Ұлттық рух кешірмейді

 Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында құқық бұзушылық - Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде жауапкершілік көзделетін, жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің мүдделеріне зиян келтіретін адамның құқыққа қарсы, кінәлі әрекеті не болмаса әрекетсіздігі танылады.

     «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп халқымыздың кемеңгері ұлы Абай атамыз айтпақшы, баршылық  пен сүйенішінің буына мастанған кейбір жастардың түнгі мезгілді пайдаланып қала көшелерінде «жарыс» ұйымдастыратыны, саябақтар мен ескерткіштер маңында көліктерін тізіп даңғаза әуендер қойып, көңіл көтеретіні, қоршаған ортаны ластайтыны мен саябақтардың ішіне кіріп  ескерткіштер маңында автокөліктермен шыр көбелек айналып  өздерін «ерекше»  көрсететіндері және осындай жағымсыз қылықтарын «ерлік» санайтыны  көңілімізді қынжылтады. Осының бәрі жан ұядағы ата-ана тәрбиесінің әлсіздігін, қоғамның ондай келеңсіздіктерге бейжай қарайтынын, ал жастарда имандылық пен рухани жұтаңдықтың белең алғанын көрсетеді.

     Жуырда ғана қаланың жоғарғы бөлігінде орналасқан «Бөлек батыр» атындағы саябақтағы тәуелсіз еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылған «Орбұлақ жеңісінің 375 жылдығы» құрметіне орнатылған ескерткіш маңында автокөлігімен асыр салған Жаркент қаласының Лутфуллин көшесі 50 үйдің тұрғыны, 1999 жылы туылған Бахитжан Туғлуқұлы Азизов есімді азамат өзінің «Аudi-100» маркалы, мемлекеттік нөмері 280NBB05 автокөлігімен полиция қызметкеріне ұсталып, оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 601-бабының 1-тармағына, «Жол жүру ережесінің»1.5.2-тармағын бұзғаны, яғни «Жол белгілерімен немесе жолда жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін» оған  үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде-7 575 теңге айыппұл салынды.

      Әрбір қазақстандық үшін ең қасиетті әрі басты құндылығымыз саналатын тәуелсіздігіміз үшін құрбан болған ата-бабамыздың қаһармандығын дәріптейтін, ұлттық рухымызды көтеретін ескерткіштер мен көпшілік орындарда келеңсіз қылықтар жасайтын есерлерді ата-бабамыздың өр рухы, әруағы кешірмейтінін,  мемлекетіміздің заңы бойынша заңды жауапкершілік шарасы қолданылатынын және қоғам тарапынан орынды сынға ұшырайтынын әрбір азамат есінен бір сәтке болса да шығармауы тиіс.

                                           Талғат   НҰРМОЛДАЕВ,

                Жаркент  қаласының  әкімі