Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 6 орталық жұмыс жүргізуде

20.02.2020ж

2020 жылдың 11 ақпанынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Мақажанов Ернар Абсейітұлы тағайындалған болатын. Жаңа басшы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында алдағы атқарылар жоспарлармен бөлісті.

 

"Жетісу-адалдық алаңы" жобалық кеңсесі 2018 жылы құрылған уақытынан бастап аймақтағы жемқорлықтың  тамырына балта шабуға бар күштерін салуда. Жалпы жобалық кеңсенің алдыға қойған мақсаты – «жемқорлықсыз аймақты» қалыптастыру болып табылады.

Алдағы уақытта адалдық алаңы әлеуметтің әр саласында мәселен, денсаулық сақтау, тұрғын, үй, білім, әлеуметтік сала, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамдық ортада қолайлы жағдай жасау, тұтынуышлар құқығын ретке келтіру, көлік тасымалы сынды салаларда мониторинг жүргізіп, көпшілікпен сауалнама жасап, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алуға білек сыбана кіріспек.

Тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты арыз-шағымдарын тыңдап, олармен жұмыс атқару үшін 6 жемқорлыққа қарсы орталық халыққа есігін айқара ашқан.

Бүгінде жемқорлықтың ең көп кездесетін саласы денсаулық сақтау деп есептеген мамандар ақпан айының 17 мен наурыз айының 6-сы аралығында Алматы облысының денсаулық сақтау саласына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізетін болады.

Бұдан басқа, Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында денсаулық сақтау саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілер талданады»,- деді "Жетісу-адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы - Аманжол Тоқтарұлы

 Айта кету денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг республика көлемінде барлық өңірлердегі "Адалдық алаңы" жобалық кеңселерімен жүргізіледі. Орталық жобалық кеңсе жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша барлық материалдар  сыбайлас жемқорлық қауіпі  анықталған жағдайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылады.