Өнер мен өлеңді жаны сүйген

Өмір  дегеніміз  бұралағы көп соқпақ, өмір-күрес. Тағдырдың толассыз сынағына төтеп беріп, ауыртпашылықты қайыспайтын қара нардай көтере білген, ерлермен бірге қасиетті жері мен елін қорғап, тылсым нәзіктігі мен жан дүниесінің сұлулығын әлемге танытып, тағылымды тарихымызға есімдері алтын әріппен жазылған Тұмар, Бопай, Әлия, Мәншүк, Хиуаз, Ләззаттай аяулы аруларымыз таза қанды, текті қазақ халқында көп болған. Феодалдық дәуірде жолы нәзік қыз баланың қараңғылық пен дүниеқоңыздықтың құрбаны болып малды шалға сатылып, бақытсыздың күнін кешкен күндері де аз болмаған.

       Алла берген талантының арқасында киелі өнерімен сол қараңғылықтың түнегін күндей болып жарып шығып, жанкештілікпен әдебиетіміз бен өнерімізге өшпес туындылар қалдырған аруларымыздың ұлылығына басымызды иеміз. Қилы тағдырдың тезіне түскен жанның бірі Үлкеншыған ауылында тұратын ақын апамыз Байырқан Әбдікерімқызы болды. Ол Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің Қорғас ауданының  Дәшүгір ауылында 1937 жылдың 22 сәуірінде шаруа жанұясында дүниеге келген.

     1962 жылы қасиетті Отанымыз-Қазақстанға өтіп, Қоғалы өңіріндегі Бостан ауылына көш басын тіреп 5 жыл сауыншы, малшы кәсіптерімен айналысып, 1965 жылы Көксу ауданының  Жетіжал ауылында қоғам малын бағып 5 балалы болады. Жанұя бұзылған соң 1970 жылы Панфилов ауданының Үлкеншыған ауылына көшіп келіп, сауыншылық кәсібін жалғастырып жүріп, өзімен тағдырлас 4 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Төкенге үйленіп, шаңырағын тіктейді. Жанарлары жәутеңдеген 9 баланы шағын шаңырақ астында топтастырған қос мұңлыққа Алла кеңпейілділік танытып алтын асықтай ұл мен қыз береді. Он бір баланың қабағына кірбің түсірмей, бөліп жармай асырап, тәрбиелеп, оқытып, ұлды ұяға қызды қияға қондырып бақытқа бөленіп, ынтымағы жарасқан үлгілі үлкен жан ұяға айналады. Шаруашылықтың ауыр жұмысы мен үлкен жанұяның күнделікті шаруасын дөңгелетіп ала жөнелген пысық келіншек Алла берген талантының арқасында қуаныш пен мұңын муза мен өнермен өрнектеуден жалықпайтын еді.

     2010 жылы «Өмірден алған үзік сыр» атты кітаптарымен оқырман ықыласына бөленіп отыр. Ол туған жерге, түркі әлемі мен Алаш жұртының қасиетті қара шаңырағы-Қазақстанның Астанасына, жезтаңдай әнші Дәнешке, тәуелсіз Қазақстанға  деген аналық ыстық ықыласын әуезді әнге айналдыра да білді. Қазіргі күні өлең мен өнердің қос тізгінін қатар ұстаған анамыз «Алтынай» атты әжелер ансамблін құрып, халықтық руханиятты байытуға өз үлесін қосуда.

     Саялы алып қос бәйтерекке айналған қазыналы қария Төкен мен алтын құрсақ Байырқан апамыздың балалары дүниенің бір кірпіші болып қаланып, әр салада жемісті еңбек етіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуде.

     Әлемдік деңгейдегі сарабдал саясаткер, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жерге, оның  мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі», деп атап көрсеткеніндей Байырқан Әбдікерімқызы апамыз сияқты көзі ашық, көкірегі ояу, патриоттығы басым және саф алтындай әлемдегі ең озық салт-дәстүріміздің өнердегі өз өкілдеріне арнайы айтылған, мерейімізді аспандатқан ұлы сөз деп айтуымызға әбден болады.

Жаркентім, жайнаған жасыл белім,

Мен шағала, сен менің шалқар көлім.

Кең пейілді, меймандос дастарханы,

Жаны жайсаң, жайдары туған елім,-деп ақын апамыздың  жырлауының өзі туған жерді шексіз сүюдің ерекше үлгісі дер едім. Он саусағынан өнері тамған, көмекейіне бұлбұл құс ұя салған, өмірді өлеңмен шебер өрнектеген, өлең мен өмірді жаны сүйген, алтын құрсақ анамыз Байырқан Әбдікерімқызына өміріңіз әдемі өлең өрнегімен өрілсін, шаңырағыңыздан әрдайым күн көрінсін, ұрпақтарыңызбен мың жасай беріңіз деген шынайы жүрекжарды тілегімізді білдіргіміз келеді!

Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан Заңгерлер

Одағының мүшесі.

                       

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

booked.net