ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ – ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ

13.06.2019ж

Еліміздегі еңбек заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Еңбек Кодексінен, Қазақстан Республикасының заңдарынан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативті құқықтық актілерінен тұрады.

Бұл заңнаманың басты мақсаты - еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастарды еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін  қорғауға, еңбек саласындағы құқықтар мен бостандықтардың ең төмен кепілдіктерін белгілеуге бағытталған құқықтық реттеу болып табылады.

            Жоғарыда еліміздегі еңбек кодексінің негізгі міндеттерін атап өттік. Еліміздегі әрбір заң – адам құқығын сыйлау, құрметтеу және сақтау мақсатында жұмыс істейді. Қазіргі таңда кез келген азамат қызмет атқаратын орнында заңсыз іс-әрекеттерге не болмаса қысымға, өз құқығының тапталуына куәгер болса онда тиісті органдар арқылы өз құқығын қорғай алады. 

            Еңбек заңнамасының негізгі қағидалары туралы және біздің ауданымыздағы еңбек заңнамасы аясында азаматтар құқығының қаншалықты қорғауда екендігін анықтау мақсатында         Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы, Кербұлақ-Панфилов ауданаралық өкілі Қасқарауов Ербол Мұқамерұлымен сұхбаттасқан едік.                    

            -Ербол Мұқамерұлы, ең бірінші оқырмандарымызға еңбек шартының басқа шарт   түрлерінен басты айырмашылығын атасаңыз?

            -Еңбек шарты – жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісімі, бұған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесін сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді.

            -Кей кездері тараптардың келісімі бойынша жұмыс беруші мен жұмыстар арасында бейбәсекелестік шарт жасалуы мүмкін. Аталған шарт  қағидаларын түсіндіріп беріңізші.

            -Бейбәсекелестік туралы шарт – жұмыс берушіге нұқсан келтіруі ықтимал әрекеттерді жүзеге асырмау туралы жұмыскерге тиым салу. Бейбәсекелестік туралы шартқа қол қойып, жұмыскер өзінің жұмыс мерзімі барысында жұмыс берушіге бәсекелес ұйымдарда жұмыс істемеуге немесе өзге қызметті жүзеге асырмауға міндеттенеді.

            -Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде жұмыс берушінің қандай актілері рәсімделеді?

            -Жұмыс берушінің актілері – жұмыс беруші шығаратын бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, қағидалар, ережелер, ауысымдық кестелер және демалыс кестелері болып табылады. Іс-тәжірибеде жұмысқа қабылдау бұйрық немесе өкім ретінде рәсімделеді. Бұйрықты әзірлеу мен рәсімдеу тәртібі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы №144 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 136-бабының 2-тармағына сәйкес үйде істейтін қызметкерді жұмысқа қабылдау туралы актіні шығару және оның жұмысы туралы мәліметтерді еңбек кітапшасына енгізуді жұмыс беруші жүргізбейді.

            -Өзіңіздің негізгі қызметіңіз барысында сіздің тараптан тексерістен өткен шаруашылық субъектілеріндегі еңбек заңнамасының орындалуы және  оларда орын алған негізгі кемшіліктерді атасаңыз.

            -Еңбек заңнамасы талаптарын бұзу деректері бойынша жұмыс берушілер тарапынан жіберген негізгі, ортақ кемшіліктер ретінде атап өтуге тұратын деректер мыналар: жасалған еңбек шартының мазмұндары Еңбек Кодексі талаптарына сәйкес келмейді, еңбек шарттарында айлық жалақы сомалары көрсетілмейді, еңбек шартын жасасу үшін қажетті талап етілмейді, жұмыскерлер мен қызметкерлерді жұмыстан шеттету еңбек заңнамасына сәйкес жүргізілмейді, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы еңбек заңнамасына сәйкес жүргізілмейді, үстеме жұмыстардың шекті саны қадағаланбайды. жұмыс берушілердің бекіткен кестесі бойынша қызметкерлер мен жұмыскерлер жыл сайынғы ақы төленетін кезекті еңбек демалыстарына жіберілмейді, жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері сақталмайды, күзетшілер мен еден жуушыларды арнайы киімдермен қамтамасыз етпейді, қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі жауапты адамдар білімін көтеру мен аттестаттаудан өтпейді, әр мамандар бойынша қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөнінде нұсқаулықтар жұмыс берушінің бекітуімен  жүргізілмейді және жұмыс беруші босаған бос лауазым орындарына жергілікті жұмыспен қамту орталығына жазбаша түрде сұраныс жазбайды.

            Шағын кәсіпкерлік нысандарының иелері немесе оларды басқарушы жеке тұлғалар салықтық, міндетті зейнетақылық және сақтандыру, жалақылық төлемдерден жалтару мақсатында жалдамалы жұмыскерлермен ешқандай еңбек шартын жасаспайды, мүмкіндігінше жалақы төлейтін кезде жұмыскердің жұмысынан «кінәрат» тауып, жұмыстан кетуін талап етуге дейін барады, заңды құқығы бұзылған жеке тұлғаның уәкілетті органдарға шағымданып өз құқығын қорғау мүмкіндігі жоқтығын пайдаланған кәнігі, айлакер «байшікештер» ондай тегін жұмыс күшін пайдаланудан, заңның ақтаңдақтарын өз пайдасына жаратудан мол «тәжірибе» жинақтап алған.

            -Қызметіңізде басшылыққа алатын басты қағидаңыз қандай?

            -Мемлекеттік қызметкер ретінде заңмен белгіленген барлық қағидалар талаптарын қатаң сақтау, еңбек адамдарының заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылмауына ықпал ететін еңбек заңнамасының кез-келген жұмыс берушілер тарапынан біркелкі сақталуын мемлекеттік бақылауды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асыру менің күнделікті қызметімде ұстанатын   басты қағидаларым болып табылады. Еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарына қарай тиісті актілерді заң шеңберінде шығару – қызметтік міндетім. Өз жауапты аймағымда еңбек заңнамасы сенімді қорғалуда деп айта аламын. Ал, халқыма адал қызмет ету мен үшін өмірлік ұстаным болып табылады.

            -Ербол Мұқамерұлы, отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

            -Жұбайым Гүлжан Нұрақынқызы Әшімбекова жоғары санатты ұстаз. Жаркент гуманитарлық колледжінде 36 жыл бойы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Үлкен қызым – Эльвира жоғары білімді экономист, Қазақстан халық банкінің Панфилов аудандық бөлімшесінде аға менеджер болып қызмет жасайды, жанұялы, 2 баланың анасы. Екінші қызым – Гүлнұр арнаулы орта білімімен Жаркент қаласындағы балабақшада тәрбиеші болып істейді.              Ұлым Бауыржан - жоғары білімді. Ол Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін экономист мамандығы бойынша қызыл дипломға аяқтаған, әрі экономика ғылымдарының магистрі. Алматы қаласындағы ірі корпорацияда бас менеджер, ал келінім Айнұр сол қаладағы Орталық Халық банкісінде менеджер болып өз мүмкіндіктерін, қабілетін, күш-жігерін, білімдерін халқына адал қызмет етуге арнауда.

            -Ербол Мұқамерұлы басылым редакциясына келіп сұхбат бергеніңізге рахмет!                                                           

           Ж.Бейсебек.