттеушілік жұмыспен айналысуына шығармашылықпен жаңа педагогикалық инновацияларды меңгеруіне және енгізуіне толық жағдай бар. Белесі биік, қиындығы мол білім жолында алған білімін аудандық, облыстық пән олимпиадасында дәлелдеген жеңімпаз оқушыларымыз бар. Үш жылдың ішінде облыстық пән олимпидасында жоғарыдан көрінді. Атап айтқанда, 9- сынып оқушысы Әбдіғали Ақниет орыс тіл пәнінен ІІ орын,   10-сынып оқушысы Нұрғазы Нұрай химия пәні бойынша ІІ орын, 10-сынып оқушысы Барат Қырмызы орыс тілі пәні бойынша жүлделі ІІ орынға ие болып, күміс медальмен  марапатталса,  9-сынып оқушысы Дәулетхан Әйгерім физика пәні бойынша қатынасып жүлделі  орыннан көрінді.

    Қазақстан Республикасы Кіші Ғылым Академиясының Алматы облысы бойынша аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясына мектеп оқушылары арасынан 11-оқушы қатынасып, жүлделі орындарға ие болды. 25-оқушы  Халықаралық  «Бейбітшілік  Әлемінің» ғылыми- практикалық конференциясына өз ғылыми жобаларын ұсынып, әр пәндер бойынша жеңімпаз атанды.

    Жылдан-жылға  оқушылардың алатын білім сапасы жақсарып, соның нәтижесінде жыл сайын ата –аналардың қолдауымен «Кенгуру», «Русский медвежонок», «Золотое руно», «Ақбота» сияқты  түрлі танымдық марафондарға  белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

    Тума дарындылығымен ақын өлеңдерін өзіне бойтұмар  еткен балауса жүрек  балғын ақындарымыз, облыстық Абай оқуының  ІІІ орын жүлдегері 8 -сынып оқушысы Асқар Алуа мен аудандық Мұқағали оқуының  І орын жүлдегері Барат Қырмызы болды.  9- сыныптың  оқушысы,  үздік ақын қызымыз    Асқар Алуа   «Жауқазын жырым – жан сырым» атты  өлеңдер жинағын  жарыққа шығарды. Ақын қыздың мақсаты, алар  асуы,  өте биік екенін  ауданымыздағы  майталман өнер қайраткерлері Исламғали  Үркімбайұлы, Базархан Жақыбаев, Әдепхан Төреханұлы, Молот Мұсаұлы тұсаукесерінде жоғары бағалап кетті.

    Қазіргі уақытта оқыту мен тәрбиенің сапасына,  әдіс-тәсілдердің мазмұнына, мақсатына зор көңіл бөлуде және жаңаша көзқарастар қалыптастырылуда.Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мектеп директорлары жаңа заман талабына сай өзгеріп, өздерінің мектептегі білім беру жүйесіндегі рөлін қайта қарап, мектептегі оқыту мен оқу тәжіребиесін өзгертудегі қозғаушы күші болуы қажет. Соның айғағы ретінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік  орталығының тренері Асхат Алимовтан алған теориялық білімім негізінде  мен «Өзгеріс не үшін керек? Нені өзгертуіміз керек»? деген сұраққа түсінік алып, келесі қадамым «Өзгерісті қалай енгіземін?» деген ойымды жүзеге асыруды мақсат етіп алдыма қойдым.  Бұл қадамымды іске асыру үшін мектепте бөлінген көшбасшылық құрдым. Оның мақсаттары мен міндеттерін нақтылап құрамына негізінен деңгейлік курстардан өтіп келген мұғалімдерді енгіздім.  Сонымен қатар бөлінген көшбасшылармен сұхбаттасу негізінде мектеп мұғалімдері арасында дарынды және тәжірибелі қызметкерлерді анықтап, бірлесіп жұмыс жасауға бағыттадым. Әрине, осы жұмыстың басында әдістемелік орынбасарым  Тоқабаева Тоты Маметқазықызының еңбегі зор. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде мұғалімдеріміздің жаңартылған бағдарлама бойынша 3 жылдың көлемінде аудандық он бес шақты семинарларды өткізіп, аудан мектептері арасында іс – тәжірибелері таратылды.  Мектеп ұстаздары шәкірттеріне білім нәрімен сусындатып жан – жақты тәрбие беруде әсте жалыққан емес. Тәрбие мен білімді  жүйелендіре отырып, мектептегі спорттық үйірмелерді оң өзгерістермен  ұйымдастыруда. Оқушылар үшін волейбол, баскетбол, футбол, теннис, шахмат,тоғызқұмалақ спорттық секциялары жұмыс істеуде. Жоғарыда аталған спорт үйірмелерінің шәкірттері Мырзағали Жігер волейболдан облыстық, республикалық турнирлерде толағай табыстарға  қол жеткізіп, чемпион  атанды.

    Жұмаділ Саян, Асқар Елжан, Бейсенбай  Абылайхан, Мұрат Бекжан, Байтасов Еркебұлан, Құрманбек Әлібек, Әміржан Жалғас, Әділғазиев Қанат мектебіміздің волейбол командасы облыстық «Шұбар доп» мектеп -лигасы жарысында жүлделі  ІІІ  орынды жеңіп алды.

      Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:  Рухани жаңғыру»  атты мақаласы аясында тебірене айтқан тағы бір тағылым «Туған жер, туған ел» бағдарламасы болды.   Ауылдағы қазақ баласының болашағы жарқын, рухы биік бола жүріп өз елін, өз жерін құрметтеп тағзым ету керек екенін есімізге салады. Бүгінде мектебімізде осы бағдарламаны насихаттау барысында түрлі іс-шаралар басталып кетті. Қоғам қайраткері Елубай Оспановқа арналған арнайы сынып кабинеті ашылды. Кабинетке қайраткердің өмірі мен өнегелі істері жайлы деректер қойылды. Өлкетану үйірмесі бойынша Кербұлақ ауданы Басши ауылында орналасқан зерттеуші-ғалым Ш.Уалихановтың мемориалдық музейіне, Есік қаласындағы «Есік» мемлекеттік тарихи – мәдени қоры мұражайына, Шежін ауылындағы суретші Ә.Қастеевтің мұражайына ата-аналардың қолдауымен оқушыларымыз барып, танысып қайтты.

   Мұғалімге артылар сенім жүгі соншалық ауыр әрі ұлағатты ұлы жол. Өйткені, ұрпақ тағдыры – еліміздің ертеңгі тағдыры осынау  жауапкершілігі мол жұмысты Әулиеағаш орта мектебінің мұғалімдері мойымай  көтеріп, міндеттерін  абыройлы атқарып келеді.  

                      

                   Ұлмекен   Жақыбаева.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

booked.net