Мемлекет басшысының Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуі

21.10.2020ж

Құрметті отандастар!
Мен Парламент Мә­жі­лісі депу­таттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Ор­та­лық сайлау ко­мис­сиясының қаулысымен бар­лық деңгейдегі мәслихат депу­тат­тарының сайлауы тағайын­далады.

Алдағы сайлау конс­ти­туциялық мер­зімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаң­тарында өтеді. Барлық саяси партия­лардың бұл сайлау науқанына қаты­суға дайындалуына, сайлау алдындағы плат­формасын әзірлеуіне, партиялық инфра­құ­рылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды.
Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заң­дылығын, ашықтығын жә­не әділдігін сақтау үшін тұ­рақ­ты бақылау жүргізіп отырады.
Жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппар­тия­лықты дамыту және елі­міз­дің қоғамдық-саяси өміріне аза­маттардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабыл­данды.
Бірінші. «Қазақстан Респуб­ли­­ка­сының Парламенті және оның депу­тат­тарының мәртебесі туралы» конс­титуциялық заң­ға және «Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Парламентінің коми­теттері мен комиссиялары туралы» заңға түзе­тулер енгізу арқылы парламенттік оппози­ция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толық­тырулар жасалды.
Енді Парламент Мәжілісі тұ­рақты комитеттерінің бір төр­ағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.
Сонымен қатар парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тың­дау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сон­дай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.
Бұдан бөлек, саяси партиялар фрак­цияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бір­лескен отырыстарында, Пар­ла­мент Мәжілісінің пленар­лық отырыстарында, тұрақты коми­теттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.
Екінші. «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сындағы сайлау тура­лы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжі­рибемізде алғаш рет партия­лық тізімге әйелдер мен жас­тар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парла­ментке және жергілікті өкілді орган­дарға әйелдер мен жастар­ды тартудың тиімді жолы ретін­де олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.
Үшінші. Алдағы мәсли­хат­тар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойын­ша өтеді. Пропорционалды модель әлем­дік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады.
Бұл жаңа бастамалар пар­тия­ларға еліміздің саяси жүйе­сін­дегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
* * *
Коронавирус пандемиясы сал­дарынан туындаған күрде­лі экономикалық дағдарыс көп­те­ген елді қамтыды, сондай-ақ бүкіл әлемдік экономикаға кері әсер етті.
Қазіргі күрделі кезеңде Қазақ­станның алдында дағдарысқа қарсы тиімді шаралар қабылдау, орнықты экономикалық дамуды және азаматтарымыздың әлеу­меттік игілігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр.
Осы басымдықтар жөнінде менің Қазақстан халқына арна­ған Жолдауымда айтылды.
Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді.
Алдағы сайлау еліміздің сая­си жүйесін жаңартуды қамта­­масыз ететін саяси институт­тарды дәйекті түрде демокра­тия­ландыруға және жаңғыртуға Қазақ­станның аса ықыласты еке­нін тағы да бір дәлелдейтін болады.
Біздің ортақ миссиямыз – Қазақ­станды өркендету, азамат­та­рымыздың игілігі үшін қыз­мет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жа­ғадан бас шығара білді. Халқы­мыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайық­ты атқарады деп сенемін. Тәуел­сіз­діктің 30 жылдығы қарсаң­ында еліміз кемелдене түсіп, да­мудың жаңа кезеңіне шығаты­нымыз анық.
Мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын таны­туға, Парла­мент Мәжілісінің және мәс­ли­хаттардың алдағы сайлауына ұйым­шылдықпен қатысуға шақырамын.
21 қазан 2020 жыл.

Күнтізбе

« Қараша 2020 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net

  • Материалды қарау саны : 1491368