Зияткерлік құқық туралы не білесіз?
- Толығырақ
- Жарияланды 06.12.2017 06:34
- Автор: Super User
- Категория: Әділет жаршысы
- Қаралды: 2989
Қазақстан дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мүшесі, сондықтан да зияткерлік еңбек – әрбір азаматтың жеке мүліктік құқығы, яғни, оның жеке меншігі. Зияткерлік меншікке адамзат ой-санасымен жасалған өнертабыстар, әдеби және драмалық туындылар, сондай - ақ, коммерциялық мақсатта пайдаланылатын таңбалар, атаулар және үлгілер жатады.
Оның өзі өнеркәсіптік меншік және авторлық құқық болып бөлінеді. Өнеркәсіптік меншікке патент берілетін өнертабыстар, селекциялық жетістіктер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар таңбалары мен атаулары енеді. Ал, авторлық құқық объектілеріне әдеби, ғылыми шығармалар, музыкалық, бейнелеу, мүсіндеу, графика, сәулет, фотосурет туындылары жатады. Сабақтас құқық объектілеріне қойылымдар, орындаулар, фонограммалар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының бағдарламалары кіреді. Автор дегеніміз - шығармашылық еңбегімен туынды жасаған жеке тұлға болса, авторлық құқық –автордың мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтары болып табылады. Зияткерлік меншік құқығы өзге де меншік құқықтары сияқты, авторға өз туындысынан немесе шығармашылық жұмысынан табыс табуына мүмкіндік береді. Бұл мәселе дүниежүзілік адам құқықтары декларациясының 27 бабында нақтыланған.
Дарынды адамдар шығармашылық қызметте табыстарға жеткенімен, көп жағдайда өз еңбегін қорғаудың заңды жолдарын біле бермейді. Біздің мақсат соны түсіндіру.Шығарма авторына жеке мүліктік емес және мүліктік (айрықша) құқықтар беріледі.Автордың жеке мүліктік емес құқықтарына автор деп тану, есімі аталу және беделін қорғау құқықтары жатады .Бұл құқықтардан айыру мүмкіндігі жоқ және оларды қорғауға шек қойылмайды. Мүліктік (айрықша) құқықтарға автордың өз еңбегін өз қалауы бойынша кез келген әдіспен және кез келген нысанда пайдалану құқығы жатады. Бұл құқықтар басқа адамдарға шарт бойынша берілуі мүмкін.
Мүліктік құқықтар мұрагерлік немесе құқық мирасқорлығы тәртібімен де ауысады.Автордың мүліктік құқығын иеленген адам белгіленген тәртіппен құқық иеленушіге айналады.
Зияткерлік меншік құқығын бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 158-бабына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 198, 199-баптарына сәйкес, жауапкершілікке тартылады. Заңбұзушылықтарды болдырмау мақсатында аудандық Әділет басқармасы мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және кәсіпкерлер арасында зияткерлік меншік саласына қатысты құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Заңды тұлғалар, кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары өкілдерімен де «дөңгелек үстел», семинарлар өткізіліп, дәрістер оқылуда.
Аудандық
Әділет басқармасы.