САНДАРДЫ СӨЙЛЕТКЕН ҮЗДІКТЕР

30.10.2020ж

1920  жылдың 8 қарашасында Қазақ АКСР Үкіметі «Қазақ АКСР-дағы мемлекеттік статистика жағдайы» қаулысын енгізіліп,  құрылған  Статистика басқармасына биыл 100 жыл. Статистика сөзі ғылыми әдебиетте 18 ғасырда қолданысқа енді және алғашқыда «мемлекеттану» деген мағынада ұғынылды. Ғылымдағы бұл бағыттың бастауында ағылшын ғалымы Уильям Петти (1623-1687) тұрды. Ресми статистика барлық елдің үкіметі мен қоғам үшін ерекше мәнге ие.

Бүгінде жоғары сападағы статистикалық мәліметтер ұлттық, өңірлік және әлемдік дәрежеде қолжетімді болып отыр. Ал еліміздегі статистика органдары статистика  қызметінің халықаралық стандарттарын енгізіп,  белсенді   түрде  дамып  келеді.

                Жалпы алғанда статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтың, ұлттық және әлемдік  деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың орны ерекше. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмысссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты, инвестиция және құрылыс, сыртқы экономика және сауда тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттар туралы мәлімет аталған ұйым арқылы шығарылады.

                Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Мемлекеттен басқа статистикалық қызмет жұмысына халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар жүгінеді. Сондықтан да статистердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді.

                Статистика қажетті мәліметтермен қамтамасыз етеді. Дегенмен ол беліглі бір көрсеткіштердің айнасы болып қана қоймай, шешім шығару үшін де маңызды рөл атқарады. Сондықтан статистика ғылымы әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды талдауды өзіндік әдіс-тәсілдер, ережелер жиынтығы арқылы жасайды. Тіпті оны басқа да ғылымдар өз зерттеулерінде, тәжірибесінде қолданатынын ескерсек, статистиканың біздің өмірімізде алар орны зор екенін байқаймыз.

                Жүз жыл уақыт ішінде Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Бүгінгі таңда еліміздің бұл саласында заң жүйесі, нарықтық экономика елдеріне сай статистика салалары, статистикалық әдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып жатыр.

                Мемлекеттік статистика – статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырған жүйесі. Қазақстанның қазіргі статистика жүйесінде Статистика жөніндегі комитет осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы өкілетті орган саналады және елдегі бүкіл статистикалық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттап отырады.

                Қазақстанда мемлекеттік статистика органдарының жұмысын «Мемлекеттік статистика туралы» заң реттейді. Бүгінгі таңда статистикалық қызметтің дамуы Ұлттық экономика министрлігінің стратегиялық жоспарына сай жүзеге асырылады. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін жыл сайын әрбір мемлекеттік орган нақты әрекеттер белгілеп, операциялық жоспар құрады.

                Республикамыздың статистика органдары экономика, әлеуметтік және демографиялық индикатор, ауыл шаруашылығы мен халық тұрмысы секілді түрлі салалар бойынша халықаралық талаптарға сай объективті және толық мәлімет бере алады.

                Ағымдағы жылы Статистика жүйесінде бірқатар өзгерістер  орын  алады.   Қазақстан      Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралары туралы» 2020 жылдағы 8 қыркүйектегі    №407    Жарлығымен Қазақстан      Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды, оған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кейбір функциялары мен өкілеттіктері, оның ішінде мемлекеттік статистикалық қызмет саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді.

  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Стратегиялық жоспарлау және реформалар қарауына беріліп, Ұлттық Статистика Бюросы етіп қайта құрылады.

                Ал біздің ауданымыздың статистика басқармасының тарихына сүйенсек. Бұл мекемеде 1947 жылдан 1959 жылға дейін бас маман болып ауданымызға өте танымал қария Сейтқазы Корбузов жұмыс істесе, 1962 жылдан 1986 жылға дейін Нәукен Әлибеков, 1986 жылдан 2008 жылға дейін Нұриахмет Нұрбекұлы  атты еңбегі сіңген құрметті азаматтар қызмет атқарды. Ал 2008 жылдан бастап «Панфилов аудандық статистика басқармасы» деп аталатын бұл мекемені Бақытгүл Әлиасқарқызы басқарып келеді. Статистика жүйесінде 30 жылдан астам уақыт аянбай еңбек етіп, ауданның экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Бақытгүл Алиасқарқызының көп жылдық еңбегі еленіп, «Успешные люди» энциклопедиясына енді.

                Бүгінде аудандық статистика басқармасы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика Комитеті Алматы облысының Статистика департаментіне қарайды. Негізгі міндетіне алғашқы статистикалық ақпаратты жинау, бақылау, өңдеу және сараптау жатады. Сонымен қатар респонденттерді оқыту, кеңес беру, арыз-шағымдары мен ұсыныстарын қарау да басқарма құзырында. Ауданның әлеуметтік экономикалық статистикалық көрсеткіштерді қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Респонденттерден келіп түскен қандай да бір мәлімет бірнеше бақылау сатысынан өтеді. Себебі, бұл салада қателік жіберуге болмайды. Бүгінде ақпаратты есепке алу жүйесі әлімдік тәжірибеге сәйкес жүргізіледі. Осы сияқты экономикалық, демографиялық, әлеуметтік көрсеткіштер статистика саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан мамандардың арқасында шығып отыр.

    Бүгінгі  күні басқармада 6 мемлекеттік қызметкер және «Ақпараттық – есептеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның Алматы облысы бойынша филиалында 1 маман жұмыс істейді.

                Басқарманың бас маманы Клара Сулейменова аудандағы кәсіпорындардың өнім өндіру және оның қызмет түрлері бойынша өнім көлемін анықтау, жаңа кәсіпорындарға сауал қою және тұрғын үй тіркелімі бойынша есептілікті жүргізсе, Жанар Болатқызы сыртқы, ішкі сауда, көлік және байланыс салалары бойынша есептілікті жүргізеді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы мал және өсімдік шаруашылығы бойынша есептілікті Жомарт Бейсебеков жүргізсе, Надиям Биширова тұтыну тауарлары мен ақылы қызметтер бағасын, ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын анықтап, шағын кәсіпорындардың қызметі туралы есептілікті жүргізеді. Еңбек бойынша есептілік пен денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының қызметі туралы есептілікті Гульшат Альбосунова жинайды. Жас маман Молдаш Бекзат туризм саласындағы жаңалықтарды анықтайды. Шағын шаруа немесе фермер қожалықтарында және жұртшылық шаруашылықтарында мал шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша мәліметті Самара Сембекқызы жинақтайды.

                Сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасын, жұмыссыздық деңгейін Индира  Жапар, Лаура  Кайранбекова, Бағдагүл Тайлыбаева және Назгүл Нағашбекова сияқты интервьюерлер халық арасында жүріп сауалнама жинайды.

                Осы мамандардың еңбегінің арқасында аудандығы халықтың тұрмыс-тіршілігінің деңгейі, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы нақты әрі объективті ақпаратпен мемлекет хабардар болып отыр.

                Осы айтулы мереке қарсаңында барлық статистика басқармасы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз. Баршаларыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, табыс және алға қойған мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектеспіз. Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, ел, қоғам алдында абыройларыңыздың арта беруіне  тілектес  білдіреміз.

(Өз  тілшіміз).