Туған жердің бойтұмары «Баркөрнеу»

 Атамекеніміз киелі Жаркент  аймағының тумасы – ардагер ұстаз, этнограф және Жетісудың тарланбоз ақыны Әдепхан Жақыбаев ағамыздың «Баркөрнеу» кітабының тұсаукесері қарашаның 29 – шы жұлдызы күні өзінің  тұратын  ауылы  Көкталда  айрықша  бір  ықыласпен, жоғары деңгейде аталып өтті.

                Ақынын ардақтаған ауыл тұрғындары мен қатар қазақтың танымал ақын – жазушыларының, мектеп оқушылары және аудандық білім бөлімі өкілдерінің қатысуы келелі кештің мерейін тасытты. Әуелеген ән, төгілген күйдің аясындағы ақ ниеттер мен жүрекжарды ыстық  лебіздер замандастарының, туған елінің өнер иесіне деген құрметінің шексіз екендігін көрсетті.

 

                Ал, енді кеш иесінің  «Баркөрнеу» жыр кітабына келер болсақ – осынау рухани асыл қазына туған елге, жерге деген кіршіксіз сүйіспеншіліктің қасиетті бойтұмары секілді. Поэзия саласында өзіндік орны мен ешкімге ұқсамайтын қайталанбас даралығы бар көркемсөздің асқан шебері Әдепхан ағамыздың аталмыш жыр туындысында кіндік кескен туған жерге, ұлтына, елінің әдет – ғұрыпына  деген  зор махаббаты, бабалар  дәстүріне  беріктігі таспадай өріліп, өрнектей кестеленген. Және де бағзы заманнан бері  бабаларымыз қасиет тұтып өмірі  мен  ән-жырының өзегіне айналдырған, ерліктің, өрліктің сондай-ақ, ұлт намысының алдаспаны болған Баркөрнеуге бірнеше өлең арнап нақышына  келтіре  суреттелуі кез-келген елжанды азаматтың атақонысқа деген құрметін арттырып, намысын қайрап, шабытына дес берері  сөзсіз. Мәселен: кезекті бір «Баркөрнеу» өлеңінде;

                ...Табиғатқа тағылық табынғандай

                Баркөрнеуге барлығы бағынғандай.

                Торайғырдың асуы төніп тұрған

                Ақбайталдың жазығын сағынғандай.

                Биігін-ай шіркіннің, шоқтығының

                Белгісі тұр алаулап от күшінің.

                Куәсіндей ғасырлар шиырлаған

                Жоқтығы мен елінің тоқтығының.

                Міне, ақын жанының жаз дидарлы  Жаркенттің  ең биік тауы Баркөрнеумен   тілдесуі, әрине, бұл жерде ақынның ішкі рухының асқақтығы мен сөз тіркестерінің мәнді де мағыналы үйлесімділігі оқыған адамға бірден әсер етіп, қиялына қанат бітіреді. Осы тектес «Асығамын далама», «Әулие  ағаш», «Дархан далам», «Ата жұртпен таныстыру», «Қыз ұясы», «Белжайлау» т.б жырларында табиғат көркемдігі, туған жерге, Отанға арналған ақжарма ізгі ниетпен бірге ата салт, тіршіліктің сан қыры көз алдыңа елестеп, көкірегің мен ой-санаңды  мақтаныш кернейді. Ал енді құрметті оқырман қауым мына бір «Алатауым» өлеңіне зер салып көріңіз, тебіренбей оқу мүмкін емес-ау:

                «Ей, Алатау бас ием атамба деп,

                Шәлкес шалым мінезің қатаң ба деп.

                Найзағайлы қуанам нөсеріңе,

                Маған берген ақ ниет батаң ба деп.

                Қаймығамын, Алатау анам ба деп,

                Артық кетсем назаңа қалам ба деп.

                Жанарыңа қараймын жал басынан,

                Пейіліңнен мейірім алам ба деп.

