Жақсылығы мол жоба

Бүгінде мемлекетімізде жетімдердің санын азайту үшін, яғни, балалар үйін болдырмау мақсатымен әртүрлі игі шаралар жүзеге асырылуда.Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар өзге балалар сияқты отбасында тәрбиеленіп білім алуға құқылы.

     Алайда бала тағдырын ойламайтын көкек аналар, жетесіз әкелер саны көбеймесе азаймай отыр.Енді қайтпек керек? Осы сұрақ төңірегінде алқалы жиындарда толғақты ой, тұшымды пікір айтылып, түрлі бастамалар көтерілуде.   

    Алматы облысы прокуратурасы және әкімдігі 2017 жылы «Балалар үйінсіз -  Жетісу» жобасын қолға  алған болатын. Осы жоба бойынша  ауданымызда игілікті  жұмыстар жүргізіліп келеді. Ауданда жоспарға сәйкес жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың отбасылық түрлерін дамыту жөнінде ақпаратты насихаттау, асырап алушы отбасыларын құру, патронаттық тәрбиешілер, қамқоршылыр мен қорғаншылар, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерін ашқан азаматтардың тәжірибесін тарату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге аудандық прокуратура мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен  жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың отбасылық түрлерін насихаттау мақсатында кездесулер, дөңгелек стол, семинарлар өткізіліп келеді.

  Балаларды орналастырудың отбасылық түрлеріне қамқорлыққа (қорғаншылыққа)алу, патронаттық тәрбие мен асырап алу және отбасылық балалар үйі жатады. Патронат тәрбиеші деген кім? Патронат тәрбиеші білім беру ұйымдарындағы, медициналық немесе басқа да ұйымдағы баланы (балаларды) тәрбиелейтін адам.                        

  Патронат тәрбиешіге тәрбиелеуге берілетін балалардың жалпы саны бір отбасының балаларына байланысты жағдайларды қоспағанда, үш баладан аспайды. Баланы патронаттық тәрбиеге алуға тілек білдірген адам «Патронаттық тәрбие туралы» Ережеге сәйкес құжаттар тапсырады. Осы Ережеге сәйкес құжаттар болған кезде патронаттық   тәрбиеге алуға тілек білдірген адам шарт жасасады. Патронат тәрбиешіге балаларды бағып, тәрбиелегені үшін ай сайын айлық төленумен  бірге, баланың киім-кешегіне, тамағына тағы басқа керекті заттарына  9-10 айлық көлемде жәрдемақы төленеді. Бұл қаражат патронаттық тәрбиеленуші 18 жасқа толғанша беріледі.Ал отбасы үлгісіндегі балалар үйі 4-тен кем емес және 10-нан артық емес жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдай алады.

   Егер Сіз отбасылық балалар үйін ашқыңыз келсе, құжат жинап, аудандық білім бөліміне арыз жазасыз. Арызбен бірге жұбайыңыз екеуіңіздің біліміңіз туралы құжаттарыңызды, неке туралы куәлігіңіз, жеке куәлік, егер 18-жасқа толған балаларыңыз болса, нотариус арқылы келісімі, соттылығы жоқ туралы анықтама, мекен-жай анықтамасы, денсаулық туралы анықтама, сонымен бірге, отбасы балалар үйін ашуға ең керекті құжат - тұрғын үйдің техникалық паспортының көшірмесін өткізесіз. Балалар үйін ашқан ата-анаға жалақы төленеді, сонымен бірге балалар үйін қаржылай қамтамасыз етіп отырады.

  Ауданымыздағы Сұптай ауылында  2015 жылы қыркүйек айында  «Бергенбековтер» отбасылық балалар үйі ашылды. Бүгінде онда төрт бала тәрбиеленуде. Олар ауыл балаларымен бірдей білім алып жатыр. Отбасы үлгісіндегі балалар үйін ашқан Бергенбековтер отбасы Сұптай ауылының тұрғындары. Екеуі де қарапайым ұстаз болып жұмыс істейді.           

  Басқұншы ауылында тұратын Танекеева Бақыт «Айналайын» балалар үйінен екі қыз баланы қамқорлығына алып тәрбиелеуде. Жақында анасы қайтыс болған (әкесі туралы мәлімет жоқ) Жаркент қаласында тұратын кәмелетке толмаған Ефимов Даниел Николаевич  Талдықорған қаласындағы уақытша бейімдеу орталығына орналастырылған.  Бақыт Исмуратовна Ефимов Даниел Николаевичті ары қарай балалар үйіне өткізбей қамқорлыққа алу үшін құжаттар жинауда. Жетім балаларға жүрек  жылуын сыйлағысы келген, жаны жайсаң жандар ауданымызда да баршылық. Биылғы жылы Жаркент қаласынан екі отбасылық балалар үйін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ескерте кететін бір жәйт, кейбір азаматтар басқа мақсатпен балалар үйін ашуды көздейді. Ондай адамдар бір рет балаларды алып, қайта қайтаратын болса «қара тізімге» ілінеді де, болашақта ол адамға балалар үйінен бала алуға ешқандай мүмкіндік болмайды.

  Жақсы ата-ана болу қиын, ал қабылдаушы ата-ана болу  жүз есе қиын. Алайда  отбасылық балалар үйінде жұмыс істеу үшін, әрқайсымыздың ынта-жігеріміз, балаға деген мейіріміміз болуы  керек. Жетім балаларды тәрбиелеп, оларға отбасылық жылу сыйласақ, нұр үстіне нұр болар еді.                                                                                                     

                                   Р.Ыстай,

аудандық білім бөлімінің

бас маманы.