Туған жерге тұғырың

               Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлтымыз үшін аса маңызды құжаттардың бірі болдық десек артық айтқандық емес. Мақаладағы ұлттық код, ұлттық болмысымызды сақтау,  мәдени мұраларамызды қайта жаңғырту, еңбегімен көпке үлгі болған азаматтарды насихаттау, барлығы дерлік – ел болашағына үлкен әсер ететін факторлар. Осы мақала аясында Көктал орта мектебінде кітапханашылар Б.Жексембиева және Г.Якупованың ұйымдастыруымен   «Туған жерге туыңды тік!» атты ақын Жақыбаев Әдепхан Төреханұлының шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті.

 

                Әдепхан Төреханұлы – ұлағатты ұстаз, Алматы облысының, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», ақын, этнограф, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Балдәурен» , «Белжайлау», «Орбұлақ», «Жапырақ жайған бәйтерек», «Еңкеймеген еменнің бұтақтары», «Ұлттық таным тағылымы», «Баркөрнеу» жинақтарының, «Елім –дархан, жерім-бай» үш томдық таңдамалы жинағының авторы.

                Ең алдымен қатысуышыларға ақынның өмірбаяны таныстырылды. 1964 жылы ҚазПИ-дің физика-математика факультетін тәмамдаған Ә.Төреханұлы 1964-2007 жылдар аралығында Көктал ауылындағы Абай орта мектебінде физика, математика, астрономия пәндерінен сабақ беріп,  2007 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Мамандығы мұғалім болса да, қаламды серік еткен кейіпкеріміздің әрбір туындысында туған елге, жерге деген махаббаты айқын аңғарылып тұрады.

                Кеш барысында ақын шығармашылығымен етене танысу үшін Әдепхан Төреханұлына сөз берілді. Кездесу кешінің кейіпкері қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, өз еңбектері туралы кеңінен тарқатып айтып берді.  Осыдан  соң 9-шы сынып оқушылары  «Әкеме», «Анама», «Немерелеріме хат» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Халық әндеріне жүрегі жақын ақынға арнап Тұрапбек Аяулым «Екі алуан екі асыл зат» әнін тарту етті.

                Отанға, туған жер мен туған ауылға арналған  шығармаларды  талқылаумен жалғасқан әдеби-сазды кештің шырайын оқушылардың әсерлі оқыған өлеңдері кіргізе түсті.  Өз кезегінде ақын Отанға деген құрмет, жастарды дұрыс жолдан тайдырмау, бағыт-бағдар беру, патриоттық сезімдерін оятуға қатысты орамды ойларымен бөлісіп, жас ұрпаққа ақыл-кеңесін айтты. Туған жерге арналған «Отан», «Атамекен», «Менің елім», «Әулиеағаш», «Үшарал», «Жаз дидарлы Жаркент»  шығрамаларынан үзінділер оқылды.               

                 Сонымен қатар ақын ағамен кездесу сәті мектептегі  «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің онкүндігіне сәйкес келіп отырғандықтан, кеш иесіне үш тұғырлы тіл, латын әліпбиіне көшу секілді қазіргі уақыттағы өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылды.  Өз өлеңдерінде әрдайым  ана тілімізді ардақтау, қадір тұтуды насихаттап жүрген Ә.Жақыбаев  «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген даналы сөзді мысалға келтірді. Заман ағымынан қалмау,  бәсекелестікке қабілетті болу үшін латын әліпбиіне көшу маңызды қадам екенін айтып, дегенмен, жаһанданудың  ұлттық болмысымызға нұқсан келтіруіне жол бермеуіміз қажет екендігін еске салды.  Мұнан соң оқушылар ақынның «Ана тілдің мәйегі», «Ана тілім» өлеңдерін  оқыды.

                Табиғатты жырламаған ақын жоқ шығар. Қонақтар осы тақырып аясындағы Әдепхан Төреханұлының  «Баркөрнеу», «Белжайлау», «Дархан далам», «Тау өзені» өлеңдерін тыңдады.

                 Кездесу кешінің соңғы бөлімі әрбір адам баласын ерекше тебірентетін тақырып – махаббат туралы болды. Махаббат деген ұғымның өзі бірнеше түрге бөлінеді: елге, табиғатқа деген, ананың балаға махаббаты, белгілі бір адамаға деген.  Ақын өлеңдерінен асыл жары Рысжан апайға деген ерекше құрметі, мейірімі сезіліп тұрады.  Осы тұста кейіпкеріміз « Махаббат деген ұғымды қалай түсінесіз?» деген сауалға жауап берді.  10 сынып оқушысы  Сәкен Азамат  Ә.Төреханұылының өмірлік жары, алтын құрсақты ана Рысжан апайға арнаған «Рысжанға» атты өлеңін оқыды.

                Ұйымдастырушылар мен қонақтар кеш кейіпкеріне алтын уақытын бөліп, оқушыларға үлгі-өнеге көрсетіп, өсиетін айтқаны, мазмұнды шығармаларымен сусындатқаны үшін алғысын білдірді. Туған жерге туын тіккен ақын Жақыбаев Әдепхан Төреханұлымен кездесу кеші осылайша өз мәресіне жетті.

Б. Жексембиева,

Көктал орта мектебінің кітапханашысы.

Күнтізбе

« Шілде 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net