                Аруақты ақынның кезекті, «Әтікей батыр» дастанында елінің намысын жанына жалау етіп, орыс отаршылдығы мен жоңғарларға жасындай жарқылдап қарсы тұрған, атажұрттың қорғаны болған Жетісудың әйгілі Әтікей батырының ата жау Жоңғардан кек алып, қапыда тұтқынға түскен  қазақтың ұл-қыздарын ел-жұртына қосуы мен олжаға кеткен малдарын қайтарып әкелген ерлігіне тәнті боласың. Сонлай-ақ, көзі тірісінде аты аңызға айналған халық батырының ешбір бодандықты мойындамаған өршіл рухы жыр тілімен тереңнен толғап, айшықты сомдалған. Сонымен қатар, «Бабамның рухына», «Ордың бұлағы», «Жетісудың жезтаңдайы» т.б дастандары бабалардан мирас болып келе жатқан жандүниенің  асқақтығы мен ерен ерліктерін ұрпаққа ұран етіп,  кейінгі жастарға үлгі-өнеге беріп қазақ ұлтының батырлығын, ұлылығын барша жұртқа паш етіп тұр.

                Оған дәлел шығарма арқауының сүбелі бір тарихи қырына айналған - сайын даланы басқыншы жаулардан аттың жалында, түйенің қомында жүріп, қылышы қынынан, найзасы қолынан түспеген жаужүрек баһадүрлердің жанкешті ерліктері мен ермінез дарқандығы жайлы дәріптеулері. Енді бұл шығармаларда  асқан ұлылық,  нәзіктік пен тектілік қасиеттер тонның ішкі бауындай бір-бірімен етене қабысып   шешендік сөздермен әсерлі көркемделген. Туған ұлтының бойындағы осыншама ізгілік, даналық ерекшеліктерін келер ұрпаққа үлгі-өнеге етуді мұрат еткен, парасат иесінің игі өсиеттерінің өзі ешбір өлшеммен өлшенбейтін,  баға жетпес құндылық емес пе?!  Неткен дарындылық, таңданбасқа шара жоқ...

                Әрине «Талант» деген талант, ол сан қырлы. Дарабоз ақын Әдепхан Төреханұлының шығармаларындағы асқар  тау, зеңгір көк, жанға жайлы туған жердің самал желі, сан алуан өсімдігі  мен таңбалы  тастары, жаны бар тіршілік иелері, бәрі-бәрі өлең-жырдың алтын өзегіне айналып, сом туындыны құрап отыр. Туған жердің табиғаты, қоршаған орта, ондағы әрбір құбылыс өлеңмен өріліп, жан-жақты суреттелуімен қатар, Әдекеңнің этнография саласындағы еңбегі мен оннан астам әндерінің өзі тағы мақалаға арқау боларлық тың дүниелер екендігінде дау жоқ.  Дей тұрғанмен жаңа кітапқа арналған  шағын жазбамызды қорыта келе  тума  талант Әдепхан ағамыздың мына өлең жолдарына кезек бергенді жөн көріп отырмын:

                Қымқырып қыр астында қылаң белді

                Бәйгіден ат келмеді, құнан келді.

                Ақ басты Алатаудың жотасында

                Ілияс арқандап жүр Құлагерді.

                Жерлеспін мен бұларға жиен емен,

                Ат алып, құда емеспін, түйе берген.

                Жерімнен өзім өскен алыптардың

                Іздерін басып кеткен иемденем– деген жыр жолдары Жетісудың тарланбоз ақынының найзағайдай жарқ еткен тарихи сәті деп білемін. Әрине, рухани болмыстың мінсіз көркемсөз шебері, ақын, жазушы, этнограф ағамыздың рухани құндылықтарын аталмыш жазбада айтып тауысу мүмкін емес екені айдан анық.                          Әдепхан  Төреханұлының ғұмыр бойы жас ұрпаққа білім  мен  тәрбие бере отырып ел мен жердің тыныс – тіршілігін, тарихын, әсем табиғаты  мен ұлтымыздың рухани  құндылықтарын шығармашылығына арқау етуі және шұрайлы, көркем тілмен жан бітіріп, көрік берген сұңғыла шешендігі, зиялылығы баршаға үлгі.  Сондай – ақ, Әдекеңдей сөз зергерінің қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі еңбегінің зерттеліп, зерделенуі мен кеңінен насихатталуы жас ұрпақтың еншісінде. Еңбегі  мен өмірі  жас  ұрпаққа  өнеге болатын дара  тұлғаны әлі  де  әрқашан биік  тұғырдан көретінімізге  кәміл  сенеміз!                           

 Қали  ТҰРДЫҒАЗЫҰЛЫ,

Жаркент  қаласы. 

Күнтізбе

« Қыркүйек 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

booked.net