САНАМЫЗға СӘУЛЕ, жанымызға АЗЫҚ СыйЛАҒАН...

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлтымыздың озық дәстүрлерінің ұлықталып, халқымыздың мәдениет пен өнер саласының жандануына мол септігін тигізді.  Президентіміздің бұл бастамасы көптеген ізгілікті іс-шаралардың орындалуына да ұйытқы болып келеді. Атап айтқанда, адамзаттың асыл қазынасы саналатын дінге қатысты мәселелері де назардан тыс қалмады. Дін – асқан сауаттылық пен терең зерттеуді қажет ететін сала. Сол себепті дінге атүсті қарауға болмайды. Әсіресе бүгінгідей діни  мәселелер   өршіп   тұрған кезеңде.

 

 

                Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Рухани жаңғыру мақаласының аясында былтырғы жылы «Рухани керуен» жобасы қолға алынып, өзінің жемісті нәтижесін көрсеткен болатын. Облыс әкімінің қолдауымен және облыстық Дін істері басқармасының бастамасымен халқымыздың дәстүрлі рухани мәдениетін және ұлттық тіліміздің, дініміздің ұлықталуын басты назарда ұстап, жас ұрпақ санасына Отанға деген асқақ махаббатты арттыруға бағытталған рухани керуен көші биыл да  өз   жұмысын  бастады. Облыс орталығынан     бастау алған керуен алғаш болып біздің киелі мекенімізге ат басын бұрды.

                Қыркүйек айының 11-і күні рухани керуен  ауданымыздағы Көктал ауылдық округінде болып, осы ауылдағы Көктал орта мектебінің акт залында  халықпен кездесу өткізіп,  жұмыстарын        бастады. Облыстан келген 30-ға жуық керуеншілермен кездесуге халық көптеп жиналды. Келелі кездесу тізгінін аудан әкімінің орынбасары Роза Мағрупова алып, залға жиналған халыққа облыс орталығынан келген керуеншілерді таныстырып өтті. Сондай-ақ Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан барлық реформалардың, ауқымды жобалардың, үндеулердің орындалуына аудан халқы жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс атқарып жатқандығын айтып өтті. Әсіресе рухани жаңғыру бастамасы еліміздің дамуына қомақты үлес қосатындығын, оны біздің аудан жұртшылығы түсініп, ата-бабамыздан қалған абзал дініміздің қашанда құрметтеліп, мәдениет пен салт-дүстүріміздің жаңғыруына үлес қосатындығын жеткізді. 

                Алғашқы сөз кезегі Алматы облысының Құрметті азаматы, Бикен Римова атындағы театрдың белді актрисасы, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан  Кенжебековаға берілді. Алмахан Нұрпейісқызы керуен көшінің жазиралы Жаркент жеріне келгендігіне асқан ризашылық сезімін білдіріп, Елбасының рухани жаңғыру мақаласы халықтың парасат-пайымының дамуына және рухани бай ұлт болатындығымызға себепші болатынын айтты.

                Бұдан кейінгі сөз кезегі әл-Фараби  университетінің   оқытушысы,  философия  ғылымының докторы Бағдат Бейсеновке берілді. Бағдат Қабылдаұлы  бұл керуен көші  жұртшылыққа елімізде атқарылып жатқан реформалар мен жаңа бағдарламаларды түсіндіріп қана қою емес, сол бастамаларда айтылған негізгі міндеттерді халық болып бірлесе атқару керек екенін, одан белгілі нәтиже шығарып, рухани кемелденіп сол арқылы ақылды да тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеуіміз керек екенін айтып өтті. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда ең өзекті болып отырған діни мәселелерге тоқтала келе, діни дәстүрді сақтау керектігін түсіндірді. Қазіргі таңда елімізде таралып жатқан кейбір діни теріс ағымдардың жетегіне ілеспей, ата-бабадан мирас болып жеткен ұлттық дінімізді қастерлеуіміз қажет екенін, теріс ағымдар бізді теріс жолға тартатынын нақты дәлелдермен айтып өтті.

                Облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары  Жұматай Әміреев сөз басын ақиық ақын Мұқағалидың «Әйелдер» өлеңімен бастап, бұл кездесудің ресми емес, халықпен емен-жарқын кездесу екенін айтып, Көктал жұртшылығын бір серпілтіп тастады.  Ал, Көктал  ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Тұрлығожаұлы келген қонақтарға алғыс  айтып, батасын берді.

                Кездесу соңы облыстан келген өнер майталмандарының  «Рухани мұра» атты концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Күмбірлеген қазақы күй мен өз нақышында орындалған қазақтың халық әндері кездесуге жиналған жұртшылықтың көңілін бір серпілтті. Осы кездесуде шырқалған дәстүрлі әндер мен халық күйлерінің құдіреті жиналғандарға мәдени азық пен рухани кемелдік сыйлағандай болды.

                Кездесуден кейін кереуеншілер Көктал ауылдық округінде орналасқан Мәдениет үйіне барып, мектеп оқушылары дайындаған қолөнер бұйымдарымен, кітап көрмесімен, діни тақырыпта жасалған көрмемен танысты.

              Ақмарал  ХАМЕТЖАНОВА .

 

Күнтізбе

« Қыркүйек 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

booked.net