Торыайғырдың асуы-тоқтабарлық

Торы айғырдың асуы  Үйгентас, Бел жайлауы арқылы Майлы шоқы төбесімен түйісетін үлкен қырат жолдың Жоңғар Алатауымен астасқан жері, таудың басына жақындаған сайын жалғыз аяқтана тартылып, жан-жағы жылжымалы қорымды жартас болып келеді. Осы үлкен асудан Қызылқия жайлауының Ақсу өзені бастау алады. Асудың Шығыс Солтүстік батысын қысы-жазы қалың қар құрсаулаған қалың музарт алып жатады.

 

        Ақтабан шұбырынды Алқакөл  сұлама заманында осы өңірді мекендеген Суан елінің Мырзакелді, Қошқар деген рулары жан-жақтан анталап, қысқасы жаудан қайда қашарларын білмей, қатты сасып (Жібек жолы арқылы) Қорғас пен Қытайға кетейін десе шекара жабылып, жолға қытай шеріктері (күзетші) қойылған. Өсектің басы мен Қазан көлі арқылы өтейін десе оған да бекініс қойылғандықтан ақыры Торы айғырдың үйірі деген бір қора жылқыны тиекті тағамен тағалап, қалған малды соның соңынан айдап, аттылы жаяу көк тайғақ мұзды қыраттар арқылы мың шұңқырды басып, Тоқта Барлыққа қарай бет алды. Жол-жөнекей қарға омбылап, мұздан тайып, терең шыңырау құздарға құлап, мал жанның біразы шығын болды. 

       Ең соңғы шыңырау музарттан тағасыз тұрмақ, тағалы малдар өте алмайтын болғандықтан түйеге, өгізге артып келе жатқан ағаш үйдің үзік туырлығы мен текемет сырмақтарын жолға төсеп, соның үстіне малын айдап өтеді. Осы зобалаң көште жол бастаған Жалқұйрықты Торы айғыр болғандықтан Торы айғырдың асуы деп атап кеткен екен. Асудан мал жанымен аман өткендер жері шұрайлы бір алқапқа аялдап тыныс ауды жөн көрген. Сонда Мырзакелді руының Қара Биғаш деген батыры жердің шұрайлысын байқап, мына жердің түгін тартсаң май шыққалы тұр, байлық та осы жерден табылады, осында қоныс тебіңдер деген екен. Суан елінің бірнеше рулары көп жыл осы Тоқта Барлықты тұрақ еткен. Торы айғырдың асуын асқан кезде қар көшкінінің астында қалып, қаза болған боздақтың жесірі күйеуін жоқтап:

                Торы айғырдың асуы-ай,

                Көңілімнің жасуы-ай,

                Құзға тастап баласын,

                Мына жұрттың қашуы-ай,

                Үйгентас,Бел жайлауы-ай,

                Сорымыздың қайнауы-ай,

                Көшкінге кетіп қор болды,

                Сұм ажалдың айдауы-ай, - деп зарлапты. Босқын болған суандарды осы Тоқта Барлыққа мекендеткен Қара Биғаш батырдың сүйегі Алматы (Талдықорған) облысының Жалғыз ағаш  ауылының Орқоянды бұлағының батыс жағындағы кезеңде жатыр. Бүгінге дейін осы кезеңді Биғаштың кезеңі дейді.

         

 Әдепхан  Төреханұлы,

            ҚР 10 жылдығына

  ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатының» иегері,       

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  ҚР мәдениет үздігі,

 ҚР білім беру үздігі,

 Алматы облысының «Құрметті азаматы»,  ҚР "Алаш ұстазы"

медалінің иегері,

Күнтізбе

« Сәуір 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net