Латын әліпбиіне көшу-заман талабы

«Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – бұл саяси идеологиялық  құжат, қазақ халқының стратегиялық бағытын айқындайтын, өткеніміз  бен бүгінгіні   болашаққа үйлесімді сабақтастыратын  ұлт жадының жаңа тұжырымдамасы» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай бүгінгі  таңда латын әліпбиіне  көшу – еліміз үшін өте маңызды.

     Таяуда біздің Жаркент көпсалалы колледжінде өткен «Латын әліпбиіне  көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты конференция осынау көкейтесті мәселеге арналды. Бұл шараны ұйымдастырған колледж кітапханашысы ретінде конференцияны өзім кіріспе сөзбен ашып, аталмыш мәселенің мән-маңызы туралы хабарлама жасадым. Одан кейін қазақ тілі пәнінің мұғалімі Есбол Динара «Латын әліпбиі әлемдік өркениетке жол ашады», өндіріс шебері  Дәулет Ақжарқын «Латын әліпбиіне көшу - халық таңдауы»,  арнайы пән мұғалімі Ысқақбек Ақпейіл «Латын әліпбиі: үміт пен күдік»  және орыс тілі пәнінің мұғалімі Бекдайыр Жанар «Ұлт болашағы және латын қарпі»  деген тақырыптарда баяндама оқыды.

       Баршаға аян, патша өкіметі мұсылман халықтарының ғасырлар бойы қолданып келе жатқан араб әліпбиі негізіндегі жазуын қолданыстан шығарып, оның орнына кириллицаны енгізуге кірісті. Сөйтіп, біріншіден, оларды ислам дінінен айыруға, екіншіден, православиеге көшіруге жол ашуды көкседі. Ы.Алтынсарин секілді талантты адамдарды халықты орыстандыру жолында пайдаланып қалуға тырысты. Халық ағарту министрлігінің 1870 жылғы 26 наурыздағы ережесіне сәйкес мұсылмандық мектептер мен медреселерде орыс тілін оқыту міндеттелді. Сонымен қатар осы ереже бойынша орыс - түземдік аралас мектептер ашылатын болды. Мұндай мектептерге орыстандыруды жүргізу міндеті бүркемелене жүктелді. Патша өкіметі сауаттылықтың өлшемі орыс тілінде оқу және жазу деген көзқарасты орыстандыру саясатының тірегіне айналдырды.

      Кеңестік дәуірде де орыстандыру саясаты өз жалғасын тапты. Бұған Кеңестер Одағындағы түркі-мұсылман халықтары қолданған араб әліпбиінің кириллицаға көшірілуі айқын дәлел. Ұлттық мектептер тек ауылды жерлерде сақталып, жоғары оқу орындарындағы оқу процесі орыс тілінде жүргізілуі патша өкіметі ұстанған ұлт саясатының заңды жалғасы іспеттес болды. Әкімшіл-әміршіл кеңестік жүйе жағдайында И.Сталиннің ұлттарды ұлттық тегі мен рухани қазыналарынан айырып, оларды «біртұтас кеңес халқына» айналдыру саясаты өмірге келді. Соның кесірінен Кеңес Одағында 98 тіл біржола жойылды, қазақ тілі де жойылудың аз-ақ алдында қалды. Тың игеру жылдары республикада қазақ мектептерінің саны күрт кеміді. Әсіресе, солтүстік облыстарда қазақтар балаларын ана тілінде оқыта алмай, амалсыздан орыс мектептеріне берді. Халық арасында «Қазақ тілінде оқыған бала болашақта күн көре алмайды» деген теріс ұғым калыптаса бастады. 1989 жылы республикадағы мектептердің 33%-ы ғана қазақ мектептері болып қалды. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана орыстандырудың зардаптары біртіндеп жойыла бастады. Сабырлылықпен әрі салқынқандылықпен жүргізілген сарабдал саясаттың арқасында бүгінгі таңда сәті түсіп, бұл бағыттағы іс жаңаша өріс алды. 2017 жылғы  26 қазанда Мемлекет басшысы «Латын әліпбиіне көшу туралы» Жарлыққа қол қойды. Сонымен, өркениетке  жаңаша көзқараспен қарауға көшіп, рухани болмысымызды  бостандыққа шығаратын кезең келді.

     Конференцияда жасалған баяндамалар мен сөйленген сөздерде осы мәселелер туралы жан-жақты айтылып, латын әліпбиіне көшу – заман талабы екендігі жастардың жадына жете түсіндірілді.

Күлсахан  БЕГІМБЕТОВА,

Жаркент көпсалалы

колледжінің

кітапханашысы.

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

booked.net