Бірлігіміз жарасқан берекеміз бел асқан

      Қазақстанның көп ұлтты мемлекет екені баршаға мәлім. Солардың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген» ынтымағының басты кепілі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екені де даусыз.  Президенттің сарабдал саясатын  бұл күні дүниежүзі мойындап отыр. Тіпті, әлемдегі кейбір мемлекеттердің  қалт-құлт еткен қазіргі жағдайына қарап отырып, еліміздегі бейбіт өмірдің шынайы бақыт екенін түсінуге болады.

 

       Ұлттар мен ұлт өкілдерінің ұйытқысына айналған Қазақ елі қашанда адами құндылықтарды жоғары қойып, «жанам деген жүрекке-от, шабам деген жігітке-ат» берген. Біз «Алғыс айту»  күні қарсаңында Қазақстанды Отаным деп танитын бірнеше ұлт өкілдеріне жолығып, әңгімелескен едік.  Адылжан  Ходжамбердиев, ұйғыр ұлтының  өкілі  :

            - Бүгінде біздің еліміз тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осы жетістіктерімізге еліміздегі ұлтаралық татулықтың арқасында жетіп  отырмыз. Өзге елдерде ұлтаралық ынтымаққа біздегідей көңіл бөлінбейді. Біздің басты байлығымыз ішкі татулық екенін Елбасы атап өткен болатын. Жер бетінің түпкір-түпкірінде ұлтаралық қақтығыстар болып жатқанда біздің  көздің қарашығындай сақтайтын зор жетістігіміз осы.

            Бізде әр ұлттың өз тілін, мәдениетін, дәстүрлерін дамытуға барлық жағдай жасалып отыр. Сол үшінде қазақ еліне үлкен алғысымызды білдіреміз. Біз қай ұлттың өкілі болғанымызға қарамастан, Мемлекет   басшысының       бастамасымен қолдау көрсетіп, Отанымыздың Мәңгілік ел болуы үшін еңбек етуге тиіспіз.

     Баматгири  Анзоров,  шешен  ұлтының  өкілі:

            -Кейбір мемлекеттердің жағдайын Қазақстанмен салыстырғанда жер мен көктей деп айтуға болады. Ұлт көшбасшысы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында мамыражай тірлік кешудеміз. Еліміздегі барлық этностар мен мемлекет құраушы қазақ ұлты тату тәтті өмір сүріп, бірдей құқықтарға ие болып келеді. Жалпы, өзім дегенде өзегін жұлып беретін қазақ мінезіне куәмін. Қазақтармен  ауылымыз аралас, қойымыз қоралас.

            Қазақта «Ақылды басшы алдырмас» деген сөз бар емес пе?! Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ұлттар арасындағы келісім мен түсіністікті үйлестірудегі кемеңгерлік саясаты арқасында бағымыз жануын қалайша ерекше  айтпассың?! Бұл барлық елдерге үлгі бола түссе екен дейміз.

            Тахир  Дифу, дүнген ұлтының өкілі:

            - Талай халықтың баласына пана болған қазақ жеріне , қазақ еліне ризамыз. Тыныштық бесігі - еліміздің қара шаңырағы аман болсын, қазақ халқының кең пейіліне, Елбасына алғысым шексіз.

            Анатолий Лян,

корей ұлтының өкілі:

            - Қазақстанда 130-дан астам ұлт бар. Солардың ішінде корейлер байырғы қазақ жеріне  жер аударылған болатын. Біз сол бір қиын-қыстау жылдарда әкелеріміз бен аталарымыз қазақ халқының қолдауы мен көмегінің, шапағаты мен мейірімінің арқасында жан сақтағанын, шынайы достық-бірліктің  сол кезде өркен жайғанын әсте ұмытпаймыз. Қазір біздің отбасыларымыздың да көп ұлтты болып келетіні үйреншікті  жайға айналды. Қазақпен  қаны қосылған корейлер де жетерлік. Басқа  ұлттар тарапынан да осындай үрдісті молынан байқаймын. Осының өзі-ақ жарасымды бірлігімізді, берекелі тірлігімізді көрсетпей ме? Ендеше, осындай достығымызды, бірлігіміз  бен  татулығымызды  көздің  қарашығындай  сақтауға  тиіспіз.

            Қазақстанның барлық этностарына толыққанды өмір сүру мүмкіндігін сыйлаған қазақ еліне алғыс айтамыз.

   Лиза  Арнольдовна, неміс  ұлтының  өкілі:

            - Германиядағы  жиен туыстарым тарихи  Отаныма шақырған. Бірақ мен үшін  кіндік  қаным тамған  қазақ  жерінен артық жер,  ана тілім деп есептейтін қазақ тілінен артық тіл жоқ деп есептеймін. 130 ұлттың басын қосып, татулық пен достықтың үлгісі, тұрақтылықтың тұтқасы болып отырған ата-мекенім Қазақстанды басқадай ешқандай жерге айырбастамаймын. Көп ұлтты демекші, біздің отбасымыздың өзінде бірнеше ұлттың өкілі бар. Басымыз қосылғанда бәріміз бір үйдің баласындай, бөліну дегенді  білмейміз. Тілегіміз де, жүрегіміз де бір.

Бағдат  Бейсенқызы.

 

Күнтізбе

« Қыркүйек 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

booked.net