Құқық қорғау органдары академиясына түсуге іріктеу жалғасуда

2024-02-13


Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігі және Экономикалық тергеу қызметі құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін жандар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа  іріктеу  жариялады. Құқық қорғау органдары академиясына түсудің талаптары туралы Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің әкімшілік басқармасының басшысы Саматбек Нұрахметов  БАҚ  өкілдерімен  кездесуде мәлімдеді. 

 

Іріктеуге қатысу үшін үміткер тұрғылықты аймағына сәйкес онлайн-сауалнама толтыруы қажет. Анкетаны  қабылдау  аяқталғаннан  кейін 5  жұмыс күні ішінде Агенттіктің аумақтық бөлімшелері құжаттарды қабылдау және құзыреттілікті бағалауды ерікті түрде өтуге шақыру үшін кандидатпен байланысады.
«Іріктеуге қатысу үшін үміткерлерге тестілеуден, оның ішінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда жеке қасиеттерін бағалаудан өтуге және аумақтық бөлімшелерге тиісті құжаттарды беруге міндетті.
Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар: ҚР Азаматтығы, жасы 18 жасқа толған, бірақ 35 жастан аспаған, жоғары білімді болуы тиіс. Экономикалық тергеу қызметі функционалдық міндеттеріне криминалистикалық  және  арнайы зерттеулер  жүргізу,  анықтау,  ескерту, тергеуші немесе криминалист лауазымдарына кәсіптік даярлауды жариялап отыр», - деді Саматбек Нұрахметов.
Спикер сөз  барысында академияға түсуге мүмкіндігі жоқ тұлғаларды атап берді. Мәселен, бұрын сотталған не қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған, заңда  белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған, құқық бұзушылық жасап, сот тәртібімен әкімшілік жазаға тартылған жандар дарлыққа өтпейді.
Кезеңдік іріктеу бойынша ақпарат алу үшін, сондай-ақ, қосымша сұрақтар туындаған жағдайда кандидаттар Агенттіктің аумақтық бөлімшелерімен өз бетінше байланысуы қажет. Атап өтейік, іріктеу 2024 жылдың 25 ақпанына дейін жалғасады.

--