Алматы облысында 2 мыңнан астам адам дертке шалдыққан

08.07.2020ж

Ел аумағында індет әлі де өршіп тұр. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік комиссия шешіміне сәйкес, республикада 5 шілдеден бастап 14 күндік карантиндік шектеулер енгізген болатын.

 

 Соңғы аптада Алматы облысында инфекцияның өсу қарқыны 4 пайызды құрады.

«Бүгінгі күнге облыс бойынша коронавируспен ауырғандар саны 2749 Оның ішінде 1290 адам жазылып шықты. Соңғы тәулікте 8 адам коронавирустық инфекция белгілерімен стационарға жатқызылды»,-деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

 Жалпы медицина қызметкерлерінің бақылауында 5581 адам бар, оның ішінде стационарлық емдеуде – 2583,  сипмтомсыз үй бақылауында 895 адам, үй карантинінде  – 2103 адам жатыр. Инфекциялық бөлімнің реанимацияда ауыр және өте ауыр жағдайда 41 пациент бар. 15 науқас өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылған. Бүгінде облыста стационарда пневмониямен 2517 пациент ем-дом алуда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 жарым есеге жоғары. Ал, 86 науқас ауыр хәлде.

 Өткен жылы пневмониядан 98 адам қайтыс болса, биыл өкінішке орай 190 адам көз жұмған.

Облыста соңғы аптада провизор бөлімінен 618 адам емделіп шықты. Жалпы алғанда күнделікті 150-ден астам адам емделіп шықса, 200-ге жуық науқас емханаға түседі екен. Ауруы асқынған пациенттер санының өсуіне байланысты инфекциялық стационарда соңғы екі аптада төсек санын 3 есе яғни, 17 стационарлық мекемеде 150-ден 500-ге дейін арттырылды. Пневмониямен ауыратын науқастарды емдеу үшін 31 стационарда төсек саны мыңнан үш мыңға дейін көбейтілді.

Жалпы стационарда ем алып жатқан адамдардың басым көпшілігі 50 жастан асқан егде азаматтар, оның ішінде 90 пайызы қан қысымы, жүрек тамыр, қант диабеті, обыр ауруларымен ауырғандар. Осыған байланысты үлкен жастағы адамдарды, созылмалы аурулары бар науқастарды денсаулықтарына аса жауапты болуға, санитарлық талаптарды қатаң сақтауды мамандар талап етуде деп түйіндеді Батыржан Құлаймергенұлы.