Тұрмыстық әлімжеттік - имансыздық

16.10.2020ж

Адам құқығын қорғаушы Халықаралық ұйымдар мен еліміздегі қоғам белсенділері тұрмыстық әлімжеттік туралы Қазақстан заңнамасын орынды сынап келеді. Халықаралық  Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының биылғы жасаған мәлімдемесінде «Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнамасы

айыппұл төлеп, әрі қарай да күш көрсете беруге мүмкіндік береді» деп жазғаны және «әйелдердің отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғалмауы-Қазақстанның адам құқығы бойынша міндеттемелеріне қайшы» деген тұжырымы біздің елдегі адам құқығын қорғаудағы адам төзгісіз олқылықтарды ашып көрсеткеніне нақты дәлел бола алады. Бұндай жағдайлар тәуелсіз еліміздің халықаралық беделіне нұқсан келтіретін жағдай деп есептеймін.

                Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Тұрмыстық әлімжеттікке қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Заң бойынша әлімжеттік жасағандарға  жазаны күшейту және бұл  бағыттағы полицейлердің өкілеттігін кеңейтуге мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Мәжіліс  отырысында  «Тұрмыстық әлімжеттіліктің алдын алу туралы» 2009 жылы қабылданған, қазіргі күнге дейін қолданыста болған заңның іс жүзінде адам құқығын қорғауға бағытталған халықаралық заңдарға сәйкес еместігі, тиімсіздігі мен сол заңда кеткен кемшіліктерді жою мақсатында қабылданып отырғаны кеңінен айтылды.

                Заң жобасы авторларының пікірінше аталған нормативтік-құқықтық актіде отбасылық жағдайда жиі кездесетін осы бір қылмыстың алдын алу, анықтау, бақылау, жолын кесу, жазалау және айықтыру мәселелерін  кезеңдермен шешу тетіктері қарастырылғандығы айтылады.

                Ішкі істер министрінің орынбасары А.Калайчидің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының аралығында  ішкі істер органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты азаматтардан 130 мың шағым түсіп, олардың тек 2,5 мыңы бойынша ғана қылмыстық, 30 мыңы бойынша  әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалғаны, қалған басым бөлігінде жәбірленушілер арызданудан бас тартқаны айтылады.

                Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтер бойынша пандемия кезінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейгені бәрімізге белгілі. Адамзатттың Абайының «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» дегеніндей мемлекет үлестірген жәрдемақы мен отбасында болу мүмкіндігін кейбір азаматтар отбасының мүшелеріне әлімжеттік жасауға жұмсағаны нағыз тойып секіргеннің, есерліктің белгісі, еркектің әлсіздігі мен бейшаралығы деп есептеймін. Ондай қатігездік әрекеттер үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы керектігін уақыт өзі көрсетіп отыр. Әйтпесе, елімізде әйелдерге қатысты жасалған отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың асқынғаны сонша адамның өлімі мен мүгедектігіне ұшыратқан қайғылы жағдайлар көбейіп кеткенін ресми ақпарат көздерінен естіп те жүрміз.

                Жаңа заң жобасы бойынша ішкі істер бөлімі қызметкерлері тек отбасы мүшелерінен ғана сұрамай, көршілерден де жауап ала алады. Тергеу амалдарын жүргізу барысында отбасының тұрмыстық жағдайы, балаларының эмоциялық-психологиялық күйі және өзге де жағдаяттар жан-жақты зерттеліп, зерделеніп қағазға түсіріліп, жинақталған материалдар негізінде шара қолданылуы қарастырылып отыр. Сонымен бірге полицейлердің әлімжеттік көрген отбасы мүшесіне қорғау нұсқамасын беруде де өкілеттігі артатын болды. Мәжілісте жәбірленушінің арыз түсіруіне кедергі келтіретін қағазбастылық пен сөзбұйдалықты азайту, «қылмыскерді» жазаға тарту үшін кемінде бес орган қатысатын тиімсіз әдістемелік қағидадан бас тарту керектігі де орынды қозғалды. 

                Тумысынан текті, қаны мен жаны таза, пейілі Ұлы даласындай дархан, ержүрек қазақ халқының ер-азаматтары ешқашан асыл жары, балаларының анасы, ұрпағын өсіруші әйел-анаға, жалпы жолы жіңішке  қыз балаға қол көтермеген,  Тұмар ханшайымдай батыр ару қыздарымыз ел басына күн туған замандарда ер-азамттармен қатар атқа мініп,қолына қару ұстап елі мен жері үшін  жанын құрбан ете отырып қорғаған, Домалақтай абыз аналарымыз ел басқару ісіне ерлермен теңдей араласып билік айтқан, жалпы дала        демократиясы әлемге үлгі боларлық  қазақ қоғамында  әйел баласын өзінен төмен ұстап кемсітпеген.  Өмір – серіппе (бумеранг). «Атаңа не істесең-алдыңа сол келеді» деп дана халқымыз айтпақшы әлсізге жәбір көрсетуші көрсоқырдың жолы нәзік әйел затына істеген зұлымдығы алдағы өмірде не анасы, не қызы, немесе әпке-қарындасының алдынан шығатыны,  тамыр-танысының, ақшасы мен «шатырының» көмегімен заңнан қашып құтылғанмен Алланың жазасынан құтылмайтыны сөзсіз шындық.

                Қазақстан Республикасының  Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілгеніндей,  сондай-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының  «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында атты тарауында: «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты орындалмайды» деп атап көрсеткендеріндей тұрмыстық әлімжеттік көрген азаматтарымызды жаңа заң пәрменімен тиімді қорғай отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуші имансызды қоғамнан оқшаулай отырып қатаң жазаласақ құқықтық мемлекет құрып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық қорғау жүйесі әділетті, экономикасы дамыған, азаматтарының рухани деңгейі жоғары өркениетті қоғам құратын боламыз.

                Қорыта айтқанда, тұрмыстық әлімжеттік-имансыздық, көргенсіздік, тексіздік жалпы алғанда өркениетті қоғамға жат зиянды құбылыс дер едім.

Бекмұхамет  СЕРІКБАЕВ,

Қазақстанның Заңгерлер

және Журналистер

Одақтарының мүшесі .