КЕРБАСТАУ, КЕЛІНШЕК САЙ, КЕРЕЙ БҰЛАҚ

http://turizm-hit.ru/

«Ат    болмас  жетектесең,                                                              шегіншек тай,

    Аймалап   Кербастауды  

                                  шерін  шертті-ай!»

    Қабанбай,  Қаракерей

                                         бекініс  қып,

 Атанған Керей бұлақ, Келіншек сай», - деген өлең шумағын осыдан аттай 45 жыл бұрын жатқан жерің жәннат боп, иманың жолдасың болғыр қайран әкем Төреханның тізесінде отырып естіп едім. 1957 жылы осындай қасиетті атауға ие болған құт мекеннің топырағын сүйіп, мөлдірінен сусынымды қандырдым. Осы бір шумақ өлең тарихы еріксіз қолыма қалам алуыма түрткі болды.

 

                Үйгентас Белжайлауында Кербастау, Келіншек сай, Керей бұлақ деп үш бірдей өте әсем сүйкімді атауды иемденіп малға өріс, халқына құтты қоныс болған бір шағын ғана алаңқай, иінді сай бар.                              Халқымыз ерте заманнан-ақ судың мөлдірін ішіп ауаның тұнығымен тыныстамаса еншісін ала алмай арманда кететіндей сезінетін. Осы            Кербастау    жерінде Суанның бір бұтағы Мырзакелді руының бірнеше шаңырақтары мекендеген. Кербастау атанған саумалдың түсе берісінде шымылдау тартқан ошақ орнындай жар қабақтың астында шым-шымдап шығып, көпіршіп ағып жатқан мөлдір   бастау  бар. Стамшал сазы мен Ақтастыны мекендеген жамағат ағын суда арамдық жоқ деген сылтаумен бастау суының тұнықтығына, суықтығына, жер ананың, құм-топырақ сүзгісінен сүзіліп шығып жатқанына қызығып соның кәусарынан     сусындауды дағдыға айналдырған.

                Керлеп  барып су алып, ауылдарына терлеп оралатын болғандықтан Кербастау аталып кеткен дейді.       Кербастау  өңіріне  қоныс тепкен болыстар мен билердің, байлардың, қара халықтың көбейіп алқа-қотан қонған алты қанат ақ үйлердің саны артып, ынтымақ бере жарасқан сайын Кербастаудан дәм тататын қауым қарасы арта түскен. Кербастауға келіп су алатын сырғалы сылқым келіншектер мен үкілі кәмшат бөрік киіп, шашбау мен шолпы таққан, қолаң шашы тірсегіне түсетін үрімдей үлбіреген қыздардың шоғыры күн санап күрмеуін шеше берген.

                Кербастау тек су алатын бастау емес, еркін өскен бозбалалармен бұла, ерке қыздардың сындарлы сауыққой, аққу төс сыршыл келіншектермен қарымта қайтару үшін қалжың мен ойын-күлкінің                                    отауын тігетін жігіт сұлтандарының көңіл көтеріп, махаббат балын бөлісетін, тіпті өмір заңының алғашқы әрпін оқып білетін, бастау суындай мөлдір де тұнық таза сезімдерін сыр етіп шертетін бақыт бастауына айналған.

                Жайлау үстінде өтетін ұлттық той думандарын осы Кербастаудың үстірт жағындағы Көктекшеде өткізетін. Алтыбақан құрып, ай астында ақсүйек ойнайтын. Осындай естен кетпес тартымды тамаша ұйымдастыруға керме қас кебес келіншектер мұрындық болғандықтан келе-келе Кербастау атауы өз күшін   жойып Келіншек сай атанып кеткен.

                Керей сайы деп аталуы осыдан үш жүз жыл бұрынғы тарихтың бетін ашып, қойнауына енуге итермелейді. Тарих қатпарларының астырты да, үстірті де болады. Керей сайы аталуы тарихтың астыртын сырын ашып, сонау Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламалы заманнан суыртпақтан сыр тартуға жетелейді.

                Тарих ғылымының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбаевтың 1991 жылы 14 қаңтардағы «Жаркент өңірі» газетінде жарық көрген  «Айналайын» деген еңбегінде «Жоңғарға қарсы жан аямай күрескен Абылайдың серіктеріне Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Тарақты Байқозы, Балта-керей Тұрсынбай, Уақтан Баян, Албаннан Райымбек, Рүстем, Шоқантай (жауқашар) дей келіп, XVIII-ғасырдың 40 жылдарында Жоңғар хандығын төмпештеуде көзге түскен Абылайдың төмендегідей серіктері бар еді. Қосай, Байбарақ, Құттымет, Айтбай, Тиес, Ертіс, Бүйсенбай, Дәулет, Серікбай, Мырзакелді батыр Тоқарыстаннан өрбитін Орыстан (егізек) туған Ханкелді батырдың бірге туған ағасы екендігінде дау жоқ.

                Қ. С. Э - дағы жазылған жайларға жүгінсек, 1856 жылы ұлы жүздің Жалайыр, Албан, Дулат, Шапырашты, Ысты тайпалары Россия азаматтығын қабылдады дейді, ал мұнда ұлы жүздің бір бұтағы суан тайпасы айтылмады. Осыған қарағанда суандар Россияға қосылуға қарсы болуы мүмкін.

                Абылай мен Жолбарыс хандар бастап жоңғарлықтарға қарсы берілген қатты соққыға жоғарыдағы батырлар санатындағы Қаракерей Қабанбай, Ханкелді, Қанжығалы Бөгенбай, Мырзакелді, Сатай, Бөлек батырлар бастаған халық жастары Жоңғар хандығы мен Қоқан хандықтарының шапқыншылықтарынан ықпай оларды Жетісу жерінен аластаған. Сол кездегі үлкен бір шайқас осы Жаркент өңіріндегі Үйгентас - Белжайлауындағы Ордың бұлағы шатқалында болса керек. Сол ер басына күн туып, ауыздықпен су ішкен кер заманда атақты Қаракерей Қабанбай батырдың қолы жоғарыдағы айтылған Қарабастау, Келіншек сай атанған бұлаққа бекініс тепкен. Осы жайлау төсіндегі үлкен қырғында батырлардың мерейі үстем болып, Жоңғар хандығын талқан еткен. Ұлы жүз батырлары өздерінің үзеңгілес, тағдырлас батыры Қаракерей Қабанбайдың есімін ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру үшін өзінің бекініс еткен Кербастау мен Келіншек сайын Керей бұлағы немесе Керей сайы деп атаған. Біздің халықтың ата дәстүрінде туған жердегі тауларды, өзендерді, көлдерді, бұлақтарды өздерінің сүйікті ұлдары мен қыздарының есімімен атау тарихтың алғашқы парақтарынан-ақ басталған.

         

         Әдепхан Төреханұлы,

               ҚР   Жазушылар

 Одағының мүшесі.