ЛЕНИНГРАДТЫ ҚОРҒАҒАН ҚАЗАҚ

    Кеңес Одағымен  арасындағы соғыс ашпау туралы (1939 ж. 23 тымыз) келісімді опасыздықпен бұзған фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді. Кеңес үкіметінің қолдан жасаған азаптарынан сан қиындықтарды басынан кешкен қазақ елі де Отан қорғау жолында жаппай атқа қонды.

   Соғыс туралы хабар қазақ даласына тез тарады. Қазақстандық азаматтар ұл-қызы бар Отан алдындағы парыздарын өтеуге өтініш білдіріп, өз еркімен майдан даласына аттанып жатты. Солардың бірі болып бозбала жастағы Қоңырөлең ауылының тумасы Сембек Қожахметов те өзі сұранып майданға аттанған еді. Бабаларынан қанына сіңген қайсарлық пен намысқойлығы басым жас жігіт  Отан шетіне жау тиді деген хабарды естіп тыныш жата алмаған еді. Ол сол бетімен 1941 жылдың күз айында Ленинград майданынан бір-ақ шықты. Неміс командованиесі Ленинградты оңтүстік пен оңтүстік шығыстан және солтүстік батыстан фин әскерлерімен біріккен күші арқылы қала маңындағы Кеңестік теңіз базаларын талқандап, КСРО -ны аса ірі өндіріс орталықтарынан айыруды көздеген еді.

     Осы қанды майдан 1944 жылдың 10 тамызына дейін созылғанын кейінгі ұрпақ жақсы біледі. Жамбылдың атақты «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі де сол жылдары дүниеге келген еді.

            -Ұлы көсемнің атындағы қаланы қорғауға шақырған жалынды өлең майдан жауынгерлерінің, әсіресе қазақстандық жастардың жүрегіне жігер құйғанын ұмыта алмаймын, - дейді бүгінде 92 жасқа аяқ басқан Сембек қария.

   Мыңдаған қазақстандықтар Ленинград түбінде ерлікпен шайқасты. Фашистердің Шығыс майдандағы әскерлерінің жартысынан көбі осы       Ленинград бағытына шоғырланған еді. Сол елеулі күшті талқандауға біздің Сембек қария да қанымен терін, қажыр-қайратын аямай үлес қосты.   

     Ленинград майданы аяқталып, жеңіске деген сенім күшейген сәтте 1945 жылы 9 тамызда одақтастық міндеттемелерге сәйкес соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғыс басталып,  біздің Сембек ағамыз да сол майданның белортасынан табылды. Қиыр шығыста Жапонияға қарсы соғысқан әскери бөлімдердің ішінде айрықша жанкештілікпен көзге түскен қазақстандық құрамалар еді. Шығыстағы қанды шайқас 24 күнге созылды. 1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапония жеңілгендігі туралы шартқа қол қойды.

     «Қызыл жұлдыз», I, II дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Жапонияны жеңгені үшін» медалі  кеудесінде жарқырап, туған жеріне аман-есен оралған Сембек Қожахметов бейбіт еңбек майданына белшесінен араласып кетті. Отан үшін от кешкен, жан алып, жан беріскен арпалыстың талайын бастан кешірген, Ленинград қаласының «Қаһарман қала» атануына қанын төгіп үлес қосқан  батыр ағамыз ел тыныштығын сақтау үшін енді екінші «майдан» сапына тұрды. Аудандық Ішкі Істер бөлімшесіне милиция қызметкері болып орналасқан Сембек  ағамыз зейнетке шыққанша сол қызметін абыроймен атқарды.

       Бүгінгі Көтал ауылының тұрғыны Сембек қария жары Күмісхан апамызбен шаңырақ көтеріп төрт ұл, бес қызды тәрбиелеп қатарға қосты. Құдайдың бергені, сол ұл-қыздарынан 30 немере, 10 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған әулет иесі Сембек ағамыз бен Күмісхан апамыз бақытты адамдар.

    -Әкеміздің қалқайып ортамызда аман отырғанына тәуба дейміз, - дейді қызы, Панфилов аудандық емханасының мейірбикесі Бибігүл Қожахметова. Әкемізді мақтан етіп өстік. Алайда, аудан басшыларына аздап өкпе-назымыз да жоқ емес. Өйткені соғыс ардагері деп іздеп жатқан ешкім жоқ. Әсіресе, соңғы жылдары мүлдем ұмыта бастағандай. «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнеки жағада тұр» деген ән жолдары есіме түссе жүрегім ауырады. Бүгінде ауданымызда тоғыз-ақ ардагер тірі екен деп естиміз. Сол тоғыздың бірі біздің әкеміз. Біздің бүгінгі бейбіт күндеріміз үшін қасық қанын аямай қанқұйлы жаумен аянбай арпалысып  Отанын қорғауға қатысқан, одан кейін де елінің тыныштығы үшін көз ілмей бұзақылармен шайқасып, басын бәйгеге тігіп еңбек еткен әкеміздің  іздеусіз жатқанына қынжыламыз...

Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

аудандық «Қазақ тілі»

қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Күнтізбе

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

booked.net