Алматы облысында Талдау және болжау орталығы ашылды

http://turizm-hit.ru/

Әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және оны тереңдеп талдау арқылы стратегиялық шешімдер қабылдауды қолдау мақсатында Талдау және болжау орталығы ашылды.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алпысбаев Рустам Әлиұлы баяндады.

 

Талдау және болжау орталығы дағдарыстық не болмаса төтенше жағдайларды басқару, күнделікті жедел сараптау, Алматы облысының әлеуметтік-саяси жағдайын және әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау және болжау, байланыс орталығының көмегімен кіріс және шығыс ақпараттарын қабылдау сынды  шешімдерді  жүзеге асырады.

Сондай-ақ, облыста  әлеуметтік шиеленіс картасы әзірленуде.  Аталмыш карта өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық деңгейіне тікелей әсер ете отырып, түрлі деректерді көрсететін критерийлер жинағымен әлеуметтік-экономикалық шиеленісті бағалауға бағытталған. Карта облыстағы барлық оқиғаларды, төтенше жағдайларды қадағалауға, жалпы қоғамдық-саяси жағдайдың мониторингісін жүргізуге мүмкіндік береді.

 «Уақыт барысында үнемі жаңартылып отыратын өзекті деректер картаға енгізіліп отырады. Бұл мамандарға әлеуметтік көңіл-күй деңгейін өңдеуге және болжауға, шиеленісті болдырмау үшін әлеуетті мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді», - деді Рустам Әлиұлы.

Айта кетейік, әлеуметтік шиеленіс картасы құқық қорғау органдары мен Алматы облысының басқармаларының жұмысын шоғырландырып, статистикалық деректерді біріктіруге және сақтауға мүмкіндік береді.