Ұйымдастыра білгеннің ұтысы мол
- Толығырақ
- Жарияланды 20.11.2018 06:16
- Автор: Super User
- Категория: слайдер
- Қаралды: 1072
Биылғы жылы Басқұнша ауылдық округінің диқандары дала аруы жүгеріні бітік өсірді. Округте барлығы 325 шаруа қожалығы бар.
Диқандар 2906 гектар алқапқа жүгері дақылын егіп әр гектарынан орташа есеппен 65-68 центнерден таза дән алуда.
Бүгінгі таңда округ бойынша 4 қырман жүгеріге толды. «Херсонец-9» маркалы 15 комбайын егін орағымен айналысуда. Науқандық жұмысқа 700 ден астам адам қатысып, бітік өскен жүгеріні төкпей-шашпай жинап алу үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып келеді.
Округтегі маңдайалды шаруа қожалықтарының бірі «Тулақбаев» шаруа қожалығы. Руслан Мұстапаұлы басқаратын бұл шаруа қожалығы биылғы жылы 80 гектар алқапқа жүгері еккен болатын. Қазір бітік өскен жүгеріні орып, жинау жұмысымен шұғылдануда.
Ұйымдастыра білген ұтады – демекші Руслан Тулақбаевтың ұйымдастыруымен егін орағы қызу қарқын алуда.
Бір өкініштісі бар, ол қырмандарда жүгері түсіретін орын жоқ. Соның әсерінен орылатын жүгері алқаптары баршылық. Соңғы жылдары шаруа қожалығында жұмыс әр тараптандырыла бастаған. Айталық, егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығы да қолға алынды.
Сондай-ақ мал азығын дайындау, көпжылдық шөп өсіру сияқты жұмыстар атқарылуда.
Дәл осындай жұмыстармен округтегі Қадірғожа Кененбаев, Сағатбек Темірбеков, Талғат Сейтқазиев, Қуаныш Райымбек басқарған шаруа қожалықтары да игі нәтижелерге қол жеткізуде.
Тұрақты жұмыс істейтін 11 адамы бар «Тулақбаев» шаруа қожалығының диқандары жүгеріні агротехникалық ережелерге сай күтіп, баптады. Нәтижесінде мол өнім алуға қол жеткізіп отыр.
Аудандық мәслихаттың депутаты, шаруа қожалығының басшысы Руслан Мұстапаұлы Тулақбаев тұрғындар арасында беделді де қайырымы мол ақкөңіл азамат.
Халық қалаулысы тек шаруа қожалығын басқарып қана қоймай қолынан келгенше халыққа қызмет етуде. Атап айтсақ Басқұнша, Пенжім, Бірлік округтеріндегі диқандарды ағын сумен қамтыйтын Қорғас су бөлімін басқарады. «Қазсушар» Панфилов аудандық бөлімшесіне қарасты бұл мекеме қызметкерлері егіс алқаптарын сумен қамту үшін қолда бар резервтерді толық пайдалануда.
Халық даналығында «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» - дегендей Русландай аяулы азаматтардың игілікті істермен шұғылданып еліне елеулі, халқына қалаулы болуы келер ұрпақтарға үлгі болары анық.
Руслан Тулақбаев тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне де көңіл бөледі, көмектеседі, ақыл-кеңес береді.
Тұрғындарға Елбасының салиқалы саясатын насихаттау үшін жергілікті баспасөздерге жазылу керектігін айтып оның пәрменділігін арттыруға да өзіндік үлес қосуда.
Жұмағазы Бейсебек