Айлакерлер апаны аңқауларды тартады

2023-02-24


Қоғамның қазір интернетсіз күні қараң. Ал интернеттің игілігі де бар, зияны да бар. Әйтсе де аңқау қазақтың аяғына тұсау болып тұрғаны рас. Мысалы, биылдың өзінде ел көлемінде 1617 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Мұның 33-і Жетісуға тиесілі екен.

Енді жоғарыдағы санды жіпке тізіп көрейік. Өңір ор­та­лығы Талдықорған қала­сын­да 31, Текелі қаласында 1, Көксу ауданында 1 жағдай тіркелген. Көбінде бұл қылмыстың түрі ұялы телефондарды қолдану ар­қылы жасалған. Алаяқтар банк­тік ақпаратқа қол жеткізу үшін азамат­тардың қажетті жеке мә­лі­­метін алудың түрлі тәсілін қолданып, қақпанға түсіреді. Мәсе­лен, Талдықорған қалалық полиция басқармасы Ф. есімді азаматтың арызы бойынша тергеп-тексеру жүргізу үстінде. Белгісіз біреулер оның атынан онлайн несие рәсімдеп, қаражат жым­қыр­ғаны анықталған. Кіші әділет кеңес­ші­сі Жайық Мұқанов­тың айтуынша, алаяқ­тар адамдарды көбіне несие рәсімделгені туралы жаңы­лыс­ты­рады.

«Олар бірден банк картасы бойынша мәліметтерді, карточка нөмірін, банк картасының артқы жағында орналасқан «CV» кодын хабарлауды сұрайды. Ол аз десеңіз, «WhatsApp» мессенджері арқылы қоңырауларды пайдаланады. Өйткені «WhatsApp» қоңы­рау­ларды бақылау қиын, алаяқтар ел ішінде де, одан тыс жерлерде де болуы мүмкін. Соны­мен қатар интернет-алаяқтық «Колеса», «Крыша», «OLX» интернет сайт­тарын пайдалану арқылы да жасалады. «Бір айта кетерлігі, осындай эпизодтарға ұқсас қыл­мыс­тық істерді еліміздің барлық аймағынан кезіктіруге болады. Интернет-алаяқтық қазіргі қо­ғам­ның ең өзекті әрі маңызды мәсе­лесіне айналды», дейді Ж.Мұқанов.

Тағы бір айта кетерлік жайт, «Instagram», «Telegram», «Face­book», «ВКонтакте» секілді ел ішін­де беделге ие әлеуметтік же­лі­лер арқылы мүлікті сату тура­лы хабарландыруды жария­лау кезінде де абай болған дұ­рыс. Олар қымбат заттардың өте төмен құнын пайдаланады. Осы­лайша, сатып алушыларды өзіне тартады екен.

Айтпақшы, Жетісуда алаяқ­тық­­тан бөлек, аудиторлық тек­се­рістен кейін анықталған қар­жы қылмыстары да көбейген. Бұл бағыттағы тәртіп бұзушы­лық­­тардың жалпы сомасы 2 138 275,5 мың теңгені құрап отыр. Оның ішіндегі 758 028,5 мың теңге қаржылық болса, 1 380 247,0 мың теңге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жатады. Жалпы, өңірде аудитпен қамтылған қа­ра­жат көлемі 2 535 973,3 мың теңге, оның ішінде ба­қылаумен қамтылған мем­ле­кет­тік сатып алу сомасы 526 727 мың теңге.

«Жетісу облыстық ішкі мем­ле­кеттік аудит депар­та­менті былтыр комитет тапсырмаларының не­гі­зін­де құқық қорғау органдарынан жіберілген шағымдар мен өтініштерге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 18 аудиторлық іс-шара жүргізіп, бір­қатар кемшілікті анықтады», дейді облыстық ішкі мемлекеттік аудит депар­та­мен­ті­нің бөлім басшысы Жайлау Шаймерденов.

Есепті кезеңде анықталған заң­сыздықтарды жою және олар­ға жол берген жауапты тұл­ға­­лар­ды тексеру мақсатында аудит­ нысандарына 17 нұсқама жібе­ріліп, 2 лауазымды тұлға тәр­тіптік жауапкершілікке тар­тылған. Сондай-ақ департамент мамандары аудиторлық іс-шара­лар­дың нәтижесі бойынша 14 лауазымды тұлғаға әкімшілік жаза ретінде 1056,3 мың теңге айыппұл салған. Бүгінде қаржы толық көлемде өндірілген. Одан бөлек 2 аудиторлық іс-шараның қорытынды материалдары құ­қық қорғау органдарының қарауына берілген. Департамент «Мем­ле­кеттік аудит және қаржылық бақы­лау туралы» заңның 30-бабына сәйкес облыстағы ұйым­дастырушылар, тапсырыс беру­ші­лер өткізетін мемлекеттік са­тып алуларға тұрақты негізде ка­мералық бақылау жүргізеді. Мәселен, былтыр жалпы сомасы 31,1 миллиард теңгеден астам мем­лекеттік сатып алудың 3 229 лоты камералық бақылаумен қамтылған. Оның қорытындысы бойынша 804 лотта 6,8 мил­лиард теңгенің заң бұзушылығы анық­та­лып, оны жою туралы 804 хабарлама жіберілген.                                                                                                                                Жетісу облысы