Еңсесі биік елорда

03.07.2020ж

Егемен еліміздің тарихында іргеміздің берік болып қалануы үшін көптеген маңызды шешімдер қабылданып, елеулі оқиғалар орын алған болатын. Сол маңызды оқиғалардың бірі - елордамыздың қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшірілуі.

 

            Бүгінде  астанамыздың  Нұр-Сұлтан қаласына көшірілгеніне 23 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде бас қаламыз адам танымастай құлпырып, көркейді. Қаланың экономикасы өсіп, халықтың әл-ауқаты артты. Ресми деректерге сүйенетін болсақ, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына көшірілмей тұрған кезде, яғни 1997 жылдың 1 қаңтарында астанамызда тұратын халық саны 277,1 мың адамды құраған екен. Ал қазір бас шаһарда тұратын халық саны 1 миллионнан асады. 23 жыл ішінде қала халқының саны 4 есеге өскен.

            Бас қаламыз күннен күнге көркейіп келе жатыр. Оған дәлел, 20 жылдың ішінде «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Бейбітшілік пен келісім сарайы», «Транспорт Тауэр», «Абу-Даби Плаза», «Меруертті мекен», «Солтүстік шұғыла» ТК, «Қазақстан Темір Жолы», «Гранд Алатау» секілді зәулім ғимараттардың бой көтеруі. Ал бұл ғимараттардан басқа, «Қазақ елі» монументі мен «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының орны тым ерекше. Әрине, бұның бәрі - әуелі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі.

            Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында, осы уақытқа дейін бас шаһарда түрлі халықаралық маңызы бар біршама іс-шаралар өтті. Солардың ішінде ең маңыздылары – «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, ЕҚЫҰ Саммиті мен VII Қысқы Азия ойындары. Бұл іс-шаралардың барлығының Нұр-Сұлтан қаласында өтуі біз үшін зор мақтаныш еді. Сондай-ақ, 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Нұр-Сұлтанға «Бейбітшілік қаласы» деген атақтың берілуі де еліміз үшін үлкен мәртебе болды.

            Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әлемдік маңызы бар алып шаһарлардың қатарынан көрініп келеді. Елбасының ерен еңбегі, Президентіміздің сарабдал саясаты мен халық қолдауының нәтижесінде, бас шаһарымыздың әлі де көркейе берері сөзсіз. Ең бастысы, еліміздің жүрегі Елордамыз өсе берсін, өрлей берсін,  өркендей  берсін!

Балерке Кеңесбай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

журналистика  факультетінің

 3 курс студенті.