Ауғанның асуында от кешкендер

 Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай Үшарал орта мектебінде  Ауған  соғысы ардагерлеріне арналған «Ауғанның асуында от кешкендер» атты кездесу кеші  өтті. 

      Кездесудің мақсаты: жастарды бейбітшілік үшін күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік  ерліктерін әрқашан есте сақтап, келешекке  үлгі ету еді.  Кездесу барысында  «Үшарал ардагерлері» бұрышы  жасалып, Ауған соғысы бейнефильмі көрсетілді. Мұнан соң Үшарал ауылынан Ауған соғысына қатысқан  Әбілдаев Бақыт, Наурызбаев Ербол, Ажақов Омаш, Сейтбеков Исағали, Алпысбаев Бекбол  ардагер ағаларымыз төрден орын алып,  Ауған соғысында бастан кешкен  оқиғаларымен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді. Кездесу қонақтарын бастап келген  Панфилов аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің  кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Әділұлы мен  аудандық зейнеткер ұстаздар қауымдастығының төрағасы  Молот Солтанаев өз  жыр –жинағынан  ардагерлерге арнап өлең оқыды.                                    Кеште  оқушылар патриоттық әндер айтып, түрлі  әскери жаттығулар мен көріністер көрсетті.  Аудандық мәслихат депутаты, директордың тәрбие істері жөніндегі орынбасары Ермек Сұлтанов қонақтарға алғыс айтып, оқушылар гүл шоқтарын табыстады. Сондай - ақ болашақ Отан қорғаушы  жауынгер  жастарға әскери куәліктерін табыс етті. Ардагерлер Б.Әбілдаев, И.Сейтбеков, Е.Наурызбаев, О.Ажақов, Б.Алпысбаев сөз сөйлеп  бейбіт өмірдегі жастарға жүректі, жалынды тілектерін айтып, кешті ұйымдастырып отырған мектеп ұжымына алғыс айтты. Кездесу кешін  мектеп директоры Қ.Бұқанов қорытындылады. Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 Ақбаян   Тоқтарбекқызы ,

Үшарал орта мектебінің

 тарих пәні мұғалімі