Қазіргі заманғы қаржылық алаяқтықтың кең таралған әдістері

2023-10-26


Қазіргі алаяқтар күн сайын азаматтардың ақшасына қол жеткізу үшін алаяқтықтың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Алдау схемалары әр түрлі болуы мүмкін: банк клиентінің бейтаныс сілтемені басуы, құпиясөзді бұзу, желіде алдамшы ұсыныстар беру және т.б. Алайда, азаматтар өздерінің желідегі қауіпсіздігі қаржылық және ақпараттық сауаттылығының деңгейіне тікелей байланысты екенін есте ұстауы керек.

 

Fingramota.kz азаматтарға алаяқтардың ең көп таралған схемаларын тағы да еске салады.

 

 

 

Қаскөйлердің ең танымал схемалары

 

Мысалы, алаяқтар өз тауарларын немесе қызметтерін интернетте түрлі сайттарда арзан бағамен ұсынады, сонымен қатар жылдам жеткізуге де уәде береді. Клиент еліктіретін ұсынысқа назар аударады, содан кейін одан алдын ала төлемді онлайн режимде ішінара немесе толық көлемде әдетте үшінші тұлғаға ресімделген шотқа аударуды сұрайды. Алдын ала төлемді алғаннан кейін тапсырыстар орындалмайды. Мұндай алаяқтарды табу өте қиын, себебі олар шын мәнінде шифрланған деректерді пайдаланып, басқа елде болуы мүмкін.

Көбіне басқа адамдардың ақшасын іздеушілер түрлі банктердің клиенттеріне жеке телефон нөмірлеріне қоңырау шалады. Мысалы, онлайн-банкинг пайдаланушысына банктің жалған менеджері мен қауіпсіздік қызметінің бастығы қоңырау шалуы мүмкін. Олар клиенттің картасын пайдаланып күдікті қаржылық операциялар жүргізіліп жатқандығы туралы ойдан шығарылған оқиғаны хабарлайды. Бұғаттау үшін төлем картасының артындағы үш таңбалы нөмірді, SMS-кодты сұрайды. Барлық қажетті деректерді алғаннан кейін, алаяқтар интернет-банкингке қосылып, бірнеше минуттың ішінде клиенттің онлайн-шоттарындағы барлық ақшаны ұрлап алады. Клиенттің картасын өз мақсатында пайдалану үшін алаяқтар оның нөмірін, иесінің атын, жарамдылық мерзімін, картаның артындағы нөмірді білуі керек.

Сонымен бірге қоңырау шалу немесе SMS арқылы жасалатын алаяқтық түрі жиі кездеседі. Клиентке оның абоненттік нөмірі компанияның байқауында жеңіске жеткені туралы қуанышты жаңалық жеткізіледі. Жүлдені басқа қаладан алып кетуге немесе ақшалай банк картасына аударып алуға ұсыныс жасалады. Ол үшін олар адамның жеке деректерін сұрайды, интернет-банкингті құрылғысына қосуға мүмкіндік беретін түрлі қосымшаларды жүктеуді сұрайды да, ақшаны ұрлап алады.

Алаяқтар көп жағдайда сатып алушыға айналып шыға келуі мүмкін. Олар сатушының телефонына тауарға ақша төлеуге қажет деген сылтаумен деректерді толтыру үшін сілтемелер жібереді. Сатушы осы сілтеме бойынша өткен кезде оның шотынан автоматты түрде ақша алынады, төлем карточкасының иесі оны білмей де қалады, бұл арнайы зиянды бағдарламалық қамтылымның көмегімен жүзеге асырылады.

 

Алаяқтардың құрбаны болмас үшін не білу керек?

 

Біріншіден, жеке деректеріңізді, оның ішінде пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге айтпаңыз, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен кодтық сөздерді ешкімге жібермеңіз.

Тексерілмеген және күмәнді ақпарат көздеріне, мысалы, белгісіз адамдарға, әсіресе Интернетте, сенуге болмайды. Әрқашан ақша мәселелеріне қатысты кез келген ақпаратты тексеріңіз және ересектермен, отбасыңызбен және жақындарыңызбен кеңесіңіз.

Тексеріп алмай тұрып тауар үшін алдын ала төлем жасауға болмайды, тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасаңыз. Егер сіз сатып алушының немесе сатушының шынайы екеніне күмәндансаңыз және алдауы мүмкін деп ойласаңыз, онда мәмілені тоқтатыңыз, тауар немесе қызмет үшін бірден ақы төлеуге асықпаңыз. Сіз әрқашан күте аласыз. Сізде ақша бар кезде талапты да сіз қоясыз және сол немесе басқа тауарды не қызметті сатып алу керек пе, жоқ па, оны сіз шешесіз.

Әрқашан мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:

 егер сізге күтпеген жерден «банктен» сіздің шотыңызға қаражат аударылғаны туралы SMS келіп түссе, одан кейін сізге белгісіз адам қоңырау шалып, сізге ақшаның қате аударылғанын айтып, оны қайтаруды сұраса, онда оның айтқанын жасауға асықпаңыз. Бұл алаяқтар болуы мүмкін. Яғни, сізге ақша түскен жоқ, ал SMS – жалған. Сондықтан, бұл жағдайда барлық шоттарыңызды дереу тексеріп, онлайн-банктен үзінді-көшірмені қараңыз немесе оны онлайн-банкинг арқылы ата-анаңыз жасасын;

 

Желідегі аккаунттарыңызға сенімді құпиясөздерді қалай жасауға болады?

Интернетте кез келген қаржылық операцияларды жасағанда сақ болыңыз.

 

Алаяқтардың арандатуына жол бермеңіз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!