Жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданылғаннан бері зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі жинақталған инфляциядан 117,84% асты

2022-05-19


Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 13,0 триллион теңге болды. Бұл қаражаттың  зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтитыны белгілі.

 

Зейнетақы жинақтарындағы инвестициялық табыстың үлесі жыл сайын өсіп келеді. Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 6,3 трлн теңгені құрады. 

2022 жылдың 1 қаңтары мен 1 сәуірі аралығында инвестициялық табыс шамамен 295,8 млрд теңгеге өсті.

Биыл жыл басынан бері геосаяси ахуалға байланысты әлемдік қаржы, тауар нарықтарында құбылмалылық басым болып, бұл инфляцияның өсуіне де, зейнетақы активтерінің табыстылық көрсеткіштеріне де әсерін тигізді.

2022 жылдың наурыз айында Қазақстандағы инфляция деңгейі 2016 жылғы қыркүйектен бастап ең жоғарғы жылдық мәнге жетіп, 12% дейін өсті. Инфляцияға әсер еткен азық-түлік тауарларының қымбаттауы болып, баға өсімі 15,4% жетті. Сонымен қатар, тұрмыстық заттар мен қызмет құны да күрт өсті.

Зейнетақы активтерінің табыстылығы қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау салдарынан өзгеріп, жыл басынан бері түрлі кезеңдерде оң да, теріс те қалыптасты.

Зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланған. Инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылды. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтері құрамындағы инвестициялық кіріске әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеп, доллар бағамы өскен кезде жоғарылауы мүмкін.

2022 жылдың қаңтары мен наурыздың басы аралығында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы әлсіреп, доллар құны 431 теңгеден 495 теңгеге дейін, одан әрі 512 теңгеге дейін өскен болатын. Осылайша, апта сайын зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау қалыптасты.  Салымшылар да өздерінің жеке зейнетақы шоттарында айтарлықтай оң инвестициялық табысты байқады. Содан кейін ұлттық валюта нығайып, доллар бағамысәйкесінше, төмендеді. 1 сәуірде 1 доллардың бағамы  466 теңге болды.

Нәтижесінде қаржы нарығындағы жағымсыз оқиғалар және активтерді валюталық қайта бағалау инвестициялық кірістілікке кері әсер етті. Соңғы күнтізбелік 12 айда кірістілік 10,43%  болса, сәйкес кезеңде инфляция 12,0% жетті. Зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және айдың соңғы күнінде жүргізілетіндіктен, салымшылар бұл өзгерістерді өздерінің үзінді көшірмелерінен көре алады.

Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған орынды. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) – айқын нәтиже бермейді, өйткені, ол нарықтың үнемі құбылмалығына тәуелді.

Мысалы, салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2021 жылы аударылған таза инвестициялық табыс шамамен 1,4 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде түскен жарналар сомасынан асып түсті (1,3 трлн теңге). 2021 жылы Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша жыл басынан бері кірістілік инфляция 8,4% болғанда 11,13% жетті.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап (1998 жыл) 2022 жылдың 1 сәуіріне қарай, инвестициялық табыстылық барлық кезеңдегі инфляция 580,40% болғанда өсу қорытындысымен 698,23% құрады. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданыла бастаған кезден бастап 2022 жылдың 1 сәуіріне дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты (яғни, инфляциядан асып түсетін) кірістілігі 117,84% көрсетті.

            Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайты немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинеттен 24/7 тәртібінде көре алады. Айта кетейік, зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және әр айдың соңғы күнінде жүргізіледі.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.