Мемлекеттік қызметшілер үшін заң күшейді

06.03.2020ж

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды  бағдарламасында сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жаңа тәсілдерді айтқан болатын.

 

Оның ішінде ол қол астындағы қызметкерлердің  жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін саяси мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін заңды түрде бекітуді тапсырды.

Президенттің көрсетілген тапсырмалары негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді.

        Осыдан кейін мемлекеттік қызметшілер үшін тәртіп күшейе түсті. Бұл заң 2019 жылдың 10 желтоқсанында қолданысқа енгізілген.

 Осылайша, қызметтен босату туралы міндет өткен жылдың 10 желтоқсанынан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған қызметкерлердің басшыларына және саяси қызметкерлерге қолданылады.

Мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткеннен кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған жағдайда отставкаға берілетін болады.

Бағынысты адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін мына жағдайларда қызметінен босатады:

Орталық мемлекеттік орган басшыларының орынбасарлары –  өзі жетекшілік ететін ведомствоның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған кезде.

Облыс, Республикалық маңызы бар қала немесе Астана әкімдері өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі жемқорлыққа қатысты құқық бұзған жағдайда.

Облыс, Республикалық маңызы бар қала немесе Астана әкімінің орынбасары – өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлыққа жол берсе.

Аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімдері өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмысын  жасауы қызметтен босатуына  негіз болып табылады.

аңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес, саяси қызметшілер соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде отставкаға береді.

Қазіргі таңда Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жоғарғы Сот, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп тиісті іс-қимыл алгоритмін әзірледі.

Мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және квазигоссектор субъектілеріне яғни, мекетеп директорлары мен бас дәрігерлер сынды  лауазымды тұлғаларға қатысты тоқтатылған қылмыстық істердің, заңды күшіне енген айыптау үкімдеріне мониторинг жүргізу алгоритм бойынша бекітілген.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар өзара іс-қимылдың осы тәртібі  бойынша жұмыс істеуде.

 

Анар САБЫРОВА