Алтынкөлге «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы келді

Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігінің  25  жылдығы   қарсаңында «Тәуелсіз Қазақстан поезы» республикалық акциясы өткізілуде. Алтыншы желтоқсан күні «Тәуелсіз Қазақстан поезы» алғашқы сапарын Жаркент  өңірінен  бастады.

 

                Астанадан Алтынкөл стансасына жеткен поезды аудан тұрғындарымен бірге аудан басшылары және теміржолшылар жылы шыраймен қарсы алды. Ауданымыздағы танымал ақын Қанатбек  Шаяхметов қонақтарды жырдан  шашу шашып, қарсы алды. Нан-тұз ұсынылып, әжелер шашу шашты. Одан кейін салтанатты митинг өткізіліп, аудан әкімі Бердәулет  Абдулдаев келген қонақтарға ауданымыздың экономикасы мен мәдениеті туралы қысқаша баяндады.Сондай-ақ  Алтынкөл  стансасына ат басын тіреген акцияға қатысушыларға шынайы  ризашылығын  білдіріп, олардың  сапарларына сәттілік  тіледі.

                Елбасының сындарлы саясатының арқасында өркендеп, дамып келе  жатқан Отанымыздың «шығыс қақпасы» атанған жазиралы Жаркент  жерінің азаматтары тату-тәтті еңбек етіп, ел экономикасын көтеруге өзіндік үлесін қосып жүргендігі жөнінде де айтты.

                «Тәуелсіз Қазақстан поезы» республикалық акциясын  басқарып келген тарих  ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Әміржан Әлпеисов сөз алып, бұл акцияның мақсаты мен маңызы туралы айтты.

                2016 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында бұл поез Панфилов, Ақсу, Кербұлақ, Қаратал, Алакөл аудандары мен Қапшағай, Талдықорған қалаларында және 7 теміржол бекетінде болатыны жөнінде хабардар етті.    

                Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйғаруы бойынша елмен етене араласып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және алыс аймақтардағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету арқылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын қарсы алмақ. Осындай 9 поезд Қазақстан аумағын аралай бастады-дейді поез штабының басшысы Ә.Әлпеисов.

                Салтанатты митингіде қоғам қайраткері, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек  Жақиянов, Социалистік  Еңбек  Ері   Күләш   Айтжанова,   Қазақстан          халқы   Ассамблеясының  мүшесі Р.Тохтахунов сөз алып, ізгі тілектерін  білдірді. Көркемөнерпаздардың  өнерлері тамашаланды.

                Акцияға қатысушылар Нұркент қалашығындағы орта мектептің акт залында көпшілікпен кездесу өткізді. Тұрғындарды  жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, медицина саласының қызметкерлері түрлі науқастарды  қабылдап, дәрігерлік көмектерін аямады.

                Кездесу кезінде «Тәуелсіз Қазақстан поезы» республикалық акциясын басқарып келген поез штабының басшысы Ә.Әлпеисов «Ұлы дала елі» және «Мәңгілік ел» жөнінде тұщымды ойларын айтып, тарихи  шындықтар   туралы баяндады.

                Кездесуді Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай  ашып,  жүргізіп  отырды. Ұлттар достығы туралы  ой толғаған Ғ.Тұрсынбай ауданымызда ұлттар мен ұлыстардың татулығын жақсы білетіндігін айтып, бірлік бар жерде барлық жақсылық болатыны жөнінде ой түйді.

                Акт залында өткен кездесуде аудан тұрғындары атынан зейнеткер Р.Надырова  сөз алып, еліміздің дамыған 30 елдің қатарынан көрінуі үшін жастар алғыр, білімді, Отанымыздың патриоты болулары  керектігін  алға  тартты.

                Штаб басшысы Ә.Әлпеисов Нұркент  қалашығындағы орта мектептің директоры Марат Жекебаевқа мектеп кітапханасына қою үшін әкелген кітаптарын сыйлады. Кездесу соңында аудан көркемөнерпаздарының «Тәуелсіз Қазақтан поезы»    республикалық      акциясы кеш батқанша  белгіленген         жоспар  бойынша  жұмыс  жүргізді.

                Акцияға аудан әкімідігі мен Мәслихат депутаттары, қала, ауылдық округ әкімдері, зейнеткерлер мен жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар, мектеп директорлары, этномәдени орталықтарының өкілдері мен тұрғындар қатысты.

                                     

  Ж. Бейсебек.