ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

01.02.2019ж

Рухани жаңғыруға байланысты еліміздің төл тарихын өзіміз саралау қолға алынды. Жазба деректер мен тарихи ақиқаттар негізінде көптеген құнды шығармалар дүниеге келуде.

     Солардың ішінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты монографиясының алатын орны ерекше. Осы еңбектің Дала өркениетіне арналған бөлігінде қазақты түркі әлемінің өзегі ретінде қарастырады.

    Тайпалық, рулық құрылымдардың қазақтың алтын діңгегі болып Алаштың Ұлы Көшінде өз міндетін атқарып келгендігі белгілі. Сол үшін кейінгі ұрпаққа аңыз әңгімелермен бірге нақты тарихи деректер де қалдырып отыруымыз керек. Ұланғайыр Даламыздың о шеті мен бұ шетін атқа мініп аралаған бабаларымыз халқының тұтастығын ойлап «қарға тамырлы» қазақ екенін шежіре етіп ұрпағына ауыз әдебиетімен таратқан. Түбі бір қазақ екендігін, бірін-бірі жатсынбай ағайын, туыс, бауыр, жекжат деп санамалап, кім-кімнен тарайтындығын таратып айтатын, түптеп, негіздеп беретін Шежіре арқылы сақтап келді.

    «Қазақ шежіресі - Қазақ халқының жадында сақталған рулық шежіреде бүгінгі қазақ баласының барлығы Қазақ атадан өсіп-өнген бір кісінің баласы екендігі айтылады. Мәселе ұлттық шежіренің ғылыми және тарихи танымдық зерделеу тұрғысынан қаншалықты нақтылығында емес, тегін іздеп тереңдеген сайын бүгінгі барлық қазақты бір кісінің (Қазақ атаның) баласы қылып шығаратын тұтастыққа негізделген, тайға таңба басқандай құрылымдық құндылығы мен сабақтастығында. Тірілер үшін керек кемеңгер жүйе. Тегін білген қазақтың бәрі туыс. Ру атаулары – бір кездегі әкелеріміздің аттары, есімдері.

    Қасиетті Құран Кәрімде:«Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық» (Құран Кәрім. Әл-Хужурат сүресі. 13 аят). Сондықтан әрбір адам өзінің шыққан тегін, елін білуі қажет. Рудың қазақ үшін аса қажет екенін мойындамай, оны жамандағанымыз, өзімізді дүниеге әкелген әкеміз бен шешемізді, одан арғы Аталарымыз бен Аналарымызды және ұлтымызды  мойындамағанымыз және жамандағанымыз. Бұлардың бәрі бөлінбейтін біртұтас дүниелер. Бұларды бөлшектеудің соңы құрдым.

    Аталарымыздың теңдесі жоқ асқан білімді, асқан дарынды, асқан ақылды, асқан батыр, асқан қолбасшы болғаны үшін неге мақтанбасқа?! Осындай асыл текті ұрпақты дүниеге әкелген, асыл текті ұлтымыз, асыл текті руымыз үшін неге мақтанбасқа?! Еске ұстайық! Ұлы Аталарымыз «Тектіден текті туады» деген мақалды бізге босқа қалдырып кеткен жоқ.

      Қара шаңырақ ұлы, негізгі, киелі, байырғы, мұрагер, бас шаңырақ деген ұғымдарды береді (т.с.с.). Ұлттық салт-санада қара шаңырақ ұғымы өте әділ шешімін тапқан. Мысалы: бір әкенің үш ұлы бар делік. Күндердің күнінде үлкен екі ұлын үйлендіріп, жеке отау тігіп бөлек шығарады. Ал кенже ұлы әке-шешесінің қолында, қарашаңырақ немесе бас шаңырақта қалады. Негізгі мұрагер кенже ұл болады. Атадан, әкеден қалған қара шаңыраққа мұрагер болғандықтан кенже ұлдың жасы кіші болса да, жолы үлкен болады. Ұлдық кенжелігін қара шаңыраққа берілген жол мен аманат толтырып, еселеп, теңестіріп тұрады. Сол шаңырақтан отау тігіп бөлек шыққан ұл-қыздары сәлем беріп, төркіндеп, амал айында көрісіп, ата-ананың бар кезінде де бірінші қара шаңыраққа келетін болады. Бұл – ата-бабасына және ұшқан ұясына деген құрмет. Туыстықты, қандастықты, бауырластықты баянды ету. Ұлттық тұрғыдан қарайтын болсақ, атамекенге, ата дәстүрге, ата салтқа, баба тарихқа деген құрмет. Ортақ ұлттық қағиданы мойындап, әрбір әрекетімізді бауырластық пен туыстыққа икемдеу. Олай болса ата дәстүрінің ауызша тарихын білу бүгінгі ұрпаққа аталар аманатын жеткізіп қана қоймай, келесі ұрпағының таза қанды, тарихы терең, зерделі ұрпақ болып өсуіне де көп көмегін тигізеді. Сол үшін де бабаларымыз: «Жеті атасын білген ұл − жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білмеген – жетесіздік белгісі», «Жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары», «Тегін білу тектілік», «Атасында көрмегенді ботасында көрген немесе көрмеген», «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны алады» деген тектес асыл сөздер қалдырған. Ендеше ата-текті бөліну үшін емес, тегімізді танып, бірігу үшін білуіміз қажет.

    Жаугершілік заманда ел басқаруға үлкен көмегін тигізген тайпалық, рулық дәстүр бүгінде құдаласу үшін ғана керек екенін бір тудың астындағы қазақ халқы жақсы түсінеді. Ата-баба жолымен жеті атаға дейін қыз алыспай, қанымызды таза сақтау үшін рулық үрдістің әлі де құны жоғары, өзіндік орны бар. Жастар осыны жақсы түсінуге тиіс.        Биылғы   «Жастар жылында» Елбасымыз жас өркенге үлкен сенім артып отыр. Қазақстанның болашағы үшін, халықтар татулығы үшін ғылым мен білімді, ана тілімен бірге ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгеріп, өркениет өріне шығады деп сенеді! «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын айтқандай Елбасымен бірге Қазақстан халқы да өз ұрпағына риясыз сенеді!

М.Илипов,

аудандық ішкі саясат бөлімінің

басшысы.